Хотите получать уведомления в браузере о последних изменениях на сайте SKNEWS.kz
ҚТЖ-да "Translogistica Kazakhstan" халықаралық көрмесі қарсаңында "Көкжиек-2035: жасанды интеллект және болашақтың көлігі" форсайт - форумы өтті.
Форумды TLK Media, Н.Есенғариннің көлік бастамаларын дамыту қоры, ҚР корпоративтік коммуникациялар қауымдастығы, "ҚТЖ" ҰК" АҚ, ҚР Көлік министрлігінің қолдауымен "KAZLOGISTICS" Қазақстан көлікшілер одағы ұйымдастырды.
"Жібектен цифрлық көлік жолына дейін" стратегиялық сессия барысында бүгінгі таңда теміржол саласының негізгі мақсаты озық технологияларды (бұлтты есептеу, үлкен деректерді талдау, жасанды интеллект және т.б.) пайдалана отырып, "ақылды" теміржолды құру екені айтылды.
ҚТЖ ғимаратында өткен форумда басқарма төрағасы Қазақастан темір жолына жасанды интеллектіні енгізу өте маңызды екенін атап өтті. Өйткені кез келген елде темір жол саласы ең үздік 3 компанияның қатарына кіреді.
Еліміздегі тасымалдың артуына байланысты темір жол желілеріндегі жүктеме күннен күнге ұлғайып келеді. Оны шешудің екі жолы бар, бірі жаңа жол салу болса, екіншісі жұмыс істеп тұрған жолдың тиімділігін арттыру. Бүгінде бір учаскеде бір уақытта тек жалғыз пойыз ғана жүре алады. Енді ақылды технологияның арқасында бірнеше пойыз бір-біріне жақын аралықпен жүру мүмкіндігіне ие болмақ. Бұл темір жол желісіндегі жүктемені айтарлықтай төмендетуге көмектесіп, кейбір учаскедегі тасымалды 4 есеге дейін арттыра алады. Мұның барлығы қосымша инфрақұрылымды салуды қажет етпейді. Яғни, жасанды инеллекті 1 трлн теңгені үнемдеуге көмектеседі.
Қазір ҚТЖ-да вагондарды сканерлейтін Wabtec компаниясының цифрлы жобасы кешенді жұмыстар атқаруда. Бағдарлама құраманың қолайлы жылдамдығын шығарып береді және қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көмектеседуі. Соның арқасында отын шығыны екі есеге дейін төмендейтін болады.
Жиын барысында ҚР Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров цифрландыруды енгізу еліміздің көлік саласының әлеуетін көтеруге бағытталып отырғанын ерекше атап өтті.
«Көлік министрлігімен цифрландыру жобалары іске қосылып, жүзеге асып жатыр. Негізінен көрші Қытай компанияларымен бірлескен жобалар іске асырылуда. Соның арқасында шекарадағы өту орындарында көлік кептелісі төмендеп, өз тиімділігін көрсетіп отыр. Сондай-ақ көлік құжаттарын толықтай цифрландыру жұмыстары жүріп жатыр. Жүк көліктерінің салмағын өлшеу жағы да оңтайландырылуда, мұның барлығы қызметтік операцияларды жылдамдатады», - дейді М. Қалиақпаров.
Қазақстан территориясы жаһандық тасымалда маңызды рөлге ие. Пост кеңестік елдердің ешқайсысындап жүктердің жүру барысын бақылайтын сервис жоқ. Осы мәселені шешу үшін ҚТЖ ВС сервис компаниясымен бірігіп цифрлы дәліз жасап шықты. Бұл еліміздің транспорт әлеуетін арттырды, оның үстіне жүк тасымалын ашық етіп, халықаралық жүк жіберушілер алдында Қазақстанды тартымды ете түсті.
Нұрлан Сауранбаевтың айтуынаша, соңғы жылдары жүк тасымалының көлемі жыл сайын жоғары қарқынмен өсіп отыр. Мәселен, Транскаспий дәлізі бойынша жүк тасымалы соңғы бір жылда 20 пайызға артқан.
Жалпы жүк тасымалында ең маңызды мәселе құрама қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Мәселен, жолда бір уақытта 150 мыңға жуық вагон жүріп бара жатады десек, онда 1 млн-нан астам доңғалақ бар деген сөз. Оның барлығының ақаусыз, қалыпты жүруін қамтамасыз ететін компанияның МРТ аппараты іске қосылмақ. Теміржолға орнатылған аппарат вагон табанын лазер арқылы сканерлеп, доңғалақтардың дыбысына дейін тексеріп, ақауын анықтайтын болады. Мұның барлығы адамның қатысуынсыз іске асады. Жүйе барлық нұсқаулықтарды талдап, ақау тапса біден белгі береді. Мұның барлығы қозғалысты қауіпсіз етіп, тасымалды тиімді ете түспек.
Әділет Мұсахаев
Дереккөз: "Қазақстан теміржолшысы"