Главная Новости Қордың қоғамдық кеңесі ҚазМұнайГаз есебін тыңдады
20 мая 2022, 15:46 553

Қордың қоғамдық кеңесі ҚазМұнайГаз есебін тыңдады

Қордың қоғамдық кеңесі ҚазМұнайГаз есебін тыңдады

«Самұрық-Қазына» АҚ қоғамдық кеңесінде қоғамдық бақылауды іске асыру аясында Қордың ұлттық компанияларының есебін тыңдау басталды.

 

2022 жылдың 20 мамырында Болат Жәмішевтің төрағалығымен «Самұрық-Қазына» АҚ қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтті. Онда қоғамдық бақылау аясында «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (бұдан әрі – ҚМГ) 2021 жылы даму жоспарының және стратегиясының орындалуы туралы есебі жария талқыланды. Шараға «Самұрық-Қазына» АҚ, жұртшылықтың, сараптама қауымдастығының өкілдері және басқа да мүдделі тұлғалар қатысты.

Отырыс барысында өткен жылдағы ҚМГ өндіріс және қаржы нәтижелері қаралды. Айталық, 2021 жылдың қорытындысы бойынша 21,7 млн тонна мұнай және 8,1 млрд м³ газ өндірілді. Мұнай тасымалдау көлемі 74,6 млн тоннаны құрады. Мұнай өңдеу зауыттарында 18,8 млн тонна мұнай өңделді.

Өткен жылы компания түсімі 5,8 трлн теңгеден асып түсті, шоғырландырылған таза пайда (бірлескен кәсіпорындардағы үлесті қосқанда) 1,2 трлн теңге болды. ҚМГ еркін ақша ағыны 2021 жылы 669 млрд теңгені құрады, бұл қаржының 200 млрд теңгесі дивиденд төлеуге үлестіріледі. Қалған бөлігі басым жобаларды қаржыландыруға және қарызды өтеуге жұмсалады.

Биыл өндірістік персонал еңбекақысын төлеу қоры өсті, мердігер компаниялары қызметінің құны қымбаттады және салық жүктемесі артты, сондай-ақ Brent сұрыпымен салыстырғанда мұнайдың Urals сұрыпына әлемдік бағасы төмен болды, осының бәрі компанияның еркін ақша ағынының азаюына әкелуі ықтимал. Сәйкесінше бұл өтімділік қорын сақтауды талап етеді. Бұл ретте, 2022 жылы төленетін дивиденд мөлшері 200 млрд теңге көлемінде бекітіліп, былтырғы дивиденд мөлшерінен (56 млрд теңге) шамамен 4 есеге өсті.

«Таза пайда ақша ағынынан бөлек дивиденд төлеуге жатпайтын ақшалай емес кірістерден де тұрады. Бұл ретте күрделі салымдар, қарызды өтеу және басқа да кейбір ақшалай қаражаттың жылыстауы есепке алынбайды. Төленетін дивиденд үлесі компанияның жалпы қаржы жағдайына, борыштық жүктеменің деңгейіне байланысты болады және ол компанияның халықаралық кредит рейтингіне әсер етеді. Бұл тиісінше, халықаралық және қазақстандық биржаларда саудаланатын еурооблигациялардың бағасына әсерін тигізеді. Бұдан басқа, 2021 жылдың «таза пайда» және «еркін ақша ағыны» көрсеткіштерінде 2021 жылдың 9 қарашасына дейін «ҚазТрансГаз» АҚ-ның («QazaqGaz» ҰК» АҚ) көрсеткіштері де есепке алынған еді. Бірақ бүгінде «ҚазТрансГаз» компаниялар тобы құрамынан шығарылды. Сондықтан біз оның қаржылық көрсеткіштерін есепке алмаймыз», – деп түсіндірді ҚМГ басқарма төрағасының орынбасары Дәурен Қарабаев.

Сонымен қатар, 2021 жылғы қарашада компания 2031 жылға дейінгі даму стратегиясын бекітті.

«Стратегия ҚМГ активтері портфеліндегі мұнай-газ химиясы бизнесіне кіру бойынша өзгерістерді, таза энергия көздеріне көшудегі әлемдік трендті және көміртекті реттеу мәселесін қатайту талаптарын ескереді. Алдағы он жылда компания мұнай мен газдың ресурстық базасын өсіру, өндірістің тиімділігін арттыру, мұнай-газ химиясын дамыту, цифрлық технологияларды енгізу, сондай-ақ көмірсутек ізін қысқартуды мақсат етіп отыр», - деді ҚМГ басқарма төрағасының стратегия, инвестициялар және бизнесті дамыту жөніндегі орынбасары Дастан Абдулғафаров.

Қоғамдық кеңес мүшелеріне компанияның ағымдағы және перспективалы жобалары туралы ақпарат берілді. Қазіргі уақытта ҚМГ полипропилен өндіретін зауыттың құрылысын аяқтап қалды, Теңіз және Қарашығанақ кен орындарын кеңейту жобаларына қатысады. Бүгінде компания бірқатар маңызды әлеуметтік жобаларды іске асырып жатыр. Атап айтқанда, «Астрахань-Маңғышлақ» магистралды су құбырын реконструкциялау, Кендірлі кентінде теңіз суын тұщыту зауытын және Жаңаөзен қаласында жаңа газ өңдеу зауытын салу. Сондай-ақ ҚМГ құрлықта және Каспий қайраңында геологиялық барлау жобаларын да қолға алды.

ҚМГ еншілес ұйымдарында 24 ұжымдық шарт түрі қолданылады. Проблемалық мәселелерді анықтау және оларды жою бойынша шаралар әзірлеу үшін кәсіпорын басшылары жұмыскерлерімен және кәсіподақ мүшелерімен үнемі кездесіп тұрады.

Жиында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, инсайдерлік ақпаратты ашу, листинг және санкциялық қауіп-қатерлер мәселелері бойынша ҚМГ комплаенс жүйесінің атқарған жұмысы да қаралды. Компанияда жұмыс істейтін «жедел желіге» 2021 жылы 76 өтініш келіп түсті. 16 оқиға бойынша шағымдар расталып, 52-сі дәлелін таппады. Қалған өтінішті арыз берушілер қайтарып алды немесе ол мәселелер компанияның құзыретіне жатпайтыны анықталды. Келіп түскен өтініштердің басым бөлігі сатып алу рәсімдеріне, сондай-ақ еңбек дауларын шешуге қатысты болды

Еске сала кетейік, «Самұрық-Қазына» АҚ қоғамдық кеңесі 2021 жылдың желтоқсанында үміткерлерді ашық конкурс арқылы іріктеу жолымен құрылды және 10 адамнан тұрады (7-еуі азаматтық қоғам өкілі, 3-еуі Қор өкілі).

Еще больше новостей на нашем telegram-канале , подписывайся и будь в курсе!
АРХИВ ЖУРНАЛОВ SKNEWS

Смотрите также

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Нур-Султан, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: