Хотите получать уведомления в браузере о последних изменениях на сайте SKNEWS.kz
21-22 қыркүйекте «KEGOC» АҚ Басқарма төрағасы Нәби Айтжанов Атырау қаласындағы «Батыс ЖЭТ» филиалында іс-сапармен болды.
Жұмыс сапары барысында KEGOC басшысы өндірістік филиал ұжымымен кездесті. Онда даму перспективалары, өндірістік жоспарлар, сондай-ақ компанияның әлеуметтік саясатын одан әрі іске асыру жөніндегі пікірлер айтылды.
KEGOC-та қызметкерлерді әлеуметтік қолдау шараларын күшейту бойынша іс-шаралар жүргізілуде. Компания қызметкерлерінің еңбекақы мөлшері ұлғайтылды және медициналық сақтандыру қамтамасыз етілді. Сондай-ақ, жеңілдетілген несиемен баспана алу бағдарламасы және қызметкерлердің әл-ауқатын жақсарту бойынша басқа да шаралар іске асырылуда. Бірінші басшы бұл жұмыстардың алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.
«Адамдар – компанияның негізгі капиталы және бұл қағида KEGOC үшін өте маңызды рөл атқарады. Сондықтан, жоғарыда аталған шаралар қызметкерлерді әлеуметтік қолдауға, кадрлық әлеуетті сақтауға және компанияда сұранысқа ие жаңа жоғары білікті мамандарды тартуға бағытталған. Қазіргі уақытта қызметкерлердің әл-ауқатын одан әрі арттыру жөніндегі іс-шаралар жоспары әзірленуде. Мен үшін әріптестерімнің айтқан әрбір идеясы маңызды. Барлық сындарлы ұсыныстар қаралып, маңызды мәселелерді кезең-кезеңімен бірге шешетінімізге сенімдімін», – деп атап өтті Компания басшысы.
Кездесу соңында компания басшысы өндірістегі қауіпсіздікті қатаң сақтау қажеттігіне назар аударды. Ол компанияның еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелерін тиімді шешуге мүдделі екенін атап өтті.
«Әрбір қызметкерге қамқорлық жасау – біздің міндетіміз. Қауіпсіздік мәдениеті мен өндірістегі ережелерді сақтау басшылардан бастап барлық деңгейлердегі қызметкерлер ұстануы қажет. Қауіпсіздік техникасын бұзуға нөлдік төзімділік болуы тиіс», – деді Нәби Айтжанов.
Сондай-ақ, компания басшысы филиалдың өндірістік нысандарына барып, Батыс энергия торабын күшейту жобасының іске асырылу барысымен танысты. Жоба өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде және генерацияның жаңа көздерін энергия жүйесіне біріктіру үшін жағдай жасауда маңызды рөл атқарады. 220 кВ «Қарабатан» бөлу пунктінде мердігер ұйымдармен кездесу өтті, онда жобаны іске асыру, серіктестермен өзара іс-қимыл бойынша ағымдағы мәселелер талқыланды. Нәби Айтжанов ағымдағы жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс жоба бойынша жұмыстарды уақтылы және сапалы орындаудың маңыздылығын атап өтті.