Хотите получать уведомления в браузере о последних изменениях на сайте SKNEWS.kz
Венада (Австрия) Атом энергетикасы жөніндегі халықаралық агенттіктің (АЭХА) Бас конференциясының 68-ші сессиясы өтіп жатыр, ол атом энергетикасының негізгі мәселелерін талқылау үшін 178 елдің өкілдерінің басын қосты. Конференция барысында тақырыптық сессиялар, екіжақты кездесулер, ғылыми форум және АЭХА - ға мүше елдердің атом саласы жетістіктерінің көрмесін өткізу көзделген.
Көрме аясында бейбіт атомды дамытуға, еліміздің жаһандық ядролық қауіпсіздікке қосқан үлесіне және уранды тұрақты жеткізуді қамтамасыз етуге арналған Қазақстанның ұлттық павильонының ашылу рәсімі өтті.
Ашылу салтанатына АЭХА Бас директоры Рафаэль Гросси, Қазақстанның Австриядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Мұхтар Тілеуберді, ҚР энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев, «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» АҚ, «ҚР Ұлттық ядролық орталығы» РМК және ҚР энергетика министрлігінің «Ядролық физика институты» РМК басшылығы қатысты.
Рафаэль Гросси өз сөзінде Қазақстанның төмен көміртекті даму жөніндегі жаһандық бастамалардағы маңызды рөлін атап өтті:
«Қазақстан біздің бірлескен күш-жігерімізде шешуші рөл атқарады және оның қомақты уран қорымен қосқан үлесі аса маңызды. Біз сіздердің еліңіздің АЭХА-мен, әсіресе төмен байытылған уран банкін орналастыру контекстінде көпжылдық ынтымақтастығын жоғары бағалаймыз және таза энергия саласындағы маңызды бастамаларды ілгерілету үшін одан кейінгі өзара іс-қимылдарға дайынбыз», - деп түйіндеді АЭХА басшысы.
Қазақстанның энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев елдің жаһандық ядролық қауіпсіздікті нығайтуға бейілділігін атап көрсетті:
«Биыл Қазақстанның АЭХА-ға кіргеніне 30 жыл толды. Осы кезеңде біз Агенттіктің қолдауымен атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану идеясын дәйекті түрде қолдап келеміз және жаһандық тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған халықаралық күш - жігерге белсенді түрде жәрдемдесеміз», - деді министр.
Ол сондай-ақ, Қазақстан уран өндіру бойынша әлемдік көшбасшы екенін, ядролық отын компоненттері мен жылу бөлетін құрамаларды өзі өндіретінін, сондай-ақ осы саладағы елеулі кадрлық әлеуеті мен тәжірибесіне ие бола отырып, өзінің ядролық энергетика секторын дамытуды жалғастыратынын мәлімдеді.
АЭХА Бас конференциясының 68-ші сессиясы 20 қыркүйекке дейін жалғасады. Іс-шара барысында қазақстандық делегация серіктес елдердің өкілдерімен тақырыптық сессиялар мен кездесулер өткізеді, онда ядролық энергетика және қауіпсіздік саласындағы екіжақты ынтымақтастық мәселелері талқыланады.