Хотите получать уведомления в браузере о последних изменениях на сайте SKNEWS.kz
«Қаражанбасмұнай» АҚ ұжымы Бас директордың кадр және әлеуметтік жұмыс жөніндегі орынбасары Рзаханов Асқар Киікбайұлын құрметті зейнет демалысына шығарып салды. ҚБМ Басқармасы оған компания өміріндегі адал еңбегі мен өз міндеттерін кәсіби деңгейде атқарғаны үшін алғыс айтты. Сондай-ақ, дәстүр бойынша құрмет көрсетіп, қазақтың ұлттық шапанын сыйға тартты.
Асқар Рзаханов мұнай саласымен қатар, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосты. Еңбек жолын сексенінші жылдары Маңғышлақ барлау-бұрғылау басқармасы комсомол комитетінің хатшысы болып бастаған. Кейін жоғары мемлекеттік лауазымдарда жұмыс істеді, сондай-ақ аймақтың ірі мұнай кәсіпорындарының басшылығы құрамында болды. Асқар Киікбайұлы ҚБМ-да соңғы екі жыл бойы жұмыс істеп, үлкен ұжымның ажырамас бөлігі, дана тәлімгер және көреген басқарушы бола алды.
«Қызметтегі жылдары сіз облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына, соның ішінде Маңғыстау мұнайын игеру саласына елеулі үлес қостыңыз. Сізді жерлестеріңіз бүкіл өмірін туған өлкенің дамуына арнаған сауатты басшы, іскер ұйымдастырушы ретінде жақсы біледі және жоғары бағалайды. Бүгіннен бастап сіз көп жылдық еңбегіңіздің жемісін көресіз. Сізге зор денсаулық пен амандық тілейміз» - деп атап өтті ҚБМ Басқармасы.
«ҚазМұнайГаз» ҰҚ» АҚ Басқарма төрағасы Алик Айдарбаев та «Қаражанбасмұнай» АҚ Бас директорының кадр және әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Асқар Рзахановты зейнет демалысына шығуымен құттықтады. ҚМГ Басқарма басшысының құттықтауын Әлеуметтік саясат және ішкі коммуникациялар басқармасының басшысы Еркін Рахымбергенов табыс етті. Сондай-ақ қазақы дәстүрмен шапан жапты.
«Біз Сізді саналы ғұмырын еліміздің өркендеуіне, мұнай-газ өнеркәсібінің дамуына да елеулі үлес қосқан азамат ретінде білеміз. Елеулі еңбегіңізбен елдің ыстық ықыласы мен құрметіне бөлендіңіз. Еліміздің келешегі өзіңіздей кәсібіне адал және оны мінсіз, сапалы атқара білетін мамандармен нығая түспек. Алдағы уақытта да алғыс пен ризашылыққа бөлене беріңіз. Сізге зор денсаулық, баянды бақыт, ұзақ ғұмыр, отбасыңызға ырыс-береке тілеймін», - делінген құттықтауда.
Білікті басшыны құрметті демалысқа шығарып салған ҚБМ Басқармасы бас директордың кадр және әлеуметтік мәселелер жөніндегі жаңа орынбасарын таныстырды. Ол компания игілігі үшін алдыңғы буынның абыройлы қызметін жалғастыратын – Қабылов Оңғар Жолдыбайұлы. Бұған дейін ол Қаражанбас өндірістік басқармасының директоры қызметін атқарды. Компанияда 30 жылдық еңбек өтілі бар. Айта кету керек, Оңғар Қабылов өз міндетіне ресми түрде 2022 жылдың жылдың 9 наурызынан бастап кіріседі.