Хотите получать уведомления в браузере о последних изменениях на сайте SKNEWS.kz
Жетісу облысының Панфилов ауданы Жаркент қаласында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған 1200 орындық мектеп пайдалануға берілді. Салтанатты шараға Жетісу облысы әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов, ардагер ұстаздар, мектеп ұжымы, ата-аналар мен оқушылар, аудан жұртшылығы қатысты.
«Бұл – Президент тапсырмасымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған облысымыздағы алғашқы білім ошағы. Панфилов ауданы – облыстағы оқушы саны көп аудандардың бірі. Жаңадан пайдалануға беріліп отырған бұл мектепке Жаркент қаласының бала саны көп 9 мектебінен 1100 жуық бала қабылданып отыр. Осындай замануи мектепте біліммен сусындайтын оқушылар облысымыздан топ жарып шығатынына сенімім зор. Мектеп ұстаздарына еліміздің болашақ білімді, еңбекқор патриоттарын тәрбиелеу жолында сәттілік тілеймін!» - деді аймақ басшысы.
Жаңа да жайлы мектептің ашылғанына ата-аналар да қуанышты.
«Біздің Жаркент қаласына осындай жайлы мектеп салып бергендеріңіз үшін барша ата-аналардың атынан алғыс айтамыз. Менің қызым қазір 11 сыныпта оқиды. Балалардың ҰБТ-ға, емтихандарға сапалы дайындалуына мұнда барлық мүмкіндіктер жасалған, оқу залдары бар кітапханасы, материалдық базасы мықты пән кабинеттері – бәрі де оқушылардың сапалы білім алуына өзінің үлкен ықпалын тигізеді деп ойлаймын», - деді ата-аналар комитетінің төрағасы Айдар Бектемірұлы.
Мектеп заманауи талапқа сай жабдықталған. Мұнда 64 кабинеттің алтауы - жаңа модификациялық сыныптар. Жалпы барлық пән кабинеттері қажетті әдістемелік, техникалық құралдармен жабықталған. Сонымен қатар ағаш, металл, тігін және басқа да шеберханалар қарастырылған. Акт залы, 2 оқу залы бар кітапхана, 230 орынды асхана, 2 спорт залы, 1 би залы балалардың игілігіне қызмет етеді. Оған қоса ұл-қыздардың оқу құралдары мен киімдеріне арналған жеке шкафтар, сондай-ақ кітап оқуға, балалардың шығармашылық дамуы мен демалуына коворкинг аймақтар қарастырылған.
Мектеп директорының міндетін атқарушы Айгүл Дәрубаеваның айтуынша, қазіргі кезде мектепте 46 жиынтық сынып ашылған. Жаркент қаласындағы бала саны көп тоғыз мектептен сыныптар жетекшілерімен бірге ауысып келген.
«Мектептегі физика, химия, биология және робототехника пәндері бойынша заманауи кабинеттерде touch-экрандар орнатылып, мектептің кез келген жерінен жылдамдығы жоғары интернетке қосылу мүмкіндігі берілген. Ерекше білім алуды қажет ететін балаларға тиісті жағдайлар жасалған. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары мектепте бөлек блоктарда оқиды. Ғимаратта балалар үшін бейнебақылау, дыбыстық хабарлау және басқа да күшейтілген қауіпсіздік шараларына арналған жабдықтар орнатылған», - дейді Айгүл Дәрубаева.
Жетісу облысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында бой көтеріп жатқан екінші мектеп Достық ауылында орналасқан. 600 орынға шақталған нысанның құрылысы жалғасуда.