Хотите получать уведомления в браузере о последних изменениях на сайте SKNEWS.kz
Мұнайшылар күнінің қарсаңында Маңғыстау ауданы Көгез жеріндегі этноауылда «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ ұйымдастыруымен Жас мамандар кеңесінің 4 жылдығына орай белсенді жастарға арналған екі күндік танымдық лагерь өтті.
Зердеге зейін салып, санаға нұр құяр бастаманың бастауы Шетпе кентіндегі мифология ғылымына зор үлес қосушы, ғалым Серікбол Қоңдыбай атындағы мұражайды аралаудан тізгін алды. Жасынан бейнет көріп, тағдырдың тепкісіне ұшырағанына қарамай бар қазақтың бағзы дүниесін қайта өмірге алып келген ғалымның көзі тірісінде пайдаланған заттары мен қолжазбалары жастарды елең еткізбей қоймады.
Мұражайдан тылсым дүниенің сырына қанып шыққан алпысқа тарта белсенді жастар легі Шетпе кентінен 12 шақырым жырақта жатқан, Маңғыстаудың талай дүлдүлін төсінде ойнатып, қыранын бағындай басына қондырып, дәуірлердің айғағындай қылаң етер Айрақты мен Шерғала тауларының етегінде орын тепкен этноауылға көш тіреді. Бесін туып, дастарханнан дәм татып, сәл тыныққан соң, абайтанушы, филология ғылымдарының докторы, дәріскер, мотиватор Омар Жәлелмен тұлғалық өсу тренингі өткізілді.
Мазмұн мен пішіннің үйлесімі
Тренингтің осылайша аталуында да бір мән жатқаны әмбеге аян… Жұмыла жүрген жерде өнердің тозбасы хақ, құр тәннің ғана медетін аңсамай, рухтың да азығын ойлаған – нағыз тірлік. Сөз басы - қоғам арасындағы келеңсіз жайттардың түйінін тарқатудан басталды. Көңіл-күй шеңберін шексіздікке жалғап, бір арналы әңгімеге түсіп алған соң, абайтанушы өткен дәуірдегі бабалардың кешкен ғұмыры мен осы күнгі қазақтың ұғымының айырмашылығы жайлы толғап, Абай мен Шәкәрім тектес ұлылардың, Мәшһүр Жүсіп секілді ғұламалардың жырлары мен асыл сөздерінен мысал келтіре отырып, жанның аңсап, жастардың кей орталау жүрген рухын шыңға өрлетіп тастады.
«Өткен дәуірлерден білетініміздей, көшпелі қазақ өмірі қайта тіршілігімізге орнай қоюы екіталай. Себебі, күннен күнге белең алып, өзің көнбесең де, ақылы әлі орнықпаған жас балаңды тақымдап бара жатқан жаһандану, өркениет пен мәдениет жылжуының біздің ұлтқа қарайлап, аяңдар түрі жоқ. Абайша айтсақ: «Енді не істемек керек?!». Мен бұл тұрғыда бір аралда болса да, оңашаланып қалмай, дами білген жапондар технологиясын ұсынар едім. Жапондардың өмір сүру салты, әдебиеті мен мәдениеті, сән, тіпті шығарып жатқан көліктеріне дейін бажайлап қарасаңыз, бір-ақ нәрсені ұғасыз, оларда: Форма, яғни пішін, бейне – еуропалық дүниетанымға сәйкес, ал негізгі Мазмұн – жапонның ұлттық болмысы. Жас ғалымдар шығып жатса, айтылған дүниені ескергенін қалаймын», - деп Омар Жәлел ағамыз ағынан жарылды.
Ұлт мүддесі үшін күресе біліп, сол арқылы бүкіл Жер ананың бетінде қатар өмір сүріп жатқан Адамзатты да бауырыңдай сүю – әр қазақ жас буынының парызы. Осылайша мұнайшы жастарды Ізгілікке жетелер тәлім берген тренингтен соң, өнерпаз жастардың түрлі қабілетін танытқан ән-жыр кешіне куә болдық. Жорға саусақтан күмбірлей төгілген күйді, бұлбұл көмейіндей ән қалықтатып, бабалардың тұнық асылына жетелер жырларды сарқыған жастарды көргенімізде, мұнайшы емес, халық қасиетін бойына сіңірген нағыз қасиетті өнер иелерін көргендей күй кештік. Таңдайына Тәңір бақ берген Омар Жәлел ағамыз өнерлі жастардың келбетін танып, тамсанып кетті.
«Маңғыстаумұнайгаз» компаниясы жастары, Жастар кеңесінің құрамы көзі ашық, көкірегі ояу жандар екеніне көзім анық жетті. Маңғыстау жұрты қазақы тәрбиеден алыстамаған, руханияты үзілмеген ел деп естуші едім, бүгін сол сөзге көзім анық жетті. Отырған орнын табар демекші, осы киелі маң даланы әлі күнге мекендеген ұрпақтары қаншама әулиелердің, жыраулар мен машайықтар жалғасы іспетті болып көрінді. Жақсы сөзді құлақпен емес, жүрегімен тыңдады. Алған білімдерін енді жастар тек халық үшін жұмсайды деген ойдамын. Осы үлкен танымдық лагерьді ұйымдастыруға қол ұшын созған «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы басшылығына, жастардың басын қосып жүрген Майра Ғұмарова ханымға зор алғысымды айтамын!», - деп қорытындылады Омар Жәлел.
