Хотите получать уведомления в браузере о последних изменениях на сайте SKNEWS.kz
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні отандық FlyArystan лоукостері Нұр-Сұлтан–Түркістан–Нұр-Сұлтан бағытында алғашқы болып жолаушылар рейсін орындады. Түркістанда Air Astana компаниялар тобының президенті Питер Фостер, Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Арман Жетпісбай, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев, YDA холдингінің төрағасы Хусейн Арслан мен төрағаның орынбасары Жүнейт Арслан еліміздегі жаңа халықаралық әуежайға әуе сапарлары басталғанын айшықтап, салтанатты түрде қызыл таспаны қиды.
«Түркістан – Қазақстанның рухани астанасы, мұнда жыл сайын мыңдаған турист тәу етіп келеді. Жаңа әуе айлағы ашылып, FlyArystan тікелей рейстері іске қосылған соң, Қожа Ахмет Яссауи кесенесі, Арыстан баб кесенесі, Ақ мешіт үңгірі, Отырар қаласынын орны, Қара үңгір сарқырамасы сынды Ұлы Жібек жолының тарихи жәдігерлері мен Түркістан облысының өзге де көрікті жерлерін тамашалауға келу оңайырақ бола түспек. Туристер Қазақстанға көбірек келсе, Қазақстанның көз тоймас табиғатын тамашаласа дейміз», – деді Air Astana компаниялар тобының президенті Питер Фостер.
Нұр-Сұлтаннан Түркістанға ұшып бару бағасы 6999 теңгеден басталады. FlyArystan тұрақты рейстері аптасына екі рет, сейсенбі мен жұмада орындалады. Ал Алматыдан тікелей рейстер 5 желтоқсанда ашылады. Дүйсенбі және сенбіде ұшатын рейске бір бағыттағы билет бағасы 5999 теңгеден басталады.
«FlyArystan әуекомпаниясын және алғашқы жолаушыларды Түркістан халықаралық әуежайында қарсы алғанымызға қуаныштымыз. Түркістан халықаралық әуежайы 11 айда салынды. Бұл – рекорд. Әуежай – YDA тобы Қазақстан аумағында табысты жүзеге асырған екінші жоба. 2007 жылы компаниямыз Ақтау қаласындағы әуежайды салып, қолданысқа берген. Жаңа әуежай Түркістан облысында да, бүкіл Қазақстанда да туризмнің дамуы мен халықтың әл-ауқаты артуына серпін береді деп сенеміз», – деп атап өтті YDA Group төрағасы Хусейн Арслан.