Главная Новости Жұмыс пен спортты қатар алып жүруге болады
17 қыркүйек 2018, 09:45 3234

Жұмыс пен спортты қатар алып жүруге болады

Жұмыс пен спортты қатар алып жүруге болады Сурет: ашық дереккөзден

Бұл кәсіби бокстан екі салмақ санаты бойынша әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақстандық спортшы Бейбіт Шүменовтің пікірі. Атақты былғары қолғап шеберімен Астанадағы мұнайшылар спартакиадасында тілдесіп қалудың сәті түсті.

Бірінші ауыр салмақтағы WBA және жартылай ауыр салмақтағы WBA Super тұжырымдары бойынша әлем чемпионының салауатты өмір салтын насихаттайтын корпоративтік шараларға көзқарасы қалай?

Мұндай шараларды мен әбден дұрыс деп санаймын. Өйткені сайыс рухын сезінген адамның бойында жоғары жетістіктерге, биік белестерді бағындыруға зор ынта пайда болып, алға ұмтылады. Түрлі жарыстарда жүлдеге ие болған еңбек адамы өндіріс өнімділігін де арттыруға тырысады, міндетіне сергек қарайды. Денсаулығын күте білген оның өз саласын жетістіктерге жетелейтіні анық.

«Тәні саудың – жаны сау» демекші, қан айналымының жақсаруы мидың жылдам жұмыс істеуіне әсер ететіні сөзсіз. Шаршағанда тез қалпына келеді.

Өзіңіздің де спортпен шектеліп қалмағаныңыз белгілі...

Иә, рас, спорттан бөлек, заңгерлік білім алдым, Америка Құрама Штаттарына барғанда ерінбей оқып, ағылшын тілінде еркін сөйлейтін жағдайға жеттім. Өзімнің промоутерлік компаниям бар. Басында кәсіпті бастағанда табысты болатынына сеніңкіремей, аздап абыржығанымды жасырмаймын. Дегенмен, тас-түйін жинала келе, айқын мақсатпен жаңа асуларға бет алдым. Ұстанымым сол – өмір бойы ізденіп, ілім үйренуден жалықпау керек. Әлі де неге өзге бизнес бағыттарында бақ сынап көрмеске?!

Жалпы болашаққа нық жоспар құрдым. Бәлкім шетелде оқуымды жалғастырармын. Лас-Вегаста тұрамын, баспанам дайын. Достарым Гарвардта заңгерлік білімімді шыңдауға қажет ұсыныстар жасап жатыр. Осының бәрінде спортты серік еткенімнің үлесі өлшеусіз!  

Негізгі сүйікті ісіңіз десек қателеспеспіз, соған оралсақ, бокстан соңғы жекпе-жегіңіз Астанада өтті ғой?

Еліміздің бас қаласындағы айқасқа дейін 2 жарым жыл бойы рингке шықпай, үлкен спорттан қол үздім. Оған себептер баршылық, жарақаттанып, боксты қойдым деп шешім қабылдағанымды жарияладым. Бірақ жазылған соң WBA нұсқасы белбеуімді қорғауда бәсекелесуге рұқсат берді. Негізі, бірден чемпиондық атағым үшін шайқаспай, бір-екі ұпай жинау ұрысын өткізбекші ниетте болғанымды жасырмаймын. Дегенмен, мүмкіндік туындап тұрғанда тайсақтау ерсі болар деп шаршы алаңға көтеріліп, қарсыласты жеңдім.

Ендігі көздеген мақсаттарыңызбен бөлісе кетсеңіз?

Осы жылдың аяғында желтоқсан айында келесі бокс кешін ұйымдастыруға бел буып отырмын. Бұрыннан бері ойымда жүрген бір іс бар, Қазақстанда кәсіпқой боксты дамытқым келеді. Оған елімізде мықты ресурс шоғырланған, Қазақстанда бокс саңлақтарының қатары қалың екені баршаға аян. Әр салмақта кем дегенде 3-4 Олимпиада оғланы топ жаратындай қауқар болғанымен, өкінішке қарай, іс жүзінде төрт жылда бір өтетін дүбірлі жарысқа жалғыз спортшы ғана жолдама ұта алады. Қалғанына бұл қиын тиіп, жігерлері жасиды. Қолғапты шегеге іліп, боксты тастап кететіндер де жиі жолығады. Өзім де кезінде осындай сәтті бастан кешірдім. Сонымен қатар, бүгінде кәсіпқой боксшыларға Олимпиада ойындарына қатысуға жол ашылды. Сондықтан әуесқой бокс федерациясымен бірлесе қимылдамақ райдамыз. Егер ұлттық құрама мүшелері кәсіпқой салаға бет бұрса, елдің даңқын да алысқа жайып, бабын жоғалтып алмайтындай деңгейде жүретіні күмәнсіз.  

Алдаберген КЕМПІРБАЙ

Еще больше новостей на нашем telegram-канале , подписывайся и будь в курсе!
АРХИВ ЖУРНАЛОВ SKNEWS

Смотрите также

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Астана, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: