Хотите получать уведомления в браузере о последних изменениях на сайте SKNEWS.kz
Ауданы 5500 шаршы метрден асатын жаңа әрі жайлы мектеп шәкірттер үшін өз есігін айқара ашуға дайын. Нысанды жобалау және салу «Samruk-Kazyna Construction» АҚ жетекшілігімен жүзеге асырылды. Бас мердігер – «Фирма Азия» ЖШС. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаж жұмыстары толықтай аяқталған, бүгінде нысанды жергілікті атқарушы органдардың балансына өткізу ісі жүріп жатыр. Ал оқу процессін облыстық білім басқармасы үшінші тоқсаннан бастауға ниетті.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған мектеп балаларға толыққанды білім беріп қоймай, олардың ғылыми жұмыстармен айналысып, шығармашылығын дамытып, спортпен белсенді шұғылдануы үшін қажетті жағдайларды ұсынуда. Оқу ұясының бірегей ерекшеліктеріне робототехника кабинеті, STEM-зертхана, хореография залы, сондай-ақ технология сабақтарына арналған бірнеше шеберханаларды жатқызуға болады.
Мектепте дене шынықтыру және спортпен айналысу үшін екі спорт залы қарастырылған: бастауыш сынып оқушылары үшін шағын зал және орта мен жоғары буын балалары үшін үлкен зал. Ұл-қыздардың жайлылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мектепке кіреберіс те жас ерекшеліктеріне байланысты үшке бөлінген.
Мектеп аумағында аудандық, облыстық және республикалық деңгейдегі жарыстарды қабылдауға қауқарлы стадион, баскетбол және волейбол, воркаут және ұлттық ойындарға арналған алаңдар, сондай-ақ бастауыш сынып оқушыларына арналған бірнеше ойын алаңқайы орналасқан. Заманауи, кең және жіті ойластырылған мектеп өзінің алғашқы оқушыларын қабылдауға дайын.
300 орындық жаңа білім ошағының ашылуы 90 жыл бойы қызмет еткен №4 мектептің оқушылары мен педагогтары үшін нағыз мерекеге айналмақ. Жақын арада осы оқу орнының балалары мен мұғалімдері өздерінің жаңа екінші үйіне аяқ басады. Заманауи кабинеттер, кең дәліздер және жан-жақты ойластырылған инфрақұрылым оқушыларды жаңа бастамаларға шабыттандыратыны сөзсіз. Жобаның іске асырылуы балалардың білім алу жолындағы қуаныш пен шексіз мүмкіндіктерге толы жаңа тарауына айналады.