Хотите получать уведомления в браузере о последних изменениях на сайте SKNEWS.kz
Ақын Нарша Қашағановтың танымал «Хат жазып тұр» өлеңінде «Хат жазып тұр, хат жазып тұр, сағынышыңды сыйғызып. Хат жазып тұр, хат жазып тұр, қашықтықты жеңеді тек хат қана» деген жолдар бар. Бұл жолдар WhatsApp, Telegram не өзге де мессенджер я электронды хабар алмасу қызметтері емес, кәдімгі төрт бума конвертке салынып, шекесіне сүйкімді суреті бар марка жапсырылатын хаттарға арналған. Бірақ, бертінде бұлайша хат алмасу келмеске кетті. Кеңес дәуірінде өскен ұрпақтың романтикасына айналған маркалар да бүгінде негізінен филателистер, яғни марка жинаушы коллекционерлер үшін көбірек шығарылады.
Дегенмен, «Қазпошта» АҚ марка шығару қызметін тоқтатқан емес. Жыл сайын түрлі тақырыпта пошта маркалары жарық көреді. Бұрынғыша шығарылым ауқымы кең болмағанымен, шығармашылық ауқымы бәсең тартқан емес. Әрбір марка – суретші-дизайнерлер, ғылыми-зерттеу институттарының мамандары, мәдениет қызметкерлері, одан қалды, қарапайым коллекционерлердің де басын біріктіретін арнайы топтың шығармашылық еңбегінің нәтижесі. Бүгінге дейін сақталып келе жатқан тәртіп – осындай.
Ал жалпы марка тарихы тым тереңнен бастау алады. Тәм әріге кетпей, Қазақстанның Тәуелсіздігін алған тоқсан бірінші жылдан таратар болсақ, осы уақыттан еліміз пошта маркаларын өзі шығара бастады (бұған дейін маркалар Мәскеуде әйгілі «Гознак» полиграфиясында ғана басылып келген). Егемен Қазақстанның алғашқы маркасы 1992 жылы 20 наурызда жарыққа шықты. Онда Есік қорғанынан 1969 жылы табылған Алтын адам бейнеленген. Ал республика атауы қазақ және ағылшын тілдерінде жазылды. Марка авторы – суретші Герман Комлев. Рас, бұл марка Мәскеуде басылып, копейкамен бағаланды. Өйткені, марка басу ісі Қазақстанда әлі жолға қойылмаған болатын, сондай-ақ, ұлттық валюта – теңге тек бір жарым жылдан кейін ғана, 1993 жылы 15 қарашада қолданысқа енгізілгені белгілі.
Қазақстанның алғашқы стандартты маркалары 5 сериямен 1993 жылы 24 қаңтарда шығарылған. Олардың төртеуінде қазақ үйі мен ғарыш кемесі бейнеленсе, бесіншісінде Қазақстанның туы салынған.
Пошташылар Ұлы Отан соғысы тақырыбына бірнеше мәрте оралды. Рас, бұл тақырып мәңгілік. Ел үшін жанын қиған батырлардың ерлігі ешуақыт ұмытылмақ емес. Ұлы Жеңістің 65 жылдығына арналған 9 маркадан тұратын марка парағы жарық көрді. 9 марка – 9 мамырдың символы. Ал парақтың ортасында – Даңқ мемориалы.
Айтпай кетуге болмас тақырыптың бірі – әлбетте, астана. Елорда да пошташылар жиі оралатын тақырыптардың бірі. 2005 жылы жарық көрген марканың бірінде Бейбітшілік пен келісім сарайы бейнеленсе, араға бес жыл салып, «Хан шатыр» көрініс тапқан марка жарыққа шықты. Айта кету керек, бұл марка сол кездегі ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Хан шатырды салтанатты түрде ашу рәсімімен қатар қолданысқа енгізілген.
Ал биылғы тақырыптық жоспар, тіпті, керемет. Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы, Абылай хан, Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы, Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдығы, Қазақстанның қызыл кітабы, медицина қызметкерлері, Олимпиада ойындары, Алтынемел және өзгелер – ең өзекті тақырыптар жоспарға енген.
Жалпы, үш онжылдықта «Алтын адамнан» бастап, биылғы Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған маркалар арасында түрлі тақырыпта маркалар айналымға енгізілді. Оның қатарында Ұлы Отан соғысы, Қазақстанның табиғаты, тарихы, экологиясы, саясаты, мәдениеті мен спорты, еліміздің белгілі тұлғалары, мемлекеттік мерекелер мен ғарыш, дін, ұлттық символдар және өзге де көптеген тақырыптар бар. Әрине, эмиссиялық саясатқа сәйкес, «Қазпошта» АҚ жылына 30-40 марка түрін шығарумен шектеледі.
«Қазпошта» АҚ Пошта төлем белгілері басқармасының бастығы Диас Әбілдаевтың айтуынша, интернет желісінің қарқынды дамуына орай, бүгінде сәлемдемелер не іскери құжаттар болмаса, қарапайым халықтың хат жазысуы әбден сиреген. Сәйкесінше, марка шығаруға деген сұраныстың төмендегені де рас.
«Марка – мемлекеттік пошта төлемінің белгісі болып есептеледі. Ол ұлттық оператор, яғни «Қазпошта» АҚ-ның пошта қызметі ақысы төленгенін растайды. Алайда хат алмасу сирегендіктен, марканы қажет ететіндер де азайды. Дегенмен, пошта маркаларын жинақтайтын филателистер үшін оның маңызы азаймағанын байқаймыз. Бізбен тұрақты байланыс ұстап, жаңа маркалардың шығуын тағатсыздана күтіп жүретін коллекционерлер аз емес», – дейді Диас Әбілдаев.
«Қазпошта» маманының түсіндіруінше, марка шығару ісі – екі-үш адамның ермек қылатын шаруасы емес, бұл – кемі жарты жыл бұрын жоспарланып, үлкен жұмыс тобының атсалысуымен іске асырылатын ауқымды процесс. Ең алдымен уәкілетті орган – Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірге келер жылға тақырыптық жоспар жасалып, соған орай материалдар жинақталады. Бұдан кейін бірқатар суретшілер мен дизайнерлер іске кірісіп, концепциясын әзірлейді. Бұл концепция уәкілетті министрлік пен «Қазпошта», тиісті мемлекеттік органдар өкілдері, ғылыми-зерттеу институттары, кітапханалар мен мұражайлардың мамандарының қатысуымен егжей-тегжей талқыланады. Әбден пісіп-жетіліп, кем-кетігі түзеліп, Пошталық эмиссия комиссиясының келісімін алғаннан кейін ғана маркалар типографияда басып шығарылады.
«Айта кетерлігі, комиссия құрамына біз филателистерді де тартамыз. Жылдар бойы маркаларды жинаумен айналысып келе жатқан коллекционерлер бұл іске белсене араласатыны қуантады. Олар үнемі орынды идеялар айтып, келелі кеңес береді», – дейді Диас Әбілдаев.
Мақала соңында маркаларға «Қазпошта» АҚ-ның интернет-дүкенінде тапсырыс беріп, сатып алуға болатынын еске саламыз. Ыңғайлы сервис тез арада қажет марканы таңдап, тапсырыс беруге, төлем жасауға мүмкіндік береді.