Хотите получать уведомления в браузере о последних изменениях на сайте SKNEWS.kz
Қазатомөнеркәсіп компаниясы уран өндіру мен сату бойынша әлемдік көшбасшы орнын сақтап келеді.
Қазатомөнеркәсіптің 2021 жылғы қаржылық жай-күйі мен қызметінің нәтижелеріне жасалған талдауға сәйкес, атом холдингі әлі де сақталып отырған белгісіздіктерге қарамастан, былтыр жақсы нәтижелер көрсетті.
Шоғырландырылған түсім 691 млрд теңгені құрап, 2020 жылмен салыстырғанда 18%-ға артты. Операциялық пайда 6%-ға өсіп, 238,2 млрд теңгені құрады. Түзетілген таза пайда 220 млрд теңгені құрап, 10%-дық өсімді көрсетті.
Уран өндірісінің шоғырландырылған көлемі өткен жылмен салыстырғанда 12%-ға артып, 21 819 тоннаны құрады. 2021 жылы шоғырландырылған сату көлемі 2020 жылғы көлемге ұқсас болып, 16 526 тоннаға жетті.
Қазатомөнеркәсіптің 2022 жылғы өндіріс деңгейі бойынша болжамдары бұрынғысынша нарыққа бағдарланған стратегияға сәйкес келеді. Компания 2018 жылдан бастап 2023 жылға дейін өндірісті 20%-ға төмендету (жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар шеңберінде белгіленген өндіру деңгейімен салыстырғанда) бойынша өз ұстанымын сақтайды. Болжам бойынша, 2022 жылы өндіріс көлемі 21 000-нан 22 000 тоннаға дейін уранды құрайды. 2022 жылы сату көлемі 16 300-ден 16 800 тоннаға дейін болады деп күтілуде.
Компания өз қызметін ашықтық, корпоративтік басқару, сондай-ақ денсаулық пен қоршаған ортаны қорғау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету сияқты қызметтің негізгі аспектілерінде ең жоғары халықаралық кәсіптік стандарттарға сәйкес жалғастыра береді.