Кешкісін сауықтыру мақсатында арнайы дастархан жайылып, шалдығуды білмейтін қайратты да өнерлі жастар үлкен көлемдегі мерекелік концерт өткізді. Екі-үш жылдың бедерінде Қаламқас кенорнында талантты жастар Еділ Бекмұрат пен Райымбек Түзел бас болып құрған «Қаламқас кештерінің» кезекті кеші Көгез аспанын жақсы сазға, күмбір күйге толтырды. Түннің ізін таңға жалғаған шарадан кейін би кеші басталып, жастықтың нышанын өңде ойнаған алаңсыз күлкіден аңғардық.
«Баба түкті боз дала»
Танымдық лагердің екінші таңы атысымен Маңғыстаудың сар даласына танымал, көнекөз бабалардың сынығындай ізін жалғаушы, тірі тарихтың өзіндей, ақын Светқали Нұржанмен (Айт-Ман) «Баба түкті боз дала» атты шығармашылық кеші өткізілді. Қазақ қай кезде де жырға судан бетер шөліркеп, ақын-жырауын, сөз саптаған шешенін сыйлап, ардақтай білген халық. Сонау таңбалы тастар мен тау етегінде сайрап жатқан хақ тарихтан сыр шертумен бастаған ақын, одан әрі әңгіменің мәйегін бұзбай, берідегі, 20 ғасырда ел руханиятына сөзімен, ісімен, ерлігімен үлес қосқан ұлылар жайлы тереңнен тартты. Тарта келіп кездесудің негізі өлеңге тірелген соң, талай беттік дастанға татыр жырларынан төккен ақынға жастардың пейілі мен ынтызары қоса ауды. Поэзияның құдіретін сезіндіре отырып, тарихты баяндаған тұста тәлімнің болары айдан анық. Өнерлі ұстаз әр кез өнерлі жасты сыйлай білген. Одан әрі кезек жас буынға тиіп, күй мен жырдан шашу шашқан жастарға Светқали Нұржан ағамыз:
«Өнер – Тәңірдің адамға берген зекеті, оны халық үшін пайдаланбай, көзін тұмшалар болсаңдар, жауабы ауыр болады, - дей келе қабілетті жастарға жігер сыйлады. - Бүгін мұнайшы жастардан, сонау 30 жылдары отарып кеткен, әр салада жүріп ұлт руханиятына сұмдық қызметтер жасаған даналардың бір ізін көріп қалғандай әсерде болдым. Себебі бұлардың ішінде өте талантты ақындар бар, өте талантты күйшілер бар, өте таланты әншілер бар. Ең бастысы -бұлардың өзін білуге, «өзін таныған – әлемді таниды» деген, өзін білуге ұмтылысы. Бұл ең үміттің шырағы десе болады. Менің жүрегімде сол шырақ жанып бара жатыр, соған қуанып бара жатырмын», - деп кеуде түкпірінде оянған үміттің нышанын білдірді.
Кереметтей ішкі әлемді нұрландырған екі күндік лагерді ұйымдастыруға белсене атсалысып, ерлігі мен өрлігін қатар игі іске жұмсаған атпал азаматтар жетерлік. Соның бірі «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ жұртшылықпен байланыс бөлімінің қызметкері Ғани Әбдісадық:
«Бүгін Көгез жеріндегі танымдық шарамыздың қорытынды тұсына да жетіп үлгердік. Танымдық-тынығу сәтін жастарға тарту еткен «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Басқармасына, лагерь жұмысын бастап берген Компанияның әкімшілік және әлеуметтік мәселелер жөніндегі департаментінің директоры Талғат Айдыновқа үлкен алғысымызды жеткіземіз. Заманымыздың білгірлері мен заңғар тұлғаларын шақырып, рухани байытудың соңы бұл болмасына сенеміз. Сайдың тасындай іріктелген 60-тан астам белсенді жасымызға айтылған асыл сөз, бағалы тәлім өрен әріптестеріміздің санасында шөгіп қалмай, нәтижесін береріне көңіл нанды», - деп тұжырымдады.
Елдің ертеңі - жастар, жас болғанда да құр тірі жаны ғана бар емес, жігерлі, рухты, жұртының қамын ойлайтын жас болғаны абзал. Ал отты жас буынды тәрбиелеп шығуға себепші болар жандардың бар болуы ләзім. Осы орайда «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Басқармасының жастарға ерен көңіл бөліп, тәрбиелік жолды нұсқап, игілікті жұмыстар жүргізіп келе жатқаны көз қуантады. Лагерьдің аяғында жастар ұйымдастыру ұжымына үлкен алғысын айтып, танымдық-тынығуға жанын сала көңіл бөлген жұртшылықпен байланыс бөліміне пейілін жарып шыққан жылы лебіздерін төкті. Әлі де жастарға жасалар жақсылық мұнымен шектеліп қалмасына сенім мол!
Мадияр ТӨЛЕУОВ