Главная Новости Жұмыла көтерген жүк жеңіл немесе корпоративтік еріктілік дегеніміз не?
17 маусым 2020, 09:29 2837

Жұмыла көтерген жүк жеңіл немесе корпоративтік еріктілік дегеніміз не?

Жұмыла көтерген жүк жеңіл немесе корпоративтік еріктілік дегеніміз не?

Биылғы жылдың 1-маусымнан бастап елімізде теміржол қатынасы қайта жанданды. Алайда бастапқы кезеңде карантинге байланысты бекет ғимаратына шығарып салушы немесе қарсы алушылардың кіріп-шығуына тыйым салынды. Бұл шектеу ауыр жүгі бар, мүмкіндігі шектеулі немесе қарт адамдардың пойызға мініп-түсуін қиындатты. Вокзал қызметкерлері көмектесуге тырысқанымен де барлығын қамту мүмкін емес еді. Осы орайда «Самұрық-Қазына» қорының еріктілері теміржол вокзалдарындағы жағдайды біле салысымен, жолаушыларға көмекке келді. Нұр-Сұлтан қаласындағы теміржол вокзалдарында пойыз жиі келіп-кетіп тұратын уақытта күнделікті кезекшілік ұйымдастырды. Қол жүгі ауыр жолаушыларды пойыз вагонына дейін, келген адамдарды вокзал сыртындағы күтіп алушыларға жеткізіп отырды. Аталған іс-шара он күнге созылды. Себебі 10 маусымнан бастап шығарып салушылар мен күтіп алушыларға вокзалға кіру рұқсат етілді. Бұл жоғарыда аталған Қор еріктілерінің жыл басынан бері атқарған жұмысының бір бөлшегі ғана. Жалпы Қорға қарасты компаниялардың еріктілері осы уақытқа дейін 900-ден астам іс-шара ұйымдастырды.

Баршамызға белгілі өткен жыл Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен Жастар жылы деп жарияланды. Осы орайда «Самұрық-Қазына» Қорына қарасты компаниялар тобының жас, дарынды және белсенді қызметкерлерін біріктіретін Jas Samuryq қозғалысы бастау алды. Жыл бойы олардың ұйымдастырумен 500-ден астам түрлі іс-шара өткізілді.  

Жастарға арналған іс-шаралармен қоса, олардың қайырымдылық бастамалары да іске асырылды.  Мұның ішінен еріктілік бағыты өз алдына шығып, кеңінен тарай бастады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған Еріктілер жылы бұл бағыттағы жұмысты жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік берді. Бұл «Жастар жылының» қисынды жалғасына айналды.

2020 жылдың басында қордың басшылығы ерікті белсенділермен бейресми жағдайда кездесіп, корпоративті еріктіліктің негіздері, әрекет ету бағыттары, іс-шаралар ұйымдастыру тәсілдері және басқа да әріптестерді осы бастамаға тарту мәселесі талқыланды.

 «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Әлішер Пірметов еріктілер қордың қоржындық компаниялары қызмет ететін аймақтардың тұрғындарына, соның ішінде сала ардагерлеріне назар аудару керектігін айтты. Сондай-ақ корпоративтік еріктілік барлық қызметкерлердің басын біріктіріп, нақты мәселелерді шешуге септігін тигізу қажет екенін атап өтті. Кездесуде компаниялардағы белсенді жастарға қосымша мәртебе беру туралы шешім қабылданды. Олар компаниялардағы бірінші басшының жастар саясаты мәселелері және волонтерлік бойынша штаттан тыс кеңесшісі болып тағайындалды. Бұл компаниялардағы кез-келген мәселелерді жылдам шешуге және басшылықтың ұжыммен етене жұмыс істеуге мүмкіндік берді.

Еріктілердің қызметі мен іс-шаралар легін үйлестіру мақсатында sknews.kz ақпараттық сайтында корпоративтік еріктіліктің бірыңғай онлайн-платформасы құрылды. Онда қазірдің өзінде компанияларда жұмыс істейітн 500-ден астам ерікті тіркеліп, түрлі іс-шараларды бірлесе жүзеге асыруда. Сондай-ақ бұл платформа тәжірибе алмасу үшін таптырмас алаңға айналды.

Еріктілерге әдістемелік қолдауды Әлеуметтік ықпалдастық және коммуникациялар орталығы, «Самұрық-Қазына» корпоративті университеті мен Samruk-Kazyna Trust әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауымен көрсетеді. Шынында да, игі істерді бастамас бұрын, алдымен оны қалай ұйымдастыруды, корпоративтік еріктіліктің өзіндік шектеулері мен ерекшеліктерін, жобаңыздың сәтті өтуі үшін не істеу керегін және басқа да көптеген мәселелерді білу маңызды.

Қордағы еріктілік «Өз үлесіңді қос» ұраны аясында төрт негізгі бағыт бойынша жүзеге асырылады: Qamqor көмекке мұқтаждарға қамқорлық көрсету, Umit - қоғамдық еріктілік, Asyl Mura – мәдени және тарихи еріктілік, Taza Qazaqstan - табиғатты қорғауға үлес қосу.

«Самрұқ-Қазына» қорының еріктісі Айгүл Смайлова «Біз Президенттің бұл бастамасын қуана қарсы алып, жыл басында бір жылға жоспар құрдық. Әр компанияның қызметкерінен тұратын еріктілер лигасы құрылды. Бір-бірімізбен әрдайым байланыс орнату арқылы, көптеген істі бірлесе атқарудамыз. Компания басшылары да кез-келген ұсынысымызға бірден қолдау білдіреді. Жұмыстан тыс уақытта әріптестеріміз әлеуметтік жағдайы төмен отбасындағы балаларға ағылшын тілінен сабақ береді. Спорттан қандай да бір жетітікке жеткен қызметкерлер мектеп-интернаттарға барып шеберлік сабағын өткізеді. Карантинге байланысты жоспарымызды жаңарттық. Алдағы уақытта отандастарымызға нақты көмек беретін бірқатар жобаны жүзеге асырамыз», - дейді.            

Атап өтер болсақ, жыл басында «Қазақстан теміржолы» АҚ қызметкерлері еліміздің түкпір-түкпіріндегі әріптестерін 2020 игі істі жүзеге асыруға шақырды.  Компания басшысы Сауат Мыңбаев «ҚТЖ ең ірі компаниялардың бірі ретінде еріктілікке өз үлесін қосуға міндетті», - деді.  Бүгіннің өзінде теміржолшылар алға қойған мақсатына жетті. Бірақ олар мұнымен тоқтап қалмақ емес.

Ал «ҚазМұнайГаз» АҚ-ның барлық еншілес ұйымдарының жастары ортақ кеңес құрып, бірге жұмыс істеуді қолға алды. Өткен жылдың соңында компанияның корпоративтік орталығында «Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығының» онкологиялық бөлімі емделушілерінің тілектері жазылған ерекше ағаш пайда болды. Үш айдың ішінде компания қызметкерлері 36 балаға көмек көрсетті.  

Айтпақшы,  «Самұрық-Энерго» АҚ қызметкері Мұхтар Фархадұлы «Қазақстанның үздік еріктісі - 2019» байқауының жеңімпазы атанды. Ол «Этникалық еріктілік» номинациясының үш көшбасшысының бірі болды.

Жалпы қорға қарасты басқа да компаниялардың еріктілері жыл басынан бері бірқатар игі бастамаларды жүзеге асыруда. Еліміз бойынша жарияланған «Біз біргеміз» акциясын қолдап, сала ардагерлері мен әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларына азық-түлік себеттерін таратты. Екінші дүниежүзілік соғысына қатысушыларды Жеңіс күнімен құттықтап, сый-құрмет көрсетуді назардан тыс қалдырмады. Сонымен қатар Түркістан облысындағы су тасқыны кезінде зардап шеккен отандастарымызға гуманитарлық көмек жинады.

Сондай-ақ еріктілер көмекке зәру адамдарға компьютерлік дағдыларды және кейбір бағдарламалық қосымшаларды игеруге көмектесуде. Тағы бір компанияның қызметкерлері Алматы облысындағы денсаулығында ауытқуы бар балалар тұратын «Рух» отбасылық үйінде компьютерлерді жөндеп, жаңа бағдарламалар мен білім беру ойындарын әрдайым жаңалап тұрады. Қор еріктілері көшедегі қоқыстарды жинап, оны сұрыптайды. Осылайша эко-волонтерлікті дамытуға ұлес қосуда. Қыс мезгілінде зейнеткерлердің ауласындағы қарды тазалады. Бетперде тапшы болған уақытта маска тікті. Мұндай мысалдарды тізбектей беруге болады. Дегенмен ең бастысы еріктілер осы әрекеті арқылы өзге әріптестеріне үлгі көрсетіп, оларды жақсылық жасауға, еріктілер қатарына қосылып игі бастама көтеруге шақырады.  

Коронавирус пандемиясына байланысты төтенше жағдай кезінде онлайн-волонтерлік өзекті тақырыпқа айналды. Біздің компаниялардың қызметкерлері отандастарымызға үйден шықпай-ақ көмектесудің көптеген мүмкіндігін ұсынды. Мәселен, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-нан Айжан Кәкенова әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларындағы балаларға қосымша білім алуға және кәсіптік бағдар беруге бағытталған әлеуметтік жобамен айналысады. «Медиа-ерікті» номинациясы бойынша «Үздік еріктілер-2019» байқауының жеңімпазы атанған Диас Камериданов «Белгісіз Қазақстан» тарихи-мәдени блогын жүргізеді. Оның әлеуметтік желідегі парақшасында 60 мыңнан астам оқырман бар. Ол «Мен үшін еріктілік - бұл қосымша әлеуметтік жауапкершілік. Бұл игі жұмысты орындау мені қанаттандырады», - дейді.

Тағы бір еріктіміз Әсел Бекбатырова әрдайым табиғатты қорғау және оны аялау үшін не істеу керектігін әрдайым насихаттап жүреді. Оның айтуынша, экологиялық еріктілікке мән беруінің үш себебі бар екен. Біріншіден, еріктіліктің ең қол жетімді түрі, жас бойынша да шектеу жоқ. Арнайы дағдылар мен білімнің немесе спорттық дайындықтың қажеті шамалы. Екіншіден, экологиялық еріктілік үлкен масштабты және міндетті түрде көптеген адамның қатысуын қажет етпейді. Үшіншіден, экологиялық волонтерлікті спортпен немесе қала сыртындағы саяхатпен оңай біріктіруге болады.  

Әрине, әлемді жайлаған індеттің салдары «Самұрық-Қазына» еріктілерінің алға қойған жоспарына айтарлықтай түзетулер енгізді. Дегенмен Қор еріктілері кез-келген уақытта қоғамға пайдасын тигізетін игі іске өз үлесін қосуға дайын. Себебі  жұмыла көтерген жүк жеңіл!

Еще больше новостей на нашем telegram-канале , подписывайся и будь в курсе!
АРХИВ ЖУРНАЛОВ SKNEWS

Смотрите также

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Астана, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: