Главная Новости Қосшы қаласы жыл соңына дейін FWA желісімен толықтай қамтылады
22 қазан 2021, 08:25 942

Қосшы қаласы жыл соңына дейін FWA желісімен толықтай қамтылады

Қосшы қаласы жыл соңына дейін FWA желісімен толықтай қамтылады

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин еліміздің ең ірі телеком-операторының Ақмола облысының Қосшы қаласына тіркелген сымсыз интернет желісін тарту жобасының іске асырылу барысымен танысты.

Тіркелген сымсыз интернет (Fixed Wireless Access, FWA) технологиясы – жүйрік және сапалы интернет байланысы жоқ және мыс желілерін заманауи «оптикаға» ауыстыру тиімсіз саналатын қалалар мен қала маңындағы жеке сектор үшін өте қолайлы тәсіл. FWA технологиясының арқасында жоғары жылдамдықты интернетке радио қолжетімділік арқылы қосылуға болады. Бұл тәсілдің маңызды артықшылығы – ауқымды және қымбат құрылыс жұмыстарын жүргізбестен, сапалы интернет қызметін  тез қосуға мүмкіндік береді.

«Қазақтелеком» Қосшы қаласында бірнеше базалық станцияларды орнатып та үлгерді, әрі жыл соңына дейін «Лесная поляна» шағын ауданы мен Тайтөбе ауылдық округін қоса алғанда, қаланың негізгі бөлігіне интернет таратылуын кеңейтуді көздеп отыр. Осы жоспарды іске асырудың арқасында қала тұрғындары жаңа желіні түрлі тарифтік жоспарлар бойынша соңғы клиент үшін қолжетімділік жылдамдығы 30 Мбит/с дейінгі TV+ интерактивті теледидар топтамаларында пайдалана алады. Қазірдің өзінде Қосшының 1 200-ден астам тұрғыны осы технология бойынша жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізіп отыр, олар үшін мобилді интернетпен салыстырғанда FWA қызметінің артықшылықтары айдан да анық.

«Біз отбасымызбен Қосшыда тұрып жатқанымызға бес жылдан асты. Күні бүгінге дейін тек қана мобилді интернетті ғана пайдалану мүмкіндігі болған. Оның трафигі де, жылдамдығы да өте шектеулі. Менің жұмысым онлайн режимде бухгалтерлік қызмет көрсетумен тығыз байланысты болуын, әрі балалардың пандемия кезінде онлайн сабақтарға толық деңгейде қатыса алмағанын ескерсек, бұл біз үшін айтарлықтай күрделі мәселеге айналған, – дейді Қосшы қаласында тұратын «Қазақтелеком» абоненті Ержан Махметов. – Ал қазір үйге FWA станциясынан сигнал алатын модемді қойып, басымыз оған ауырмайтын болды. Интернет жылдамдығы бейнебайланысқа да, фильмдер көруге де жарайды. Мысалы, мен футбол матчтерінің тікелей көрсетілімдерін ұнатамын, енді оларды бастан аяқ соңғы минутына дейін үзбей көремін». 

Бейсенбі күні FWA технологиясы бойынша интернеттің жылдамдығы мен сапасын Қазақстан Республикасының цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин планшеттің көмегімен тексеріп көрді. Мекеме басшысы өткен жылы коронавирустық пандемия кезінде оқу мен жұмыстың қашықтықтан болуына байланысты Қосшы тұрғындары біраз қиындықтарға тап болған елді мекендердің біріне айналғанын еске салды.

«Реттеуші ретінде біз үшін байланыс операторларының қашықтан жұмыс, оқу, онлайн ойындар немесе ағындық қызметтер секілді әрбір қазақстандықтың күнделікті қажеттіліктерін қанағаттандыра алатындай жүйрік әрі сапалы интернетті қамтамасыз етуі маңызды. Өткен жылы біз операторлармен бірге жаңа базалық станцияларды орнатуда үлкен жұмыс жасадық. Бірақ мобильді интернет қазіргі пайдаланушының барлық қажеттіліктерін қанағаттандырмайтыны анық, ал байланыс операторлары үшін жеке секторда сымды оптикалық желілерді жаппай салу әлі де күрделі мәселе болып табылады. Баламалардың бірі – бұл FWA технологиясы, операторлардың пікірінше, ол сымсыз интернет қызметтерін пайдалануға мүмкіндік береді, сонымен бірге, оның трафигі жоғары, ал жылдамдығы кепілдендірілген болып келеді. Бұл технология тек интернетке ғана емес, сонымен қатар басқа да телекоммуникация қызметтеріне қол жеткізуге мүмкіндік береді», – деді ЦДИАӨМ министрі Бағдат Мусин.

FWA технологиясы бойынша желілер тек Қосшыда ғана емес, елдің басқа өңірлерінде де даму үстінде. «Қазақтелеком» АҚ Басқарма Төрағасы Қуанышбек Есекеевтің айтуынша, қазіргі уақытта осы секілді жұмыстар Алматы мен Шымкент маңында жүргізілуде. Келесі жылы FWA желісі Ақмола облысының Қоянды, Қараөткел, Қаражар және Талапкер елді мекендерінде қолға алынбақ. Нұр-Сұлтан қаласында осындай желілер келесі жылы Оңтүстік-Шығыста, Ильинка мен Көкталда іске қосылады.

«Біз ел халқын барынша ең озық және ең сапалы қызметтермен қамтамасыз ету үшін үнемі жұмыс істейміз, өйткені ақпараттық технологиялар заманында жоғары жылдамдықты интернет пен сапалы байланыс әрбір азамат пен бизнес субъектісінің өмірлік қажеттілігіне айналды, – дейді «Қазақтелеком» АҚ Басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев. – Өкінішке орай, біз барлық әлеуетті абоненттерімізді техникалық және қаржылық себептерге байланысты тіркелген сымды талшықты-оптикалық байланыспен қамти алмаймыз, бірақ халқымызды жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін оңтайлы шешімдерді тауып келеміз. Осындай шешімдердің бірін біз Қосшыда жүзеге асырдық, қала тұрғындарының көпшілігі Нұр-Сұлтан қаласында жұмыс істейді және жыл соңына дейін олар елордадағы жұмыс орындары мен Қосшыдағы өз үйлерінде пайдаланатын телекоммуникациялық қызметтердің сапасы арасындағы айырмашылықты сезбейтін болады», – деді ол.

Сонымен қатар, бейсенбі күні Бағдат Мусин «Қазақтелеком» еншілес компаниясы – «QazCloud» ЖШС-нің деректерді өңдеу орталығының жұмысымен танысты. Жаңа дата-орталық бұлтты қызметтерді ұсыну және елдің мемлекеттік органдары мен республиканың квазимемлекеттік сектор компанияларының серверлерін орналастыру үшін құрылған. Нысанның жалпы ауданы 259 шаршы метрді құрайды, машина залында 100 тірек орналасқан, бұл Қазақстандағы ұлттық компаниялардың, министрліктер мен ведомстволардың барлық деректерін толық қамтуға мүмкіндік береді. Tier II деңгейіндегі ДӨО сенімділік сертификатының талаптарына сәйкес жобаланған модульдік дата-орталық басқалармен қатар, ДӨО 99,749% деңгейінде жұмыс істеу қабілеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін барлық қызмет көрсету жүйелерінің үздіксіз жұмыс істеуіне кепілдік береді.

Іс жүзінде бұл жоспарлы техникалық жұмыстарды немесе профилактикалық қызмет көрсетуді жүргізу үшін Қосшыдағы жаңа ДӨО-на жүйелерді толық өшірудің қажеті жоқ дегенді білдіреді: компаниялар мен мемлекеттік органдар дата-орталық жабдығының бір бөлігі ажыратылған сәтте де өз деректерімен еркін жұмыс істей алады. Жаңа Орталықтың осы технологиялық ерекшеліктері дата-орталықтың клиенттерге қызмет көрсету сапасын арттыра отырып, күтпеген іркілістер мүмкіндігін айтарлықтай азайтады, мұндай клиенттердің ішінде жеке компаниялар да болуы мүмкін. ДӨО қауіпсіздігі қарулы күзетпен, аумақтың барлық аумағы бойынша рұқсатсыз кіруге қарсы іс-қимылдың көп деңгейлі жүйесімен, Face ID және бейнебақылау арқылы кіруді бақылау және басқару жүйесімен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ көліктің қасақана енуіне механикалық және гео-кедергілер жол бермейді.

Еще больше новостей на нашем telegram-канале , подписывайся и будь в курсе!
АРХИВ ЖУРНАЛОВ SKNEWS

Смотрите также

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Астана, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: