Главная Новости Кен орнынан – киелі сахнаға!
29 желтоқсан 2020, 08:06 1902 Нұрболат Аманжол

Кен орнынан – киелі сахнаға!

Кен орнынан – киелі сахнаға!

«Қаламқас» вокалды-аспапты ансамблінің құрылғанына биыл жеті жыл. Осыған орай ансамбль жаңа авторлық «Туған жер» әніне бейнебаян түсіріп, тыңдармандарын қуантқалы отыр. Жалпы репертуарда ретро, отандық және шетелдік танымал әндерді қоса алғанда елуге жуық ән болса, олардың ішінде авторлық әндердің үлесі онға жақындап қалды. Осы орайда біз ансамбль жетекшісі Алтынбек Сарғожаевпен сұхбаттасып, мұнайшылардан құралған өнерпаз топтың шығармашылығы мен алдағы уақытқа жоспарларымен таныстық.

Ансамбльдің «Қаламқас» аталуында еш құпия жоқ. Топ мүшелерінің басым бөлігі «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамына қарасты «Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармасының қызметкерлері. Жұмыс орны да – Ақтау қаласынан 300 шақырым қашықтықтағы «Қаламқас» кен орны. Міне, 2013 жылы бір топ өнерпаз мұнайшы ұжымдасып, ансамбль құрған кезде де ат таңдауда талас болмапты. «Қаламқас»! Қай жағынан қарасаңыз да, лайық әрі жарасымды атау! Осы атаумен ансамбль тура жеті жыл бұрын, 26 желтоқсан күні алғаш сахнаға шығып, өнерсүйер қауыммен қауышқан.

«Әрине, қай істі де бастап кету – ең қиыны. Идеяны өз басымда пісіріп, жетілдіргенше жарты жыл кетсе, тағы жарты жыл дайындық жұмыстарымен өтті. Шүкір, Маңғыстау өңірі – ежелден өнерлі өлке, ансамбль мүшелерін алыстан іздемедік. Бәрі де мұнайшы, өз әріптестеріміз, – деп еске алады топ жетекшісі Алтынбек Сарғожаев. – Игі істің қасынан табылып, бастамамызға қаржылық жағынан да, рухани тұрғыда да қолдау көрсеткен «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ және оған қарасты «Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармасының басшылығына алғысымыз шексіз. Заманауи музыкалық аспаптар алып беріп, шығармашылық базамызды жасақтауға да компания көп жәрдем берді. Кейін де азды-көпті сахналық киімдер алуға көмектесіп тұрады».

«Қаламқас» ансамблінің өнері, расымен де, қолдауға лайық. Ұлы өнерді еш фонограммасыз жанды дауыста ән шырқап, оны музыкалық аспаптармен сүйемелдеп дамыту – көптеген танымал өнер ұжымдарының да қолынан келмей жатқан іс. Оның үстіне, фонограмма және компьютерлік музыкалық сүйемелдеу дамығалы бері таза әншілік пен музыкалық аспаптарда ойнау шеберлігі шеттетіліп, жетімнің күйін кешіп жүргені жасырын емес. Ал Алтынбек бастаған ұжым, міне, осы олқылықтың орнын толтырып, саф өнерді қайта түлетпек.

Ансамбль құрылғалы бері ұжымда алты музыкант бар. Әрбірінің ролі маңызды. Бірі болмай қалса, музыка да ақсаңқырап тұрады. Сондықтан, қандай концерт не сахна болмасын, ұжым төрт көзі түгел баруға тырысады. Ал сахнадан тыс жерде қай-қайсының да өз негізгі жұмысы бар. Мәселен, бас гитарашы Мархабат Бигелдинов пен әнші әрі гитарашы Жұмабай Ақмырзаев – Көлік департаментінің Қаламқас тізбегінде көлік жүргізушілер.

Клавиште ойнайтын Ермұхан Жұмансарин болса, «Қаламқасмұнайгаз» ӨБ №4 мұнайгаз өндіру цехінің операторы болып қызмет етеді. «Маңғыстауэнергомұнай» компаниясының энергетик инженері Аслан Сатканов пен «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасының №1 мұнай-газ өндіру цехінің операторы Талғат Жакупов та жұмыстан бос кезде ансамбльдің шығармашылығымен айналысуға асығады. Біріншісі барабаншы болса, екіншісі топтың негізгі әншісі.

«Ал мен ансамбльге жетекшілік етемін, – дейді Алтынбек Сарғожаев. – Қуанатыным – біздің топта ұқыпсыз жан жоқ. Бәрі жұмысқа да үлгереді, өнерге де уақыт табады. Әрине, күні бойы көлік жүргізіп не мұнай өндірісінің алып құрылғыларында жұмыс істеп шаршаған жандарға кешкілік репетиция жасау да оңай емес. Дегенмен, талант екінің біріне берілмейді. Бойдағы өнерді тұмшаламай, халыққа ұсынуға тиіспіз деп есептеймін».

Алтынбектің өзі де «Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармасында қызмет етеді. Ол – әлеуметтік мәселелер жөніндегі маман. Компания ішіндегі көркемөнерпаздар ұжымының бір мүшесі. Алтынбек корпоративтік, мерекелік шараларды өткізу, жұмысшылардың демалысы мен бос уақытын ұйымдастыру шараларының бел ортасында жүреді. Ал компанияда жұмысшыларға қажетті жағдай молынан жасалған. Кен орнында арнайы спорт кешені де бар. Міне, осы спорт кешенінде бір кабинет «Қаламқас» вокалды-аспапты ансамблінің репетиция жасауыүшін арнайы бөлінген. Бұл да компанияның өнерпаз жұмысшыларына көрсетіп отырған бір қолдауы.

Бүгінде «Қаламқас» ансамблі тек компания ішінде ғана емес, жалпы Маңғыстау өңірінде де танымал. Корпоративтік шаралардан бөлек, ұжым Ақтау қаласында өтетін концерттерде жиі өнер көрсетеді. Аймақтағы шалғай ауылдардың біразына да барып концерт берген. Ал 2018 жылы Алматыда «ҚазМұнайГаз» АҚ ұйымдастырған «Үздік маман» байқауының салтанатты шарасына арнайы барып, «Мұнайшы» әнін шырқаған болатын. «Мұнайшы» демекші, бұл ән қазірде өңірдегі мұнайшы қауымның әнұранына айналып үлгеріпті. Әнін Алтынбектің өзі жазса, сөзі жергілікті ақын Дайрабай Үсіпбаевтыкі.

«Мұнайшылардың рухын көтеру мақсатындағы бұл ән «Қаламқас» ансамблі құрылмай жатып-ақ жазылған болатын. Кейін тобымыздың авторлық әніне айналды. Енді «Мұнайшы» әніне бейнебаян түсіріп, ол барша қазақ мұнайшыларының бас әніне айналса екен деген арманымыз бар», – дейді Алтынбек Сарғожаев.

«Мұнайшыдан» бөлек, ансамбльдің авторлық әндерінің қатарында «Сыйлаймын», «Сырласайық», «Қаламқас мекенім», «Туған жер» де бар. Соңғы аталғанына топ жақында бейнебаян түсіріп, енді таратудың әзірлігіне кіріскен. Бейнебаян маңғаз мекен Маңғыстаудың таңғажайыптары – Айрақты, Шерқала, Қарақия ойпаты сынды сұлу жерлерінде түсіріліпті. Мұнда атакүлдікке кіндігі байланған жандардың туған жеріне деген сүйіспеншілігі туралы айтылады. Әуеннің студиялық нұсқасы Алматыда әрленген. Мұндағы мақсат – ансамбльді республика деңгейінде таныту болғандықтан, топ бейнебаянның алдымен республикалық эфирде көрсетілуін қалайды. Кейін жергілікті арналарға да жол тартады. Әрине, әрбір іс қаржы мәселесіне тірелетіні тағы бар. Бейнебаянды өнерпаздар өз қаражатына түсіріпті, енді таратуға көмек керек-ақ.

«Ансамбль жұмысын жүргізудегі тағы бір қиындық – Ақтауда репетиция жасайтын базаның жоқтығы болып отыр. Біздің жұмыстың ерекшелігі – вахталық режим. Жұмыс кезінде спорт кешеніндегі компания басшылығы ұйымдастырып берген кабинетте дайындық жасаймыз. Ал демалыста Ақтауға келгенде бас қосып, репетиция жасайтын жер таппай қиналып қалатынымыз жасырын емес», – дейді Алтынбек.

Міне, өнер жолының осындай қиындықтары да бар. Дегенмен, олар «Қаламқастықтарды» мойыта алмасы анық. Алтынбек әрбір ісітің қайыры болатынына сенеді. Бұл сенім оны бала кезден алға жетелеп келеді. Сонау сегізінші сыныпта оқып жүргенде өзінен үш-төрт жас ересектермен бірге ауылдық ансамбльге мүше боп, бас гитарашы болған кезде де, кейін музыкалық колледже білім алғанда да, тіпті, мұнайшы бола жүріп «Қаламқас» ансамблін құрғанда да оған күш берген осы құдіретті музыкаға деген сенім болатын. Бүгінде сазгердің өз қоржынындағы әндердің саны қырыққа жуық. Кейбірін республикаға танымал әншілер Ақылбек Жеменей, Тамара Асар шырқап жүр.

«Бүгінде әнді аз жазсам да, саз жазуға тырысамын. Бір сапалы туған ән өзге мың әннен артық та бағалы», – дейді сазгердің өзі.

Сұхбат соңында ансамбль ұжымына шығармашылық табыстар тілеп, ән әлемінде өздерінің төл биігіне көтерілуін тіледік. Өнерпаздардың бұл тілекке жетеріне сенім мол.

Еще больше новостей на нашем telegram-канале , подписывайся и будь в курсе!
АРХИВ ЖУРНАЛОВ SKNEWS

Смотрите также

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Астана, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: