Хотите получать уведомления в браузере о последних изменениях на сайте SKNEWS.kz
Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Германия Федеративтік Республикасына ресми сапары шеңберінде "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ (ҚМГ) және "Linde Aktiengesellschaft" неміс трансұлттық химиялық компаниясы (Linde AG) арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды деп хабарлайды ҚМГ баспасөз қызметі.
Меморандумға ҚМГ Басқарма төрағасы Алик Айдарбаев және Linde AG Басқарма мүшесі, доктор Кристиан Брух қол қойды. Құжатқа сәйкес, тараптар, Қазақстан Республикасының аумағында табиғи және ілеспе мұнай газын кәдеге жарату мен өңдеу саласында, соның ішінде кадр дайындау, технология және тәжірибе алмасуда ынтымақтастық орнатуға уағдаласты.
"Бүгін қол қойылған өзара түсіністік туралы меморандум газ өңдеу бағытына жаңа серпін беріп, алдағы серіктестігіміз Қазақстан экономикасы мен мұнай-газ секторына инвестициялар, технологиялар әкеліп, жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал етеді деген сенімдемін", – дейді өз сөзінде Алик Айдарбаев.
Айта кету керек, 2019 жылдың қазан айында ҚМГ және Linde AG мамандары Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында газ өңдеу зауытын салу жобасын іске асыру аясында бірлескен кәсіпорын құру мүмкіндігін талқылаған болатын.
Linde - өнеркәсіптік және медициналық мақсаттағы газ өндіру және инжиниринг саласындағы әлемнің жетекші компаниясы. 2018 жылдың қорытындысы бойынша оның сатылым көлемі 28 млрд АҚШ долларына жуықты (24 млрд еуро) құрады. Әлемнің 100-ден астам елдегі өз клиенттеріне жобаның барлық қатысушылары үшін ұзақ мерзімді және экономикалық тиімділік беретін инновациялық және экологиялық шешімдер түрінде қызмет көрсетеді.
Linde инвестициясының нәтижесінде Қазақстан Республикасының аумағында заманауи әрі тиімділігі жоғары ауа бөлу қондырғылары салынды және пайдалануға берілді.