Главная Новости «Қазақтелеком» жастарды жұмысқа орналастыру мәселесін шешуге дайын
08 шілде 2022, 08:30 1167

«Қазақтелеком» жастарды жұмысқа орналастыру мәселесін шешуге дайын

«Қазақтелеком» жастарды жұмысқа орналастыру мәселесін шешуге дайын

«Қазақтелеком» жастарға арналған бірінші республикалық онлайн-жәрмеңкеге қатысушыларды өзінің "PROTelecom" тағылымдама бағдарламасына шақырды. Enbek.kz порталында өткен іс-шарада Еңбек министрлігінің қолдауымен жұмыс іздеушілердің өздері ғана емес, сонымен қатар экономиканың түрлі салаларындағы Қазақстанның жетекші компаниялары да қатысты. Еліміздің ірі телеком-операторы HR-бағытының өкілдері де жәрмеңкеде рекрутингтік құралдар мен жұмысқа орналасу мүмкіндіктері туралы айтып берді.

«PROTelecom» жас мамандар мен жоғары курс студенттеріне арналған тағылымдама бағдарламасы «Қазақтелекомда» 2018 жылы отандық университеттердің студенттері мен түлектері арасынан талантты жастарды тарту, кадрлық резерв құру, сондай-ақ компанияның тартымды жұмыс беруші ретіндегі имиджін одан әрі дамыту және қолдау үшін іске қосылды. Бағдарлама қызмет еткен 5 жыл ішінде ірі телеком-оператордың құрылымдық бөлімшелерінде 700-ден астам студент тағылымдамадан өтті, олардың 100-ге жуығы жұмысқа қабылданды және бүгінде компания тобында мансабын табысты жалғастырып келеді, атап айтқанда, тек ірі байланыс операторын ғана емес, тұтастай алғанда бүкіл отандық телекоммуникациялық секторды дамытуға өз үлесін қосуда.

«Жобаға Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген жоғары оқу орнының түлегі немесе оқушысы қатыса алады және Big Data, Data Science, ақпараттық технологиялар, байланыс, энергетикалық машина жасау, Қаржы, экономика, бухгалтерлік есеп және аудит, маркетинг, менеджмент, логистика және т.б. мамандықтар бойынша практикадан өте алады. Әдетте, тағылымдама бағдарламасына қатысуға өтінімдерді қабылдау жыл сайын көктемде басталып, іріктеу қорытындысы бойынша бірнеше кезеңде үздіктер тағылымдама туралы ұсыныс алады да, үш ай ішінде жастар тәжірибе алып, өздерінің тәлімгерлері – «Қазақтелекомның» жоғары білікті мамандарының кәсіби дағдыларын игереді. Тәжірибе қорытындысы бойынша қатысушылар ішіндегі ең дарынды дегендері жұмысқа шақыру алады», – деп мәлімдеді «Қазақтелеком» АҚ-ның тәжірибені басқару қызметінің бас менеджері Ерасыл Амандықов.

Республикалық онлайн-жәрмеңкемен қатар, «Қазақтелеком» қызметкерінің тәжірибесін басқару қызметі елордалық фронт-офистердің бірінде оффлайн режимінде өткен өзінің алғашқы бос жұмыс орындары жәрмеңкесін ұйымдастырды. Алғаш рет жұмысқа орналасуға үміткерлермен әңгімелесуді рекрутерлер емес, бөлімше басшыларының өздері жүргізді. Компанияның фронт-офистері – «Қазақтелекомның» клиенттер ең көп келетін жұмыс учаскелерінің бірі. Күн сайын елордалық сату кеңселеріне жүздеген абонент келеді, сонымен қатар, онлайн-арна операторлары 24/7/365 режимінде үздіксіз жұмыс істейді. Олар қажетті кәсіби білім ғана емес, сонымен қатар әртүрлі адамдармен қарым-қатынас жасау дағдыларына ие мамандар. Қолда бар бос орындарға лайықты кадрларды іріктеу мақсатында бөлімше басшылары өздерінің «мінсіз» жұмыскерін іздеуге шықты.

«Қазақтелеком» бастамашы ретінде Бос орындар жәрмеңкесін алғаш рет өткізіп отыр. Сондықтан біз жалпы қабылданған форматтан бас тартып, жұмыс іздеуші мен жұмыс беруші арасындағы қашықтықты барынша қысқартып, қажетті адамдарды таңдап алуға шешім қабылдадық, – деп түсіндірді «Қазақтелеком» АҚ Қызметкердің тәжірибесін басқару қызметінің басшысы Павел Летута. – Бұл жұмыс іздеп жүрген кандидаттарға келістіру, тестілеу, телефон арқылы сұхбат, бейнесұхбат және тағы басқа кезеңдерінен өтпей, басшыларымен тікелей сөйлесуге және өз сұрақтарына толық жауап алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жұмыс беруші өзіне қажетті «мінсіз» маманның қандай болуы керектігі жайлы нақты мәлімет ала алады».

Жәрмеңкеге алғашқылардың бірі болып телекоммуникация саласындағы жаңа мамандар Ақкүміс Сайран мен Инайя Рақымжанова келді. Қыздар бір апта бұрын диплом алып, қазіргі таңда жұмыс іздеуде.

«Біз 4 жыл оқыған «Радиоэлектроника және байланыс» мамандығымыз бойынша жұмыс істегіміз келеді. Сұхбат жеңіл әрі тез өтті, бізге барлығын түсінікті тілмен жеткізіп берді, – деді биылғы жыл түлектерінің бірі Ақкүміс Сайран. – Шынымды айтсам, басында келуге қорқып жүр едім, өйткені ешқандай жұмыс тәжірибем жоқ, бірақ «Қазақтелеком» ментормен жұмыс істеуге уақыт бөле отырып, бізді тегін оқытуға дайын. Сонымен қатар, мен үшін үлкен маңызды артықшылық - үйге жақын жерде тұрған кеңсені, сонымен қатар ыңғайлы жұмыс кестесін таңдауға мүмкіндік бар, өйткені мен университетке түсіп, оқуымды әрі қарай жалғастыруды жоспарлап отырмын. Сондықтан маған онлайн-арнадағы жұмыс қолайлы».

Компанияның кез-келген операторының жұмысының мәні, оның қызмет көрсету орнында немесе онлайн – арнада жұмыс істейтініне қарамастан, сапалы қызмет көрсету болып табылады. Компания бұған үлкен назар аударады, сондықтан ол өз мамандарын оқытуға уақыт пен қаражат жұмсауға дайын. Әңгімелесуден өткен және «Қазақтелеком» командасына қосылуға ниет білдірген үміткерлермен екі апта бойы бизнес-тренерлер жұмыс істейтін болады.

«Жаңадан келгендерді оқыту теориялық білім мен практикалық дағдыларды қамтиды және бірнеше кезеңнен тұрады, – дейді «Қазақтелеком» АҚ Орталық өңірі В2С сегментінің коммерциялық директоры Әлия Ескендірова. – Ментормен екі апталық курс ақпараттық жүйеде жұмыс істеуді, табысты сатудың қыр-сырын үйретуді, қызмет алушымен өзара іс-қимылды, біздің барлық өнімдік ұсыныстарымызды егжей-тегжейлі зерделеуді қамтиды. Бастапқы кезеңде жаңа қызметкер тап болуы мүмкін кез-келген ұсақ-түйек жағдайлар ескеріледі».

Содан кейін үміткер қорытынды емтихан тапсырады және келесі 1,5-2 ай ішінде біртіндеп бэк-офистегі әріптестерінің қолдауымен жұмыс процесіне қосылады. Жалпы, «Қазақтелекомда» кадрлармен қамтамасыз ету бағдарламасы болашақ қызметкерлерді мектеп қабырғасынан бастап даярлайтын көп сатылы жүйені көздейді.

«Біздің компанияда биылғы жыл қызметкерлерді әлеуметтік қолдау жылы деп жарияланды. Осы бағыт аясында шілде айында біз қызметкерлеріміздің балаларына арналған ІТ-лагерьді алғаш рет іске қосамыз, – деп мәлімдеді Павел Летута. – ІТ-лагерь – бұл кадрларды даярлау тізбегіндегі бірінші буын, онда балалар жалпы ІТ-индустриямен, роботты техникамен, бағдарламалаумен және т.б. танысады. Келесі кезең – компания серіктестік қарым-қатынас құрған жоғары оқу орындарында білім алу. Бүгінгі таңда Қазақстан бойынша олардың саны 30-ға жуық».

Жұмыс іздеушілер жұмыс берушімен тікелей тілдесе алатын басқа да Бос орындар жәрмеңкесі жақын арада Алматы қаласында, еліміздің батыс және оңтүстік өңірлерінде өтеді. Павел Летута атап өткендей, бұл іс-шара қосымша бастама болып табылады және кандидаттарды іздеу және жұмысқа орналастыру бойынша барлық басқа да құралдарға көмекші шара ретінде қолданылады.

Еще больше новостей на нашем telegram-канале , подписывайся и будь в курсе!
АРХИВ ЖУРНАЛОВ SKNEWS

Смотрите также

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Астана, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: