Главная Новости Еңбек адамына барлық жағдай жасалады
11 желтоқсан 2018, 10:26 5149

Еңбек адамына барлық жағдай жасалады

Еңбек адамына барлық жағдай жасалады

Атырау облысындағы экономикалық кіріс пен әлеуметтік саланы қатар өрбіткен шежірелі Ембі өндірісінде қарапайым еңбек адамының әлеуетін арттыру мақсатында тың бастамалар қолға алынуда. Осы орайда «Ембімұнайгаз» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Сәлімжан Нақпаевпен сұхбат құрудың сәті түсті.

Елбасы өзінің биылғы Жолдауында келесі жылды «Жастар жылы» деп жариялауды тапсырды. Бұл – жастарға, жас отбасыларға жасалып отырған үлкен мүмкіндік. Осы орайда, «Ембімұнайгаз» АҚ білікті, талантты жас мамандарды қолдау мақсатында қандай шараларды жүзеге асырып жатыр? Сұхбатымызды осы  мәселеден бастасақ.

 Бүгінгі таңда «Ембімұнайгаз» АҚ-да 5 мыңнан астам адам еңбек етеді.    Олардың орташа жас мөлшері 44,3 жасты құраса, оның – 15  пайызы жастар. 2018 жылдың 1 қазанындағы мәлімет бойынша, Компанияда еңбек етіп жатқан 800-ге тарта мұнайшы – 33 жасқа дейінгі мамандар.

Ғасырдан астам уақыт бойы жер қойнауын игеріп келе жатқан Компания басшылығы үшін  өндірісті дарынды, білімді жас мамандармен қамту өзекті мәселенің бірі саналады. Сол арқылы тарихын тереңнен алатын байырғы кәсіпорынның екінші тынысын ашу көзделуде. Өздеріңіз  жақсы білесіздер,  біздің қоғамда  жоғары білімді жастардың мамандықтары бойынша жұмысқа орналасуларында кедергілер бар. Біздің Компания осы жайтты ескере отырып, тың жобаны іске қосты. 2015 жылдан бастап Ембі өндірісінде «Дуалдық оқыту» бағдарламасы күшіне енді.   

   «Ембімұнайгаз» АҚ осы бағдарлама бойынша Атырау мұнай-газ университеті мен АПЕК Петротехник жоғарғы техникалық колледжі және ағымдағы жылдан бастап Уфа мемлекеттік мұнай-техникалық университетінің студенттерімен тығыз байланыс орнатып отыр. Бағдарлама аясында студенттер тәжірибе мен теорияны шебер ұштастырып, Ембінің өндіріс алаңдарында тәжірибе жинақтауға мүмкіндік алуда. Олар 14 күн ауысымдық әдіспен өндірістік тәжірибеден өтсе, келесі 14 күн бойы білім ордаларында теориялық білімдерін жалғастырады. 2015-2018 жылдар аралығында «Дуалдық оқыту» бағдарламасы арқылы 74 студент жұмысшы мамандықтары бойынша оқып, тестілік сынақтың қорытындысы бойынша үздік деп танылған 35 студент компанияға жұмысқа қабылданды. 43 студент бүгінгі таңда жұмысшы мамандығы бойынша оқуларын жалғастыруда. Бағдарлама бойынша барлық шығын: студенттердің арнаулы киіммен, жатын орынмен, тамақпен қамтылуы және оларға төленетін ай сайынғы шәкіртақы төлемдері Компания бюджеті есебінен жүзеге асуда. Біз бұл орайда еліміздің мұнай-газ саласына маманданған кәсіпорындардың арасынан алғашқы болып осындай маңызды жобаны қолға алғанымызды мақтанышпен айтамыз. Мұның барлығы – жас мамандарға жасалып жатқан үлкен қамқорлық.

Компания жас мамандарға қамқорлық жасаумен қатар, Ембі өндірісінің қалыптасып, дамуында өзіндік үлесі бар мұнайшылардың әлеуметтік жағдайын жақсарта түсу шараларын өзекті санайтыны  белгілі. Осы жөнінде тереңірек айтып өтсеңіз.

Иә,   Компания басшылығы өз қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсартуды үнемі назарда ұстап келеді. Мұнай-газ саласы ауыр жұмыс санатына  жатады. Үнемі ауыр жұмыста жүретін адамның денсаулығы да сыр беретіні даусыз. Осы жағдайларды ескерген Компания басшылығы «Мерзімінен бұрын зейнеткерлік демалысқа шығу» бағдарламасын іске қосты. 2014 жылдың сәуір айынан қолданыста жүрген бағдарлама бойынша 55 жасқа келген әйелдер мен 60 жасқа толған ерлер мерзімінен бұрын зейнеткерлік демалысқа шығып, оларға ай сайын жалақысының 60%-ын зейнеткерлік жасқа толғанға дейін алып отыру көзделген болатын. Өткен жылы еліміздің зейнеткерлік демалысқа шығу жүйесіне енгізілген кейбір өзгерістерге байланысты Компанияның аталған бағдарламасының да талаптары өзгерді: енді мұнайшы әйелдер зейнеткерлік жасқа толуға 3 жыл қалған уақытына зейнеткерлік демалысқа шығуға ынта білдірсе, олар айлық жалақысының 48-50 пайызын 3 жыл уақыт бойы ала алады, ал, басқа өндірістегі  ұңғымаларды жерасты жөндеу операторлары мен машинистері, көлік жүргізушілер, электр дәнекерлеушілер сияқты ауыр еңбек түріне жататын мамандықтарда еңбек ететін жұмысшыларға бұл жеңілдіктер 58 жастан  бастап тиесілі. Нәтижесінде, ауыр жұмыс орындарда еңбек ететін жұмысшылар 5 жыл бойы жалақысының 48-50 пайызын ай сайын алып отырады. 2014-2018 жылдар аралығында 224 адам «Мерзімінен бұрын зейнеткерлік демалысқа шығу» бағдарламасы бойынша уақытынан бұрын зейнеткерлік демалысқа шықты. Ал, олардың орындарын жас мамандар алмастырды. Бұл орайда, компания басшылығы екі мәселені тиімді шешіп отыр. Біріншіден, қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсарту жүзеге асса, екіншіден, өндіріс талантты, білімді жас мамандармен толығады. Заман талабы бір орында тұрмайды, өндірісті жаңа техникамен, технологиямен қамту өзекті саналса, тың бастамаларды дереу іске қосатын талантты жастар екені даусыз.

Сонымен қатар, жұмыс беруші мен жұмыскердің арасында бекітілген «Ұжымдық шарт» талаптары бойынша компания өз қызметкерлерін  материалдық көмектермен қамтып отыр. Мұнайшыларға кезекті еңбек демалысқа шығар алдында, мерейлі жасқа толғанда, сәби дүниеге келгенде, зейнеткерлік демалысқа шыққанда, бала күтімі кезінде, ағайындары қайтыс болған жағдайларда компания тарапынан материалдық көмектер тиесілі.  Ұжым мүшелеріне жылына бір рет шипажайларда демалу үшін 250 000 теңге, ал, мұнайшы балаларының жазғы демалыстары үшін 150 000 теңге көлемінде әлеуметтік көмектер ұйымдастырылады. Ал, Компания зейнеткерлерінің шипажайларда емдік демалысын ұйымдастыру үшін олардың есепшотына жыл сайын бір рет 150 000 теңге аударылады. 

Ал, отандық мұнай өндіруші компания, мұнайлы өңірдің инфрақұрылымын дамытуға қандай үлесін қосып отыр?  

Компания өнім өндірумен қатар, жер қойнауын пайдаланушы компания ретінде ел қазынасына жыл сайын қомақты қаражат аударып отыр. Дәлірек айтсам, әлеуметтік  жағынан аз қамтылған тұрғындардың тұрмыстық жағдайын жақсарту және аймақтың инфрақұрылымын дамыту мақсатында республикалық, облыстық бюджетке салық төлемдерін аударады. «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғам ретінде дербестігін алған 2012 жылдан бастап, 2018 жылдың 6 айлық қорытындысында салық төлемдері ретінде республикалық және жергілікті бюджетке 833 млрд теңгеден астам  және аймақтың инфрақұрылымының дамуына 4,3 млрд теңгеден астам қаражат аударды.

Нақты облыс бюджетіне көрсетіп отырған көмекке тоқталсам, 2017 жылы облыстық бюджетке 10 млрд 440 млн теңге, 2018 жылдың 9 айлық қорытындысында 7 млрд теңге қаражат бөлінген. Бұл қаражаттарға облыс аумағында әлеуметтік нысандар салынып, олар бүгінгі таңда жергілікті халықтың игілігіне қызмет көрсетуде.

Сұхбат барысында компания үшін басты қағида - қарапайым еңбек адамының жағдайы деген ойды анық байқаттыңыз. Ембілік өндіріс алаңдары әлеуметтік нысандармен толықтай қамтылып, бүгінде оларды жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Осы жөнінде тарқатсаңыз...

Бүгінде Компания тек өндірістік секторда ғана емес, әлеуметтік салада да пилоттық жобаларды іске қосып отыр. Әлеуметтік нысандарды жаңғырту жұмыстарын батыл қолға алуда. Осы мақсатта арнайы бағдарлама бекітіліп, күшіне енді, қаражат бөлінді. 2017 жылы Компанияға қарасты «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасы (Исатай ауданы) мен «Жылыоймұнайгаз»  мұнай-газ өндіру басқармасының (Жылыой ауданы) әлеуметтік нысандарын жаңғырту мақсатында мұнайшылар жатақханасының жиһаздары, тұрмыстық техника, спорт жабдықтары, төсек-орын, мобильдік вагондар сатып алынды. Ағымдағы жылы аталмыш бағдарламаның екінші кезеңінде «Доссормұнайгаз», «Қайнармұнайгаз», «Ембімұнайэнерго» мен «ӨТҚжЖК» басқармалары үшін қосымша қаражат бөлінді. Мұнайшылардың тұрмыстық-жағдайын көтеруді мақсат еткен Компания биыл «Қайнармұнайгаз» басқармасының Кенбай кен алаңында 100 орындық жатақхана, «Жылыоймұнайгаз» басқармасының  Қисымбай кенішінде 50 орындық асхана, «Жайықмұнайгаз» басқармасына қарасты С.Балғымбаев кен алаңында 150 орындық мұнайшылар асханасын іске қосты. Мұнайшылар заман талабына сай жабдықталған жатын орынмен, асханамен толықтай қамтылды. Ендігі мақсат – мұнайшылардың тамақтану жүйесіне өзгерістер енгізу. Нақтылайтын болсам, «Термостық тамақтану жүйесі» пилоттық жобасы жасақталынуда.

Сонда бұл – қандай жоба?

Ембі өңіріндегі шағын кеніштердің (шағын ұжым) жұмысшылары орталықтағы асханаға келіп тамақтанып жүр. Демек, мұнайшыларды орталыққа тасымалдау үшін арнайы көлік бөлінген. Өздеріңіз білесіздер, жол қатынасы бар жерде, қауіпсіздік шараларын сақтау проблемасы туындайтыны белгілі. Шағын кеніштердегі түнгі ауысымда еңбек ететін  жұмысшылар үшін құрғақ тамақ (сухой паек – ред.) жеткізілетін. Енді термостық тамақтану жүйесі бойынша мұнайшылар үнемі ыстық тағаммен қамтылады. Бұл орайда, тамақты таситын арнайы ыдыстар алынып жатыр. Бұл ыдыстар білгілі мерзімге дейін тамақ сапасының сақталуына мүмкіндік береді. Осы арқылы біз екі мәселені оңтайлы шешеміз. Біріншіден, жол қауіпсіздігі, тасымал мәселесі шешімін тапса, екіншіден, түнгі ауысымда еңбек ететін мұнайшылар құрғақ тамақтың орнына ыстық, әрі сапалы тағаммен қамтылады. Бұл жоба өңіріміздегі шетелдік компанияларда жүзеге асып, тиімділігін көрсетті.

2019 жылғы қолданысқа енетін аталмыш жоба биылдың өзінде «Жайықмұнайгаз» МГӨБ-на қарасты 20 адам еңбек ететін Гран кен алаңында сынақ ретінде өз жұмысын бастап кетті.

Шетелдік компаниялар демекші, жұмысын жетілдіру, тәжірибе алмасу мақсатында ірі кәсіпорындармен байланыс орнатылған ба?

Бұл – өте маңызды сұрақ. Компанияның ұстанған басты қағидасы – жұмысқа кеткен әр қызметкер отбасына аман-есен оралуы керек. Осы бағытта оларды ірі компаниялардың қызметтерімен таныстыра бастадық. Мәселен, жуырда «Ембімұнайгаздың» бір топ қызметкері Теңіз кенішінде болып, мұндағы жатақхана, тамақтану, қауіпсіздік қызметі, жұмысшылар тасымалы, басқа да бағыттағы қызметімен танысты. Кейін біріккен семинар өтіп, ашық пікір алмасу алаңы жасақталды. Қызметкерлеріміз «Теңізшевройл» ЖШС өкілдеріне сұрақтар қойып, тұшымды жауаптар алынды. Осы үрдісті әрі қарай жалғау мақсатында «NCOC», «Қарашығанақ Петролеум» компанияларымен іскерлік байланыс орнатудамыз.   

Әрине, мұнай-газ секторына маманданған отандық компания қызметінің негізгі бағыты – өндіріс саласы. Өндірістің жаңа техникамен, технологиямен қамтылуы – өзекті жайт. Десек те, қарапайым еңбек адамының жағдайы ұдайы назарда ұсталынады. Әлеуметтік проблемалар оңтайлы шешілген ұжымда ғана табысты еңбек орын алады. Осыны ескерген Компания басшылығы қарапайым еңбек адамының қауіпсіз ортада алаңсыз еңбек етуіне барлық жағдайды жасап отыр. Өндіріс пен әлеуметтік саладағы жаңғырту жұмыстары ұдайы жалғаса беретініне  сенімдіміз.

Сұхбатыңызға рахмет! Еңбектеріңіз жемісті болсын!

Ғалия ҚАРАЖАНОВА

Еще больше новостей на нашем telegram-канале , подписывайся и будь в курсе!
АРХИВ ЖУРНАЛОВ SKNEWS

Смотрите также

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Астана, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: