Хотите получать уведомления в браузере о последних изменениях на сайте SKNEWS.kz
Қазақстан мен Masdar (БАӘ) «жасыл» әріптестікті нығайтты: Жамбыл облысында қуаты 1 ГВт болатын жел электр станциясы мен энергия жинақтау жүйесі жобасы басталды.
Қазақстан жаңартылатын энергетиканы дамыту және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту бағытында маңызды қадам жасап отыр. Қазақстан Республикасы Парламенті Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктері Үкіметтері арасындағы Жамбыл облысында қуаты 1 гигаватт болатын жел электрстанциясын (ЖЭС) және қуаты 300 МВт/600 МВтсағ болатын электр энергиясын жинақтау жүйесін салу жөніндегі ірі жобаны іске асыру туралы Келісімді ратификациялады.
Жоба жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) саласындағы әлемдік көшбасшы – Masdar (БАӘ) компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылады. Бұл туралы ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Мәжіліс депутаттарына заң жобасын таныстыру барысында хабарлады.
Аталған жоба Орталық Азиядағы ең ірі бастамалардың бірі болып, Қазақстан мен БАӘ арасындағы сенімді әрі нәтижелі энергетикалық әріптестіктің символына айналмақ. Оның іске асырылуы Қазақстанның «жасыл» экономикаға көшу жөніндегі мақсаттарына елеулі үлес қосады.
Жаңа жел электр станциясы жылына шамамен 3,4 миллиард киловатт сағат «таза» электр энергиясын өндіреді деп күтілуде. Бұл жыл сайынғы көмірқышқыл газының шығарындыларын 2 миллион тоннаға дейін азайтуға мүмкіндік береді.
«Бұл – мемлекеттік ауқымдағы маңызды жоба», – деп атап өтті Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов. – «Ол Қазақстанның ЖЭК саласындағы өңірлік көшбасшы ретіндегі ұстанымын нығайтып қана қоймай, алдағы ондаған жылға арналған технологиялық даму мен энергетикалық тұрақтылықтың берік негізін қалайды. Біз әлемдік озық технологияларды және ірі инвестицияларды тарта отырып, азаматтарымыз үшін жаңа жұмыс орындары мен кәсіби дағдылар қалыптастырамыз».
Жобаның маңызды ерекшеліктерінің бірі – қуаты 300 МВт/600 МВтсағ болатын еліміздегі алғашқы өнеркәсіптік ауқымдағы энергия жинақтау жүйесінің құрылысы болмақ. Бұл технология жел генерациясының тұрақсыздығын теңестіруге, энергожүйенің тұрақтылығы мен тұтынушыларды сенімді электрмен жабдықтауды қамтамасыз етуге, әсіресе тұтыну шарықтау кезеңдерінде, мүмкіндік береді. Энергия жинақтау технологиясын игеру қазақстандық мамандар үшін жаңа мүмкіндіктер ашпақ.
Жобаны іске асыру нәтижесінде Қазақстан экономикасына 1,4 миллиард АҚШ доллары көлемінде тікелей шетелдік инвестиция тартылмақ. Құрылыс кезеңінде 1000-ға жуық уақытша, ал пайдалануға беру кезеңінде 100-ге дейін тұрақты және білікті жұмыс орындары ашылады. Сондай-ақ, инвестормен бірлесіп жергілікті кадрларды оқыту және біліктілігін арттыру бағдарламасы жүзеге асырылады.
Сонымен қатар, жоба аясында ұзындығы 425 шақырымды құрайтын жаңа электр жеткізу желілері салынады. Бұл желілер елдің оңтүстік және солтүстік өңірлерін өзара байланыстыруды күшейтіп, транзиттік әлеуетті арттыруға және Қазақстанның Біртұтас электр энергетикалық жүйесінің сенімділігін көтеруге ықпал етеді.
Энергетика министрлігі жобаны іске асыру барысында қазақстандық тауарлар мен қызметтерді барынша пайдалану жоспарланып отырғанын атап өтті. Бұл жергілікті кәсіпорындардың дамуына қосымша серпін бермек. Жоба халықаралық экологиялық және әлеуметтік стандарттарға, сондай-ақ орнықты даму қағидаттарына толық сай жүзеге асырылады.
Дереккөз:t.me/Minenergokz