Главная Новости «Қаламқасмұнайгаз» машинисі: «Өндірісті өркендету – ортақ міндет»
13 желтоқсан 2021, 16:49 2042

«Қаламқасмұнайгаз» машинисі: «Өндірісті өркендету – ортақ міндет»

«Қаламқасмұнайгаз» машинисі: «Өндірісті өркендету – ортақ міндет»

«Осы мамандықты игергеніме еш өкінбеймін, керісінше мақтан тұтамын. 23 жылым өндіріс басында өтті. Жұмыс өте жауапты, күрделі. Берілген тапсырмаларды бұлжытпай орындау, үзіліссіз жұмыс істеп тұрған қазандықтардың шуылы, сағаттар бойы тікеңнен тік тұру сияқты өзіндік қиындықтары да жетерлік. Бірақ ортақ іске титтей де болса өз үлесіңді қосқанда бар қиындықты ұмытып, өз кәсібіңнен ләззат аласың» – дейді «Қаламқасмұнайгаз» ӨБ Мұнай айыру және өткізу цехының машинисі Аманқос Ерғазиев.

Аманқос Ерғазиев 1960 жылы Түркменстанда туған. Ес білген шағында елге оралып, 2001 жылы шілде айында «Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармасына 3 дәрежелі оператор болып жұмысқа орналасады. 2007 жылдан бастап техникалық сораптар машинисі болып жемісті еңбек етіп жүр.

«Қазіргі уақытта ұжымда жиырмадан аса адам бар. Өндіріс жұмысы жоғары жауапкершілікті талап ететін сала болғандықтан, мұндағы әрбір қызметкер өз міндетіне жауапты қарайды. Жауапкершілік бар жерде жұмыс та өнімді, еңбегің де бағалы. Босаңсуға болмайды. Бұл берісі біздің адал еңбегіміз, отбасымыздың нәпақасы болса, арысы мемлекетіміздің болашағы үшін өте маңызды ғой. Сондықтан өндіріске келген әрбір адам мұны терең түсінеді деп ойлаймын. Ал өндірістің қазіргі жағдайы мен өткенін салыстырсаң әлбетте оң өзгерістер көп. Қазір мұнай-газ өндірісіне автоматика, электроника, қондырғылар жаңа технологиялар енді. Бұл күрделі жұмысты жүйелі әрі оңтайлы жүргізуге мүмкіндік беріп отыр», дейді ол.

Бүгінде қыздарын қияға, ұлдарын ұяға қондырып, немере-жиеннің қуанышына кенеліп отырған Аманқос аға өзін осы ұрпағымен бақытты екенін айтты. «Адам ақылымен сымбатты, ұрпағымен қымбатты» деп бекер айтылмаса керек.

«Екі қызым тұрмыста, ұлым қолымда. Ұлымнан үш немере, қыздардан бес жиен сүйіп отырмын. Қолым қалт еткенде уақытымды немерелеріме арнаймын. Солардың тәтті қылықтарынан қуат алып, демаламын. Ұлым ізімді қуып мұнай саласы бойынша білім алған еді. Бірақ жеке кәсіпке бет бұрып, сол салада қызмет етіп жүр», деп марқаяды әке көңілі.

Аманқос аға отбасы үшін ғана емес, ел мен жердің амандығына да алаңдап, тілекші боп жүретінін жеткізді.

«Қазір әлемде әртүрлі жағдайлар болып жатыр ғой. Індет бар әлемді шарлады. Ағайын-туысымыз індеттен, қауіп-қатерден аман болса деймін. «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясы еліміздің экономикасын өркендетуге үлкен үлес қосып келеді. Біз осы тарихтың куәгерлеріміз. Еліміз өсіп-өркендей берсін», деп ағынан жарылған еңбек адамына риза болдық.

Еще больше новостей на нашем telegram-канале , подписывайся и будь в курсе!
АРХИВ ЖУРНАЛОВ SKNEWS

Смотрите также

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Астана, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: