Главная Новости Қаражанбас кен орны немесе біз мұнайға қарыздармыз
22 тамыз 2024, 12:05 704

Қаражанбас кен орны немесе біз мұнайға қарыздармыз

Қаражанбас кен орны немесе біз мұнайға қарыздармыз

Адам баласының өміріне елеулі өзгеріс әкелген табиғи байлықтың бірі – мұнай. Дүниежүзіне белгілі оқымыстылардың мұнай туралы жазбағандары кемде-кем болар. Орыстың атақты ғалымы М.Ломоносов 1763 жылы жарық көрген «Жер қабаты туралы» трактатында «тас көмір жер астындағы ыстықтың әсерінен қоңыр майлы затқа айналады» деген ой түйіндейді. Яғни мұнайдың органикалық заттардың араласуы арқылы пайда болатынын айтқан.

Даңқты ғалым Дмитрий Менделеев мұнай өнеркәсібінің келешегін батыл болжаған. Ол «мұнайға ғылымның жа­ры­ғын түсірмесе, оның сол тар қапаста қала беретінін, оның адамзатқа берген ең таңғажайып сыйы екенін, оны сол шикілей күйінде отқа жағудың үлкен күнәнің бірі екендігін» алға тартады. Адамзат өзінің қажетіне аталарымыз «қара май» деп айдар таққан мұнайды әлі қаншама ғасыр жарататыны белгісіз. Белгілісі – бүгіндері адам баласы мұнайсыз күнін көруі тіптен қиын десек, еш қателеспейміз. Дүниежүзіндегі мемлекеттер бүгіндері мұнайға толық тәуелді. Мұнайдың біз­дің күнделікті өмірімізге дендеп еніп кеткендігі сонша, күн сайын оның баға­сы­ның қанша долларға қымбаттап немесе арзандағандығын білу мақсатында арнайы сайттарға үңілеміз. Оның бағасы тұтас елдердің әлеуметтік-экономикалық жағдайына тікелей әсер ете бастады. Мұнай бірнеше ғасырдан бері әлемдік гео­­­саясатта ықпал ететін маңызды тетіктің бірегейіне айналды. Бұл дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома.

Еліміз әлемдегі мұнай қорының мөл­шері бойынша алдыңғы қатарлы мем­лекеттердің бірі. Басымызға сан мәрте сын сағаты соққанда мұнайдың арқасында еңсеміздің тіктелгені жасырын емес. Өткен жылдарға шегінсек, республикада 1950-1960 жылдардағы мұнай өнімінің көлемі сын көтермейтін еді. Бүкілодақтық өнімде біздің үлесіміз бар болғаны 2-3% мөлшерінде ғана болыпты. Олқылықтың орнын толтыру үшін Орталық партия комитеті мұнай өнімінің көлемін ұлғайту мақсатында тиісті шешімдер қабылдады. Соның нәтижесінде Маңғыстау түбегінде геологиялық-барлау жұмыстарын кеңейту шаралары бекітілді. Көптеген жұмыстар іске асырылды. Уақытпен санаспай еңбек етіп, құба даладан мұнай іздеп шарқ ұрған мұнайшыларының еңбегі ақталды. 1961 жылы Өзен, Жетібай алаңдарында мол қор табылды. Нәтижесінде, республикамыз мұнай өндіруден КСРО бойынша екінші орынға көтерілді.

«Мен сапар үстінде ғажайып бір оқиғаға кез болып, өз көзіммен көрдім. Каспий теңізінің шығысындағы Қайдақ шығанағында қайықтың ескегін есіп, әр сілтеген сайын су бетінде көгілдір дөңгелек майлы көбік пайда болғанын байқадым. Мұқият зерттеп қарасам, ол ақшыл түсті мұнай болып шықты». Осынау жазбаның авторы өлке зерттеушісі Г.С.Карелин. 1830 жылдары өлкені зерттеуге келген сапарында ол көрген-білгенін, көңілге түйгенін осылайша күнделігіне жазған екен. Міне, осындай мәліметтер Бозашының қойнында мұнайдың мол қоры бар екендігін дәлелдейді.

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Маңғыстауға мұнай іздеушілер ағыла бастады. 1947-1948 жылдары ВНИГРИ геологтары А.Савельев пен Н.Кузнецова-Савельева бірінші аумақтық геологиялық карта түзу жұмыстарын Солтүстік Ақтау өңірінде жүргізген. Олар Бозашы түбегіне қарай бірнеше геологиялық зерттеу сапарларын атқарып, түбектің терістігінде Бозашы дөңі болуы керек деген батыл жорамал жасайды.

1950 жылдан бастап ВНИГРИ ғалым­дары Бозашы түбегін геоло­гия­лық және геофизикалық зерттеу жұмыстарының нысанына айналдырды. Зерттеу жұ­мыстарында Бозашының сор басқан солтүстік батыс аймағы қамтылмады. Ондағы негізгі геологиялық құрылым зерттелмеді. Осындай кедергілерге қарамастан түбекте жүргізілген алғашқы геологиялық зерттеу жұмыстарына талдай келе Б.Дьяков «Түпқараған түбегі, Оңтүстік Бозашы ойпатының орталық алаңы және Солтүстік Бозашы дөңінің оңтүстікпен шектесер жаға етегі мұнайға бай аймақтарға жатады» деген тұжырым жасапты. Осындай ойға табан тіреген Б.Дьяков Қошақ, Қызан, Қырын алаңдарына терең бұрғылау жұмыстарын жүргізуге ұсыныс береді. Сол жылдары жаңадан шаңырақ көтерген «Маңғыстаумұнайгазбарлау» тресі беделді ғалымның ұсынысына сүйеніп, 1958-1959 жылдары Қызан алаңқайынан төрт терең ұңғы қазған. Өкінішке орай, ол ұңғылардан мұнай кездеспейді.

Бірақ геологтар Бозашы алаңқайынан мұнай іздеу жұмыстарын жалғастыра берді. 1960 жылы ВНИГРИ геологтары Солтүстік Бозашы дөңінің батыс бөлігіндегі №7 Долгинец деген жерде геологиялық іздестіру ұңғысын 1200 метр тереңдікке бағыштап бұрғылай бастайды. Ұңғыны бұрғылау кезінде 315-385 метр тереңдік аралығынан мұнай сіңген керн көтереді. Зерттеу нәтижесінде керннің төменгі бор (нео­ком) қабатына жататыны анықталады. Одан әрі тереңдеуге арналған бұрғылау жұмысы жүріп жатқан кезде кенеттен газ аралас су бұрқағы атып, ұңғы қабырғасының құлау қаупі төнеді. Оны тоқтату үшін цемент ерітіндісі құйылады. Осылайша, ұңғы жобаланған тереңдікке жетпей тоқтатылады. Нәтижесінде, алға қойылған геологиялық тапсырма орындалмай қалды. Бұрғылау кезінде алынған жаңа материалдарға жүйелі баға беріліп, зерттелмеді. Осындай сәтсіз жұмыстардан соң түбекті зерттеп, нәтижеге жетем деген үміттің күлі көкке ұшқан болатын. Мұнайшылар ортасында ғана емес, іргелі ғылыми-зерттеу институты мамандарының өзі бірнеше беттік есеп жазып, Солтүстік Бозашы дөңінің болашағы бұлыңғыр деген пікірлерін білдірді. Алысқа кетпей-ақ, сол жылдары абыройы аспандап тұрған КАЗНИГРИ мекемесінің бір топ ғалымдарының 1971 жылы шыққан «Геология, гидрогеология и разработка нефтяных месторождений Западного Казахстана» атты ғылыми еңбектерінде төмендегідей пікір бар еді. «К числу бесперспективных и малоперспективных земель относятся районы горного Мангышлака и примыкающей к ним с востока Карабурской зоны поднятий, а также Северо-Бузачинская зона». Бұдан ұққанымыз, «Солтүстік Бозашы аймағының келешегі жоқ, ол жерден мұнайдың иісі тіптен шық­пайды», деген батыл болжамдары еді. Пікір білдірушілер арасында ла­уазымды тұлғалар да болған. Олардың асығыс айтқан болжамдары «Солтүстік Бозашыда мұнай жоқ» деген пікірді одан сайын ақиқатқа айналдыра түсті. Ашылуға тиісті мұнай кеніші бірнеше жылға шегерілді.

Өз мамандығын қадір тұтатын, қоғам­дағы болып жатқан оқиғаларға өзіндік көзқарасы бар батыл жандар қашанда болған. Олардың басты қасиеті – туған жерін айрықша қастер тұтады. Сондай азаматтың бірі – геолог Әділ Нұрманов. Ол Маңғыстау ауданы, Шайыр ауылында туып өскен, 1957 жылы Қазақ мемлекеттік университетін «геология» мамандығы бойынша бітірген. Өңірдегі алғашқы жасақталған «Маңғыстау­мұнайгазбарлау» тресінде еңбек жолын бастаған. Ә.Нұр­манов 1972 жылы күзде «Маңғыс­тау­мұнайгазбарлау» кешенді экспедиция­сымен арадағы келісімшарт бойынша жаңа геологиялық мәліметтерді жинап, Бүкілодақтық ғылыми-зерттеу және геология-барлау институты және Баутин қаласындағы партияның басшысы В.В.Грибковтың басшылығымен бірлескен түрде 1960 жылы ВНИГРИ мекемесі қаздырған Долгинец-7 ұңғысы орналасқан аймақты зерттейді. Зерттеу кезінде олар сор үстінде биіктігі 1,5 метр болатын бірнеше төбешікті байқайды. Ара қашықтығы 250 метр болатын 2-3 төбешіктен тұратын әлгі төбелерден газ аралас судың шығып, сорға жайылып сіңіп жатқандығы белгілі болады. Мұндай құбылысты геология тілінде микровулканизм деп атайды. Мұнай геология­сымен дендеп айналысқан И.Губкин, Е.Федоров, А.Якубов сынды белгілі ғалымдар әлгіндей төбешіктер тек қана астыңғы қабаттарында газ бен мұнай қорлары сақталған алаңдарда кездеседі деген тұжырым білдірген. Ә.Нұрманов Солтүстік Бозашыға осы сапарынан кейін бұл аймақта мұнайдың мол қоры бар деген батыл пікірін Мәскеуде шығатын «Геология нефти и газа» атты ғылыми журналға «Грязевые сопки – новый поисковый признак на нефть и газ в Западном Казахстана» деген мақалада ашық жариялады. Автор мақаласында Солтүстік Бозашы дөңінің орталық төбе тұсынан табылған, тұрақты жұмыс жасап тұрған «грифондар», бұрынғы жинақталған мәліметтермен қосылып, аймақтың жер қойнауында мұнай мен газ бар екендігін айқын дәлелдей түсті. Сонымен қатар ол Солтүстік Бозашыны бұрғылауда жергілікті жердің тектоникалық, морфо­логиялық ерекшеліктерін ескеріп, ай­мақта барлау-бұрғылау жұмыстарын жалғастыру керек деген ұсынысын батыл білдірді. «Маңғыстаумұнайгазбарлау» тресінің бастығы Х.Өзбекқалиев пен бас геолог В.Токаревке қызметтік жиналыс барысында осы мәселені қозғап, шешімін кешеуілдетуге болмайтындығын бірнеше рет айтыпты. Өзінің пікірін батыл қорғай білетін геологтың табандылығына разы болған Х.Өзбекқалиев Солтүстік Бозашы аймағын бұрғылау мәселесіне қажетті қаражат көлемін алдағы 1973 жылдың бюджетіне енгізу үшін тиісті құжаттарды Орталыққа жөнелту туралы тапсырма береді. Бірақ Орталыққа жіберілген жоба бекімек түгілі, одан мүлдем хабар болмайды. Әкімшілік-әміршілдік жүйеге негізделген қоғамда қатардағы маманның айтқан батыл болжамынан гөрі лауазымды тұлғаның аузы­нан шыққан пікіріне құлақ асқанды жөн көретін.

Дегенмен де, Солтүстік Бозашы аймағына бұрғы салуға кедергі болған тағы бір жайтты атай кеткен жөн. Бұл аймақ ол жылдары КСРО Қорғаныс Министрлігіне қарасты сынақ алаңы болатын. СОКП Орталық Комитетінің, Министрлер кеңесінің «Əскери сынақ жүргізілетін аймақтан геологиялық іздестіру-барлау жұмысын жүргізуге болмайды» деген құпия қаулысының талабы шынын айту керек, Солтүстік Бозашы аймағын бұрғылауға кедергі болған. «Маңғыстаумұнайгазбарлау» тресінің бастығы Х.Өзбекқалиев пен бас геолог В.Токарев сол жылдардағы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Т.Әшімбаев арқылы Капустин Яр сынақ полигонының басшысы генерал-лейтенант И.Гайденкомен кездеседі. Полигон басшысы генерал-лейтенант И.Гайденко өтінішпен келіп отырған трест басшыларының түпкі ойын түсініп, барлық жауапкершілікті өз мойнына ала отырып, Қаражанбастан бірер барлау ұңғысын қазуға рұқсат етеді. Бірақ қояр шарты бар. Барлаушылар əскери жаттығу жүрмейтін аралықта ғана жұмыс істейді. Әскери бөлім басшысының түсіністікпен қарауының арқасында Солтүстік Бозашыдан бұрғылау жұмыстарын кешеуілдетпей бастау керек деген шешім қабылданады. Жерге тоң түсіп, сортаң жерде транспорт қозғалысына қолайлы болуын күтеді. Сол жылғы қыс өте жылы болып, Бозашы жағалауы тіпті қатпаған көрінеді. Оның алдында теңіз тасып, біраз жерді су басып, жерді одан са­­йын езіп жіберіпті. Бұл 1974 жылдың басы еді.

Бас геолог Ә.Нұрманов топограф Солодов екеуі болашақ ұңғылар орнын батпақтап жүріп зорға белгілейді. Жоба бойынша осы алаңнан 12 та­йыз барлау ұңғысы қазылады делінген. Олар бір қатарға төрт ұңғыдан тізілуі тиіс. Солардың қақ ортасынан бастап қазбақ болды. Ұңғының шартты атауы – К-12. Бас геологтың тікелей тапсырмасымен геологиялық іздестіру конторының бұрғылау шебері Санақ Таянов 1974 жылдың қаңтар айында «МАЗ» автокөлігіне орнатылған «БА-15Н» қондырғысымен жоғарыда аталған К-12 ұңғысын қазуға кіріседі. К-12 ұңғысы кезінде ВНИГРИ-дің ұсынысымен қазылған «Долгинец-7» ұңғысынан 2,5 шақырым қашықтықтағы Қаражанбас алаңы еді. Арада бірнеше күн өткенде, яғни 24 қаңтар күні бұрғының тереңдігі 200 метрге жетеді. 26 қаңтар күні түн ортасына таман ұңғының тереңдігі 302 метрге жеткенде ойламаған жерден күшті мұнай бұрқағы атқылайды. 146 милиметрлік құбырдың көмегімен 150 атмосфералық қысыммен тулаған мұнай фонтанын С.Таянов бригадасы оп-оңай бағындырғанымен, оны техникалық қауіпсіздік талаптарына толықтай етіп бағындыруға бір айдай уақыт жұмсапты. Ашық мұнай фонтанының өнімі тәулігіне 150 текшеметрді құрайды. Міне, осылайша 1974 жылдың 26 қаңтары тарихқа Бозашы мұнайының ашылған күні болып жазылады.

Бозашы түбегінде алғашқы болып, мұнай-дариясын жер бетіне шығарған атақты бұрғылау шебері С.Таяновтың бригадасында еңбек етіп, өлкенің мұнай тарихынан ойып орын алған азаматтардың аты-жөндерін атай кетелік. Олар Хален Амандәулетов, Төребай Сейітов, Виктор Ушаков, Виктор Симутин, Алексей Игнатьев, Петр Петухов, Өтеген Тәжекеев, Владимир Червяков секілді уақытпен, қатал климатпен санаспай тер төккен майталман бұрғышылар болатын. Қаражанбас алаңын бұрғылап, мұнай-дариясын атқылатуда өлшеусіз еңбек сіңірген С.Таянов ғұмырында абырой биігінен көрінген маман. Ол 1985 жылы 15 наурызда бұрынғы КСРО Геология министрі Е.А.Козловский қол қойған «Қаражанбас, Солтүстік Бозашы мұнай кен орнын тұңғыш ашқаны үшін» дипломымен және төс белгісімен марапатталған. Сонымен қатар «Октябрь революциясы», «Еңбек Қызыл Ту» ордендеріне ие болды, көптеген мерекелік медальдардың иесі атанды. 1997 жылы «Ақтау қаласының Құрметті азаматы» атағы берілді. Кеңес одағы кезінде «Бұрғылау – мұнай үшін күрестің алғы шебінде» атты ұран болатын. Яғни мұнайды тауып, оны өндіру мәселесінде бұрғышылардың алатын маңызы зор. Бұрғышының бақыты – ол алғашқы мұнай бұрқағын атқылату нәтижесіне қол жеткізгендігімен өлшенетін болар. Ал 1975 жылы Солтүстік Бозашыдағы 122-ші ұңғыдан да мұнай бұрқағын атқылатқан да С.Таяновтың бұрғылау бригадасы еді.

Жетпісінші жылдардың екінші жартысы еліміздің мұнай жылнамасына алтын әріптермен жазылатын кезең болып енді. 1974 жылдың 26 қаңтарында Қаражанбастағы №12, 1975 жылдың 19 мамырында Солтүстік Бозашыдағы №122, 1976 жылдың 26 шілдесінде Қаламқастағы №3 ұңғыдан мұнай атқылап, бұл оқиға тек Маңғыстау түбегі емес, күллі ел қуанышына айналды.

Қаражанбастың алғашқы мұнай фонтанынан алынған мұнайдың ерекшелігіне тоқталайық. Тығыздығы 0,939-0,944 г\см³, құрамында 1,6-2,2% күкірт жəне 0,71,4 % парафин бар. Қабаттағы температура 25°-37°аралығында. Газға қаныққан қалыңдық – 2,4 м. Бірнеше сатылы қабаттарда орналасқан. Өнімді қабаттардың орналасу тереңдігі – 228-466 м аралығында. Ең бастысы, мұнай құрамында өте қымбат элемент – ванадий мен стронций бар. Осы бірінші мұнай фонтанының физикалық және химиялық құрамын тағы бір мәрте тексеру мақсатында К-12 ұңғысы жанынан №101 барлау ұңғысын қазу белгіленеді. Бұл шаруаны бұрғышы-шебер А.Волочаев БА-15Н қондырғысымен бір ай ішінде 465 метр тереңдікте қазып, толықтай аяқтайды. Бұған толықтай геофизикалық зерттеу жүргізіліп, мұнайлы қабаттардың физикалық, химиялық құрамы анық­талған. А.Волочаевтың бұрғылау қондырғысынан тәулігіне 156 текше метр таза мұнай неоком қабатынан алынып, алғашқы К-12 ұңғысынан алынған мұнай бұрқағының өнімі сол күйінде нақтыланды.

Биыл Қазақстан мұнайына – 125 жыл. Атаулы дата қарсаңында Қаражанбастан алғашқы мұнай бұрқағының атқы­лағанына тура жарты ғасыр толды. Атының өзі береке мен тоқшылықты көзіңе елестетін қасиетті кен орнының ашылу тарихы осындай. Жүздеген, мыңдаған жандардың тағдырын оң арнаға бұрып, ел мен жердің берекесіне береке қосқан Қаражанбас кен орнының бағытынан ауытқымай, алдағы шуағы мол күндерге қарай еркін жүзе беруіне тілекшіміз.

Марат СЕБАСОВ,

«Қаражанбасмұнай» АҚ Әлеуметтік саясат департаменті директорының орынбасары, ҚР Журналистер одағының мүшесі

Еще больше новостей на нашем telegram-канале , подписывайся и будь в курсе!
АРХИВ ЖУРНАЛОВ SKNEWS

Смотрите также

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Астана, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: