Главная Новости Энергетик-мұнайқұбыршылар әулеті туралы не білеміз?
19 қазан 2018, 09:04 2884

Энергетик-мұнайқұбыршылар әулеті туралы не білеміз?

Энергетик-мұнайқұбыршылар әулеті туралы не білеміз? Сурет: "ҚазТрансОйл" АҚ баспасөз қызметі

Жұбаналиевтер шаңырағын энергетик-мұнайқұбыршылар әулетінің іргетасын қалағандар десе болады. Әулеттің бастауындағы ҚР магистральдық құбыр көлігінің құрметті қызметкері Тілекқабыл Жұбаналиев 1977 жылы әйгілі мұнайқұбыршы Саркис Снхчянмен еңбек жолын бірге бастағанын мақтан тұтады.

Бастапқыда жоғары білімді инженер-энергетикті 1-разрядты электрик қызметіне қабылдайды. Оған білікті жас қаймыққан жоқ. Айналдырған үш ай мерзімде 4-разрядты электрик дәрежесіне көтерілді. 70-ші жылдардың аяғында мұнай құбыры бойын электрлендіру қарқын алған. Барлық мұнай айдау станцияларын автоматтандыру жүргізілді. Маңғышылақта Бозашы кен орны ашылды. Қаламқас-Қаражамбас -Ақтау мұнай құбыры салынды. Осы құбыр бойын электрлендіруде Тілекқабыл Жұбаналиевтің де ізі мен үлесі бар екенін атап өткен жөн.

1986 жылы Астрахань-Маңғышлақ су құбыры іске қосылғанда энергетиктерден бастап, Қиғаштан Маңғыстауға дейінгі аралықтағы су станцияларының бас-қасында күн-түн демей еңбек етті. Магистральдық құбыр бойында тәжірибе жинады, энергетиктердің мұнайқұбыршыға етене араласта байланысты екенін дәлелдеді. Тәуелсіздік жылдары мұнай тасымалы саласында ұлттық кадрлар қатарында болып, Өзен-Атырау-Самара магистральдық мұнай құбырының үздіксіз қызмет атқаруына атсалысты. Жаңа энергетиктер буынын қалыптастыруға үлесін қосты. Білгір маман 2009 жылы «ҚазТрансОйл» АҚ Батыс филиалына бас энергетик қызметіне тағайындалды. Осы кезеңде батыс өңіріндегі барлық мұнай құбыры басқармалары мен мұнай айдау станцияларында энергетик мамандардың біліктілігін арттыруға күш салды. Өзара тәжірибе алмасты. Себебі, мұнай құбырының қалтқысыз қызметі энергетиктердің білігі мен кез келген жағдайда әрекет етуге дайын болатын машығына байланысты болатын. 2014 жылы зейнетке шыққанға дейін, мұнай тасымалындағы 37 жыл еңбегі зая кеткен жоқ. Артынан ерген шәкірттерін тәрбиеледі, өз ұрпағын да мұнайқұбыршылыққа баулыды. Айтқандай, кейіпкеріміз жұбайы Ғалия Қапуовамен осы салада танысты. Орталық химиялық зертханасының лаборанты болып істейтін жары әйгілі мұнайқұбыршы Шапағат Қапуовтың қызы болатын. 

Тілекқабыл Жұбаналиевтің ұлы Эльдардың да мамандығы инженер-энергетик. 2002 жылы Атырау мұнай құбыры басқармасының электр-химиялық қорғаныс және жоғары кернеулі желілер учаскесіне электрик болып қабылданды. Жолын жалғастырушы ұлына еңбек жолын жұмысшыдан бастауды әкесі ұйғарған. Себебі, істің барлық түйіні төменде боларын ол әлімсақтан санасына түйген-ді. Электрик болып бастаған Э.Жұбаналиев те әкесінің соқпағымен өтіп, бүгінде белді энергетиктер қатарында. Т.Қасымов атындағы мұнай айдау станциясында жетекші инженер-энергетик қызметін атқарады.

Эльдардан соң энергетиктер сапына інісі Әнуар Жұбаналиев қосылды. 2008 жылы мұнай тасымалдау саласына жұмысқа алынған оның да тәжірибесі он жылдың үстіне шығыпты. Бүгінде Атырау мұнай құбыры басқармасының электр-химиялық қорғаныс және жоғары кернеулі желілер учаскесінің электригі. Жоғары білімді энергетик мамандығының қыр-сырына әбден машыққан. Инженер-техникалық құрамның резервіне алынған.

Үй ішінде бас қосқанда алдымен Тілекқабыл Жұбаналиев жолын жалғастырушылармен шахмат ойнауға  отырады.

«Шахмат адамды жылдам ойлауға, шешім қабылдауға үйретеді. Логика дамиды. Дүниетаным кеңейеді. Сондай-ақ, бәріміз бірігіп бильярд ойнаймыз. Оның да ойлау қабілеті мен жедел қимылға әсері мол», - дейді ақсақал.

Осылайша, мұнайқұбыршылардың энергетиктер әулетін бастаған Т.Жұбаналиев өткеніне өкінбейді, болашақтан үмітті. Бүгінде Алматыдағы Қазақ-Британ техникалық университетінде энергетиканы меңгеріп жатқан немересі Жанарыс Эльдарұлына сенім артады. Оның да мұнайқұбыршы әулетінің үшінші буынын жалғастыруына күн алыс емес.

 

 

Нұрлыбек ҒИЗАТОВ     

Еще больше новостей на нашем telegram-канале , подписывайся и будь в курсе!
АРХИВ ЖУРНАЛОВ SKNEWS

Смотрите также

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Астана, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: