Главная Новости Қажымас құбыр сақшылары
03 қараша 2020, 13:25 1788

Қажымас құбыр сақшылары

Қажымас құбыр сақшылары

Мұнай және газ тасымалдау ісінде ең маңыздысы – құбырлардың қалтқысыз қызметі. Бұл істе қателікке мүлде орын жоқ. Сәл ғана ақаудың өзі бүкіл кәсіпорын жұмысына зиянын тигізеді. Сол үшін де құбыр бойындағы дәнекерлеу жұмыстарының сапалы болуы – «құбыр сақшыларының» кәсіби біліктілігіне тәуелді. Оларды мұнайшылар «желілік құбыршылар» деп атайды.

ҚҰРЫШ ҚАЛЫБЕК

Қалыбек Жанаев «ҚазТрансОйл» АҚ Маңғыстау мұнай құбыры басқармасының апатты-қалпына келтіру пунктінің желілік құбыршысы болып қызмет етеді. Ол өз кәсібін құбыр транспорты саласындағы ең құрметті әрі ең маңызды мамандық деп санайды.

«Біздің негізгі міндетіміз – құбырлардың үздіксіз және сенімді жұмысын қамтамасыз ету, – дейді Қалыбек. – Ол кәсіпорынның қан айналым жүйесі іспеттес. Құбыр кез-келген жерде сыр беруі мүмкін. Оны болдырмас үшін біз қыс не жаз екеніне қарамастан магистральді құбыр желілерінің техникалық жағдайын бақылап, қажет кезде жөндеу жұмыстарын жасаймыз».

Айтуға оңай, дегенмен желі құм суырған шөлейтті, сортаң далада, ашық аспан астында жұмыс істеуге де мықты ерік-жігер керек-ақ. Қалыбек Жанаевтың айтуынша, мұндай жағдайда жұмыс істеуге екінің бірі дауаламайды.

«Менің әріптестерім, яғни желілік құбыршылар – батыл да ержүрек азаматтар. Жұмыс қиын, дегенмен, өзіме ұнайды. Үнемі жолда, қозғалыста болатыныңмен де қызық, жауапкершілігі де мол. Бұл кәсіпті игеріп кетуіме тәлімгерлерім Жақсылық Нұрбатыров, Марат Ходжаев, Қадырбай Оразовтар көп еңбексіңірді. Оларға алғысым шексіз. Осы жұмыста жүріп, аяққа тұрдым, отбасылы болдым. Артымнан ерген жеті балам бар», – дейді бойын қуаныш кернеген Қалыбек.

БІЛІКТІ БАҚТИЯР

«ҚазТрансОйл» АҚ Шымкент мұнай құбыры басқармасының «Шымкент» апатты-қалпына келтіру пунктінің желілік құбыршысы Бақтияр Мұратов 19 жасынан әке жолын жалғап келеді. Иә, Бақтиярдың әкесі Еркін де жоғары білікті желілік құбыршы болған. «Әке көрген оқ жонар» деп, Бақтияр бала кезінен машина мен түрлі механизмдерге қызығушылық танытса, жасөспірім шақта дәнекерлеу жұмыстарын меңгеріп алады. Әлбетте, мұның бәрі кейін қызметте көп кәдеге жараған.

«Жұмысым өзіме ерекше ұнайды, – дейді ол. – Құбырларда түрлі кесінді жасап, «пиранья», «файнамен» (құбыр кесуге арналған құралдар) жұмыс істеуге әуеспін. Әріптестеріммен бірге 250 км құбыр бойында жұмыс істейміз. Күнделікті құбыр трассасына барып, тексереміз, ақауларын анықтаймыз».

Бақтияр Мұратов тікелей қызметінен бөлек, құбыршылар арасында өтетін кәсіби шеберлік байқауларында бақ сынап, талай мәрте қанжығасын майлап оралған. Тіпті, екі мәрте басқарма атынан Павлодар және Атырауда өткен республикалық байқауда бақ сынаса, 2013 жылы Беларусьтің Мозырь қаласында өткен халықаралық байқауда үшінші орынды иеленіп қайтты.

«Жұмысты жылдам және сапалы орындағанды ұнатамын. Мені кәсіпке баулыған «Шымкент» БМАС АҚП шебері Сүндет Жолдасов бүгінде зейнет демалысында. Біз бір-бірімізді ымнан түсінуші едік, ол қызметтегі дәрежесіне қарамастан, менімен ақылдасып отыратыны ұнайтын», – деп еске алады Бақтияр Мұратов.

Бүгінде құбыршының өзі де жас мамандарға кәсіптің қыр-сырын үйретіп, тәжірибесімен бөлісіп отырады. Кәсіби шеберлік байқауына шәкірт дайындап, жүлделі орынмен оралуына көп көмегі тиді. Адал еңбектің нәтижесі сол – шәкірті бүгінде апаттық-қалпына келтіру пунктінің шебері дәрежесіне дейін жоғарылаған. «Маған үйренсем, білсем деп құлшынып тұратын адамдар ұнайды. Оларға өз білетініңді үйретуге сен де құмартасың. Жас мамандарға жұмысқа жауапкершілікпен адал қарауға кеңес беріп отырамын», – дейді Бақтияр.

АБЫРОЙЛЫ ӘДІЛБЕК

«ҚазТрансОйл» АҚ Павлодар мұнай құбыры басқармасының тіректі апатты-қалпына келтіру пунктінің желілік құбыршысы Әділбек Эрметов бала кезінде ұшқыш болуды армандаған. Ал әскерде көлік жүргізіпті. Кейін Ақтаудағы арнаулы курстан өтеді. Осылай, техникаға бір табан жақындығы оны мұнай тасымалдау саласына әкелсе керек. Бүгінде оның жұмыс өтілі 23 жылды құраса, Әділбектің осы уақыт шеңберінде таңдауына бір өкінген кезі болмаған.

«Әрине, жұмыстың оңайы жоқ. Қыр-сырын үйренуге көп уақыт қажет. Бұл ретте тәжірибелі тәлімгерлердің тәрбиесін алғаныма қуанамын. Біздің жұмыста қателікке орын жоқ. Сол үшін де білмегенімді сұраудан жалыққан емеспін», – деп еске алады Әділбек қызметтегі алғашқы жылдарын.

Онысы дұрыс болып та шыққан. Өйткені, желілік құбыршының жұмысы расымен де аса қауіпті. Құбырмен жоғары қысымдағы мұнай тасымалданады. Сондықтан дәнекерлеу жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік техникасын сақтап, мұқияттық танытпаса болмайды.

«Менің жұмыс орным – Павлодар мен Екібастұз арасындағы мұнай құбыры трассасы болғандықтан, үнемі қозғалыста болуыма тура келеді, – дейді Әділбек. – Құбырларда ақау анықталса, оны жөндеп біткенше бірнеше тәулік бойы құбыр бойында жұмыс істейтін кездер болады. Мұндайда білім-білігіңнен бөлек, сабырлық пен шыдамдылық та қажет. Бұл қызмет кез-келген жанға қол емес, маған сонысымен де ұнайды. Әрбір қиындық адамды шыңдай түсіп, қысылтаяң кезде жылдам шешім қабылдауға үйретеді».

Еще больше новостей на нашем telegram-канале , подписывайся и будь в курсе!
АРХИВ ЖУРНАЛОВ SKNEWS

Смотрите также

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Астана, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: