Главная Новости "Геология – менің мұратым". Алмагүл Оразалиеваның сыры
06 сәуір 2020, 10:23 3124

"Геология – менің мұратым". Алмагүл Оразалиеваның сыры

"Геология – менің мұратым". Алмагүл Оразалиеваның сыры

Жер бетінде және оның қойнауында болып жатқан  физикалық үрдістерді  зерттейтін  геология ғылымы – терең ғылым,  ал  геолог мамандығы әрқашанда сұранысқа ие. Маңғаз өлкенің терең қабатынан ғасырлар бойы тұншығып келген қара алтынды бір күнде "бұрқ" еткізген аға буынның ізін жалғап, геология саласына ғұмырын арнаған "Жетібаймұнайгаз" өндірістік басқармасының техник-геологы Алмагүл Оразалиеваның өмір жолы - біздің басылымның бүгінгі санында.

Алмагүл Абатқызымен әңгіменің өрнегін тілші біткеннің әдетіндегідей бісмілләдан "осы мамандыққа қалай  келдіңіз" деген сауалмен өрбіткенімізде  жауабы ұрпақтың жалғастығына тірелді. Әкесі Абат Оразалиев Атырау мұнай техникумын "тау-кен инженері" мамандығы бойынша бітірген тұңғыш түлектердің бірі. Бұл соғыстан кейінгі 1947 жыл болатын. Елдің еңсесі көтерілмеген тұс.

50-жылдардың басында Маңғыстауда мұнай өндіруді қарқынды бастау жөнінде Мәскеуден бұйрық түседі. 1951 жылы Түбежекте мұнайдың көзі бар екендігі анықталады. Сол жылдары Абат Оразалиев тусыраған ту өлкеге түрен салған мұнай барлаушыларының тұңғыш қарылғаш-тарының бірі ретінде Түбежекте еңбек жолын бастайды.

Мамандыққа таңдау жасауыма өз өмірін мұнай саласына арнаған әкем ықпал етті, - дейді Алмагүл Абатқызы. Болашақ мамандығымды таңдауыма әкемнің бала кезімізде маңдайымыздан сипап отырып,  «осы қызым дәрігер», «мұғалім қызым», «менің жолымды қуатын қызым»  дейтіні сеп болды-ау деймін. Қазір ойласам, бұл әкенің тайға таңба басқандай әрқай-сымыздың маңдайымызға жазып кеткен тағдыры болса керек...

1966 жылы, желтоқсанда Атырау облысында, көп балалы қарапайым отбасында дүниеге келген ол төрт қыз, екі ұлдың арасында еркелей өскен оның бағдаршамы  әкесі болды. Әкенің салған сүрлеуімен 1986 жылы Гурьев политехникалық техникумының "Мұнай-газ геологиясы және барлау" мамандығын таңдады. Әлі есінде, он бес қыз болып тәжірибе алмасуға Маңғыстауға келгені.

- Бұл мамандық қыздарға қол  емес, өндіріс басында жүресіздер, қиын болып жүрмесін, жасай аласыздар ма? деп кадр бөліміндегі Оспанов ағамыз шегелеп сұрағанда "әрине" деп кірісіп кеттік қой... Қазір сол қыздардың әрқайсысы әр салада.  Тек саусақпен санары ғана мұнай саласында еңбек етіп жүр, - деп өз әңгімесін Алмагүл апа  әрі қарай жалғады.

Алмагүл Абатқызы Оразалиеваның ғұмырбаяны мен қызмет жолындағы әр қадамы – жас геологтар үшін үлкен мектеп Гурьев политехникалық техникумынан кейін Ш.Есенов атындағы Ақтау институтынан мұнай саласы бойынша  жоғарғы мамандықты игеріп алды.

Еңбек жолын "Жетібаймұнайгаз" өндірістік басқармасына қарасты №1 мұнай-газ өндіру цехында операторлықтан бастады. Ол жерде операторлықтың үшінші, төртінші дәрежелерін игеріп, екінші бригадаға ауысады. Мастер Алик Айдарбаев бастаған мықты маманның қарамағында еңбек етіп, өндірістік қабілеті шыңдалған Алмагүл Абатқызы сол жылдары диспечерлік пульт операторы, кезекші-технолог болып еңбек етеді. 1991 жылдан бастап жанұя жағдайына байланысты жеті күндікке ауысып, бүгінде техник-геолог болып жұмыс жасап келеді.

1992 жылы он құрсақ көтерген отанасы бар, өскен-өнген  мұнайшылар отбасына келін болған Алмагүл апамыздың өзі бүгінде  үш ұл, бір қыздың аяулы анасы.

- Геология саласына  енді қадам басып жатырған жас мамандар өз ісін шебер меңгеруге, мықты геолог атануға ұмтылады. Мұндай дәрежеге жету үшін, әрине, қажырлы еңбектің қажет екені даусыз. 

"Геолог  болу  –  өте  жауапты  да құрметті  жұмыс. Мықты геолог болу үшін мықты зейін, байқампаздық, мұқияттылық,  ақпаратты  терең  талдай  білу  сияқты қасиеттер  керек-ақ.  Бұдан өзге далалық жерде жұмыс жасау үшін төзімділік пен қажыр-қайрат  болмаса тағы болмайды. Мен осындай қасиеттерді басшымыз Қазыбек Көшербай, Сағи, Әділхан, Кемал інілеріміз бастаған жас буынның бойынан көремін. Олар -  ендігі болашақ", - деп байырғы геолог өз тәжірибесімен осылай бөлісті.

Жауапкершілікті тереңірек сезіну, намысқа тырысу, жанашырлық, елге де бауырға да қарлығаш көмекке дайын қасиет басқасын білмеймін, қазақтың қызына тән. Туған жерінің, төл компаниясының абыройы үшін ер-азаматтармен қатар күш жұмсап келе жатқан Алмагүл Абатқызының қадыр-қасиетін бағалайтын отбасы, сыйлас ұжымы бар. Мұнан артық бақыт бар ма?!

"Әріптестерімді төл мерекемен құттықтай отырып, әр  геологтың шағын  ұжым үшін ғана емес, сондай-ақ Компанияның, облыстың, қала берді ел  ауқымында қосып жатқан үлесі орасан зор екенін айтқым келеді. Дендеріне саулық, кәсіби табыстар, бірлік-береке және отбасылық бақыт тілеймін!", - деп ақ тілегін арнаған Алмагүл Абатқызына бақытыңыз ұзағынан сүйіндірсін дейміз!

Лаура Жолдыбаева

Еще больше новостей на нашем telegram-канале , подписывайся и будь в курсе!
АРХИВ ЖУРНАЛОВ SKNEWS

Смотрите также

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Астана, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: