Главная Новости Жаңа төраға жас әріптестерін мақтан тұтады
31 қаңтар 2019, 16:02 2511

Жаңа төраға жас әріптестерін мақтан тұтады

Жаңа төраға жас әріптестерін мақтан тұтады

Таяуда «Қаражанбасмұнай» АҚ Жас мамандар кеңесінің төрағасы болып бу өндіру цехының машинисі Асылбек Бисатов бекітілгенін хабарлағанымыз белгілі. Осы орайда бұл жаңалықты қалт жібермей, бұған дейін де түрлі бастамалар мен игілікті істердің басы-қасында жүрген әріптесімізбен аз-кем әңгіме құрдық. 

  • Асылбек, Жас мамандар кеңесінің тізгінін қолға алып отырсың. Жалпы, аталған ұйымның Компанияда алатын орны мен маңызы туралы тарқатып өтсең...
  • 2013 жылдан бері кеңесті Компанияның белсенді жастары басқарып, бірқатар жұмыстарды нәтижелі атқара білді. Компания үшін аталған кеңестің маңызы ерекше. Себебі, жастардың жұмысқа деген ынтасын арттырып, бос уақытын тиімді өткізу жолында көмегі зор. Тарихы қырық жылдан асатын Компанияның Жас мамандар кеңесіне бүгінде 18-35 жас аралығында жүзден астам жас мүшелікке кірген. Олардың жартысынан астамы белсенді түрде қоғамдық жұмыстар мен өзін-өзі дамытуға арналған семинарларға тұрақты қатысып келеді. Ел болашағы жастар екені белгілі. Сондықтан замандастарымыз өздерінің жинаған тәжірибесін Компанияның даму жолына арнап, ортақ мүдде жолында табысқа жетеді деп бек сеніммен айтуға болады.
  • Кеңес мүшелерінің қол жеткізген табыстары қандай? Мысалы, өндіріс жұмысында еңбек ете жүріп, ғылым, спорт, тағы басқа бағыттарда айтулы жетістіктерге жеткен жастар туралы не айтасың?
  • Бізде талантты жастар жетерлік. Көрігі қызу қайнаған өндірісте өз жұмысын ғылыми бағытқа айналдырған Айдын Қожаш, Руслан Ақмұқанов, Бағдат Қойлыбаев сынды әріптестеріміз жобаларын сәтті қорғап, республикалық сында оза шауып, олжалы болды. Оның ішінде бұрғылаушы геолог Айдын Қожаш ҚР Ұлттық инженерлік академиясының 2017 жылғы жас инженерлер сайысында үздік шықты. Оның ғылыми жұмысы Қаражанбас кен орнындағы сорғылар мен ұңғымаішілік жабдықтардың қызметіне тығыз байланысты. Сондай-ақ, жас та болса ұңғымаларды  ғылыми-зерттеу  өндірістік жұмыстары цехына жетекшілік етіп жүрген Руслан Ақмұқановтың «инемен құдық қазғандай» ізденісі қуантады. Бағдат Қойлыбаевты да әріптестері әрдайым болашағынан зор үміт күттіретін маман деп әспеттейді. Спортта да жемісті белестерге ұмтылған жас толқынның қарасы қалың. Олардың дені Компанияның футбол, волейбол командаларында өнер көрсетеді. Жыл сайын «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ ауқымында өтетін спартикиадаларға қатысып, жүлделі орындарға көтерілуде.
  • Биыл Мемлекет басшысы еліміз бойынша «Жастар жылын» жариялады. Осы орайда Жас мамандар үндеуге үн қосуға дайын ба?
  • Біз межелеген жоспарлы асулар биік және еш аласармайды. Мысалға, жыл соңына дейін еңсерілетін игілікті істердің басында жас мамандар арасында зияткерлік ойын өткізу, салауатты өмір салтын насихаттауға байланысты марафон ұйымдастыру, сенбілік аясында тал көшеттерін отырғызу, соғыс ардагерлерін құттықтап, құрмет көрсету, жас мамандардың біліктілігін арттыру, түрлі қайырымдылық іс-шараларын қолға алу, ұлттық ойындарды насихаттау көзделіп отыр. Бұдан тыс, «Жастар жылы» аясында компания басшыларымен кездесу ұйымдастыру, мұнай және газ өндірудің жаңа әдіс-технологиясымен танысу мақсатында іргелес Қаламқас кен орнына бару, жастарды дамыту мақсатында коучинг тренер М.Тұмановпен жүздесу, шешендік өнер мен шеберлікті шыңдау, тәжірибе алмасу да ойымызда. Бұйырса, мұның барлығы жыл бойы жастардың тікелей қатысуымен Әлеуметтік жұмыс және әкімшілік-шаруашылық жұмыс департаментімен бірлесе отырып мәре сызығын кеседі.
  • Мұнай-газ саласындағы басқа да компанияларда Жас мамандар кеңесі жұмыс істейді. Әріптестермен өзара байланыс қаншалықты деңгейде орнаған?
  • Біз «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ барлық еншілес мекемелеріндегі Жас мамандар кеңесімен тығыс қарым-қатынастамыз. Өзара байланыс орнап, мүмкіндігінше бас қосып, тәжірибе алмасып тұрамыз. Жылына бір рет «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ шеңберінде өтетін ауқымды шараларда, және де түрлі зияткерлік, біліктілікті арттыру курстарында бірге әрекет етеміз. Сондай-ақ, Маңғыстау облыстық Кәсіподақтар федерациясы жанындағы «Келешек» жастар қанаты арқылы өңірдегі мұнай компанияларындағы әріптестерімізбен үнемі араласып тұрамыз.
  • Қаражанбастық жас мамандар бұл шаралармен шектелмес болар?
  • Биыл жұмысшы жастарды мұнай-газ саласында білім алып жатқан студенттермен кездестірмек ниеттеміз. Оқудағы ізбасарларымыз үшін өндіріс саласы өте қызық көрінеді. Біз кездесу аясында олармен өзіміздің тәжірибемізбен бөлісіп, өндіріс жұмысы, мұнай-газ өндіру жұмысы, қолданысқа еніп жатқан жаңа технология туралы түйгенімізді жеткізбекпіз. Себебі, ертеңіне алаңдайтын студент жастардың өндіріс жұмысына деген қызығушылығын арттыру, оларды кен орнына тарту қазірден басталуы тиіс деп есептеймін. Сонымен бірге, өңірімізде мемлекет қорғауына алынған жерлерге саяхат жасап, тарихымен жақын танысу шарасын жылда өтіп келеді. Туған жердің тарихын білу, маңғаз өлкенің тылсым табиғатын ұғу әрбір перзенттің парызы. Ел мен жерді сүйетін ұрпақ тәрбиелеу үшін ең әуелі туған жердің тау мен тасын жақын танып білу әрбір азаматтың міндеті болуы тиіс.
  • Уақыт тауып, жоспарларыңмен бөліскеніңе рахмет! Тек сәттілік тілейміз!

Жанкелді ҚАРЖАН

Еще больше новостей на нашем telegram-канале , подписывайся и будь в курсе!
АРХИВ ЖУРНАЛОВ SKNEWS

Смотрите также

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Астана, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: