Главная Новости «Индер» мұнай айдау стансасына – 50 жыл
21 желтоқсан 2020, 09:34 1313

«Индер» мұнай айдау стансасына – 50 жыл

«Индер» мұнай айдау стансасына – 50 жыл

«ҚазТрансОйл» акционерлік қоғамы – магистралды мұнай құбыры бойынша Қазақстан Республикасының ұлттық операторы. Ол «Қазмұнайгаз» ҰК» АҚ-ның компаниялар тобына кіреді. Жалпы ұзындығы 5,4 мың шақырымды құрайтын әртараптандырылған мұнай құбыры желісіне иелік етеді. Отандық компанияның өндірістік нысандары еліміздің барлық дерлік өңірлерінде орналасқан.

Оның құрамына кіретін өндірістік бөлімшелердің бірі – өңірімізде Атырау мұнай құбыры басқармасына қарасты «Индер» мұнай айдау стансасы. Тарихы өткен ғасырдың жетпісінші жылдарынан басталатын бұл кәсіпорын бүгінде «ҚазТрансОйл» АҚ-ның құрамындағы байырғы құрылымдардың бірінен саналады. Бірден айта кетелік, іргетасы кеңестік кезеңде қаланған станса мыңдаған шақырымға созылған құбыр бойымен Маңғыстау мен Атыраудың «қара алтынын» Самараға жеткізуге елеулі үлесін қосып отырған маңызды стратегиялық нысандардың бірі.

Кезінде қойнауы қазынаға толы Маңғыстау аймағындағы кен орындарынан  өндірілген «қара алтынды» Еділ-Жайық аумағындағы мұнай кәсіпшіліктерінің тобына тарту, сондай-ақ, бірыңғай технологиялық кешенге қатысушы мұнай құбырлары арқылы тасымалданатын мұнай мен оның қорын  игеру жұмысына басшылық жасайтын құрылымдарды орталықтандырып, бір органға біріктіру қажеттілігі туындаған еді. Осылайша, «Өзен – Гурьев – Куйбышев» мұнай құбырының сенімді қызметін қамтамасыз ету мақсатында КСРО мұнай өнеркәсібі министрлігінің бұйрығымен  Приволжье мұнай құбырлары басқармасының базасында Балықшы аудандық мұнай құбырлары басқармасы (орыс тіліндегі қысқартылған атауы БРНУ, мекен-жайы Гурьев қаласы) ұйымдастырылды. Бұл басқармаға жүктелген міндет – жалпы қашықтығы 222 шақырымды құрайтын «Гурьев – Калмыково» мұнай құбыры участогін қамту. Осы БРНУ-дың құрылу және қалыптасу кезеңінде оның құрамына мұнайды қыздыру пункті, резервуар паркі және құю эстакадасы бар «Гурьев», сонымен бірге  «Карманов» қыздыру пункті, технололиялық көліктер және арнаулы техникалар цехы, өндірістік қызмет көрсету базасы, құрылыс-жөндеу участогімен бірге «Индер» мұнай айдау стансалары кірді.

«Өзен – Атырау – Самара» магистралды мұнай құбырының 867-ші шақырымындағы Индер ауданы, Елтай ауылының аумағында  орналасқан «Индер» мұнай айдау стансасының теңгеріміне құбыр бойымен айдалған шикі мұнайды белгілі бір температурада қыздырып, тиісті  технологиялық режимдерді қатаң сақтай отырып, сапалы күйінде жөнелтілуіне мүмкіндік беретін Г9ПО2В және БТП – 10-М-Э пештері (барлығы 5 бірлік), 4  агрегатымен бірге магистралды сорапты станса, өрт сөндіру бекеті (көліктер тұратын боксымен бірге), лас заттарды тұтқыш сүзгі, қазандық,  арнаулы техника, 32 орындық жатақхана, асхана, әкімшілік, тұрмыстық корпустары берілді. Бастапқыда мұнда еңбек ететіндердің саны 60-70 адаммен шектелсе, кейіннен жұмыс ауқымының ұлғаюымен байланысты бұл көрсеткіш айтарлықтай көбейді.

Осылайша, ұжым ондаған жылдар бойына жеті қат жер астынан өндірілген мұнайдың мыңдаған шақырымдарға созылған магистралды құбыр бойымен тиісті жеріне межелі мерзімінде, ысырапсыз және қауіпсіз жеткізілуін қамтамасыз етуде өзіне жүктелген маңызды міндетті мінсіз атқарып келеді. Басқалары сияқты, бұл кәсіпорын да еліміз егемендігін еншілеп, мемлекетіміз тәуелсіздігін алғаннан кейінгі отыз жылға жуық уақыт ішіндегі қайта құрылымдаумен байланысты өзгерістерді бастан кешірді. Біртіндеп өндіріске жаңа технологиялардың енгізіліп, автоматты басқару жүйесіне көшірілуіне орай, көптеген жұмыс орындары қысқартылдып, қол күшімен жасалатын жұмыс көлемі азайды.

«Елу жылда – ел жаңа» демекші, жартығасырлық жолды абыроймен өткерген ұжым осынау мерейлі белесін жоғары ұйымшылдықпен және еңбектегі  толайым табыстарымен қарсылап отыр. Кеңсе ғимаратынан бастап барлық өндірістік учаскелер күрделі жөндеуден өткізілді. Өндірістің қуатын арттырып, қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қауқарлы соңғы үлгідегі құрылғы-қондырғылармен жабдықталып, жарақтандырылды. Атап айтқанда, 2014-2016 жылдары мұнай тасымалдау желілерін ішінара ауыстыру жұмыстары  «Өзен – Атырау – Самара» магистралды мұнай құбырының 789-870 шықырымы учаскесінде жобаға сай жүзеге асырылды. Осындай профилактикалық шаралар өз кезегінде «Индер» мұнай айдау стансасына қарасты өндірістік буындарды да қамтыды. Нақтылай кетсек, ұзындығы 1,3 шақырым мұнай құбыры бөлігі, 3 бірлік лас затты тұтқыш сүзгі, жалпы ұзындығы 474,4 метрді құрайтын магистралды сораптың кіріс-шығыс технологиялық құбыры, AUMA заманауи үлгідегі интеллектуалды жетекті қысымды реттеу тобы жобаға сәйкес жаңғыртылды. Басшылар мен іс тетігін білетін мамандар бірнеше мәрте алмасқанымен, ынтымағы жарасқан ұжым әуелден қалыптасқан береке-бірлігі мен тату тірлігінен танбады, қалыптасқан еңбек дәстүріне адалдығынан айнымады. Барлық көрсеткіштерден үздік шығып, озаттар сапынан көрінді.

Еще больше новостей на нашем telegram-канале , подписывайся и будь в курсе!
АРХИВ ЖУРНАЛОВ SKNEWS

Смотрите также

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Астана, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: