Хотите получать уведомления в браузере о последних изменениях на сайте SKNEWS.kz
«Өмірімнің мәні – шүкіршілікте», бүгінде «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасы қабат қысымын ұстау цехында еңбек ететін Мария Бисембергенова осылай деп әңгімесін бастады. 1982 жылы Ақтау қаласындағы училищені тәмамдаған ол бүгінде машинист мамандығының нағыз білгірі.
«2006 жылы өндірістік қазандық жабылып, мені қабат қысымын ұстау цехының №3 сору станциясына ауыстырды. Қызметім үлкен жауапкершілікті талап етеді. «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасының жылдық жоспарды толық орындап, биік межеден көрінуіне де осы цехтың атқаратын рөлі зор деп есептеймін. Бүгінде қалдық су станциясында 7 насос жұмыс жасап тұр. Барлығын қосқанда 16 насостың көмегімен тәулігіне 1300 шаршы метр суды қатты қысыммен жер қабатына айдаймыз», - деп әңгімелейді кейіпкеріміз.
«Батырға оңы-солы бірдей» демекші, қос машинист түнгі кезекте де қанаттасып еңбек етеді. Бұлардың әрқайсысы өз мамандықтарын қадірлей біледі. Ұжымда дауыс көтеру деген жоқ. Барлығы ауызбірлікпен, қас-қабақпен өзара түсінісіп, өз міндеттерін мүлтіксіз атқарады.
«18 жасымда «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасының қазандық цехына жұмыс сұрап бардым. Сол кездегі бастығым Ерлан Бажиков еді. Мән-жайды сұрай келе, талабымды қайтармай «Әкеңнің жақсылығын көп көріп едім» дегені есімде қатты сақталып қалды. Осы бір кісілікпен, азаматтық қамқорлықпен айтылған жылы сөз өзіммен бірге өмір сүріп келеді. Қазақта «Жақсы әкенің аты балаға қырық жыл азық болады» деген ұлағатты сөз бар ғой. Әкем Ерғали Таңатов токарь болған кісі. Анам да «ҚазТрансОйл» мекемесінің қауіпсіздік саласында талай жыл қызмет етіп, зейнеткерлікке шықты», - деп еске алады Мария Бисембергенова.
Ерлерге тән ауыр жұмыстың қайнаған ортасында жүрген Мария апайдың тұрмысы бақуатты. Жолдасы Садуақас Бисембергенов «ОйлСервисКомпани» серіктестігінде машинист болып еңбек етеді. Бұл күнде әже деген мәртебені иемденіп үлгерген Мария апай сүйкімді немересіне қарап, адамдық мен адалдықты, обал мен сауапты ажырататын азамат болсын деп тілейді. Іні ағаға серік болсын, аға ініге қанат бітірсін, қайратқа қайрат қосып, қатарласып бірге жүрсін деген ниетпен үш ұлын Қанат, Қайрат, Серік деп атады.
Өмірінің 35 жылын сүйікті кәсібіне арнаған жанның жан жадыратар жылы әңгімелеріне сүйсінбеу мүмкін емес. Қажыр-қайратпен өрнектелген еңбек жылдары ажарына аса бір сын тақпапты. Сұлу келіншек, аяулы ана, әдемі әже атанған Мария Бисембергенованың нағыз қазақ әйеліне тән қайсарлығы кешегі Кәмшат Дөнентаеваның ерен еңбегін еске түсірді.
Жаннат КЕМАЛ