Хотите получать уведомления в браузере о последних изменениях на сайте SKNEWS.kz
Бүгінгі кейіпкеріміз – «Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармасы пайдаланыстағы жабдықтарды прокаттау және жөндеу цехының 5-дәрежелі токарі Ерболат Нұрпейісов. Елімізде орын алған індеттен сақтық шаралары негізінде сұхбатты қашықтықтан алдық.
Ышқынған станоктардың шыңылынан «Амансың ба, айнам» деп жылы амандасқан әріптесіміздің дауысы еміс естілді. Жұмысын жайғастырып келген ағаның әңгімесінен табанынан тік тұрып, жылдарын арнаған туған кәсіпшілігіндегі соңғы вахтасының санаулы күнін өткізіп келіп жатқанын аңғардық: «Ертең вахта тапсыратын соңғы жұмыс күн. Кешкісін үзеңгілес жігіттермен естелік суретке түсіп, жаңа босап жатырмын».
Жыл басынан бері компаниядан елуге жуық адам зейнеткерлікке шыққан. Оның басым бөлігі Ерболат Мұхамедұлындай өндірісте тер төккен мұнай майталмандары.
Астрахань облысы, Володар ауданында туған Ерболат Нұрпейісов еңбекке ертерек, тіпті бала күнінен араласты. Жеті баланың арасында өскен оны әкесі бауырларына бас-көз болсын деген оймен жасынан еңбекқор, елгезек етіп тәрбиеледі. Әкесінің бос отырған кезін көрмеген Ерболат мектеп бітірісімен токарь кәсібінің барлық сатысын терең меңгеріп алады. Қолының икемі бар оған темірден түйін түю қиын болмады, сүйікті кәсібін нәсібіне айналдырып еңбегінің жемісін көрді.
Өмір бойы Астраханда тұрған әкесі мен анасының қарапайым тірлігі оны өмірге бейім етіп, шаруаға икемді қылып шыңдады. Әкесі мұғалім, анасы дүкенші болып зейнеткерлікке шыққан.
«Ата-анамның бос отырған күндерін көрмеппін. Бізді жеткізудің қамымен не мал қарайды, не отын жарады, не құрылыс салады, әйтеуір, қашан көрсең де бір шаруаны қолға алып жатқаны. Шаршауды білмейтін адамдар сияқты еді. Ауыр жұмыстардан да қайтпайтын еңбеккер еді. Сол тәрбиені көріп өстік», – дейді Ерболат аға.
1984-1986 жылдары Прибалтика еліндегі әуе күштерінде әскери міндетін атқарған Ерболат Атыраудағы педагогикалық институтқа сырттай оқуға түседі. Тіл мамандығын игеріп шыққан ол Мақат ауданындағы орта мектепте тәжірибеден өтеді. 1987 жылы өмірлік жарын кезіктіріп отау құрады. Сол жылы КазНИПИ-де жобалаушы болып жауапты қызметте жасайтын жары Рая Боранбайқызын жолдамамен Ақтауға шақыртқанда еңбекқор отағасы еш қынжылмады. Екі қолға бір жұмыс табыларына сенімді болған ол жанұясымен Ақтауға көшіп келеді. Берекелі тірлігімен емен-жарқын қарсы алған Маңғыстау жас отбасын бірден баурап алды. Аға «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамына қарасты стандартсыз құрылғыларға өндірістік қызмет көрсететін орталық базаға токарь болып орналасады.
«Құдай бере салған екі ұлым бар. Екеуі де өндірісте жасайды. Үлкен ұлым Мұрат Алматыдағы Каспий қоғамдық универитетін мұнай-газ ісі мамандығы бойынша бітіріп, «ҚазМұнайТеңіз» компаниясында ұңғымаларды бұрғылау және күрделі жөндеу бөлімінің супервайзері болып еңбек етеді. Кіші ұлым Азат та мұнайшы, «ОСК» мекемесінде бұрғышының көмекшісі болып нанын тауып жүр. Бес-алты жылдықта аналарынан көз жазып қалдық. Қайратың қайтып, сүйікті кәсібіңнен шеттейтін шақта балаларың ізіңді басып, көз қуантып, тәтті немерең «Аталап» мойыныңа асылғанда шүкір етеді екенсің! Дәм-тұз бұйырып ұрпақ өрбіткен Маңғыстаудан ыстық мекен жоқ маған», – деген еңбек жолы киелі мекенмен бірге өрілген Ерболат Мұхамедұлының ұрпақтары да осы жердің мәртебесін алысқа апарарына сенімдіміз.
Лаура Жолдыбаева