Главная Новости МАЭК жұптары: "Махаббатсыз дүние бос!" (фото)
26 желтоқсан 2018, 10:35 3138

МАЭК жұптары: "Махаббатсыз дүние бос!" (фото)

МАЭК жұптары: "Махаббатсыз дүние бос!" (фото)

Халық арасында "Маңғыстау жүрегі" аталып кеткен "МАЭК-Қазатомөнеркәсіп" компаниясында елге жылу беремін деп жүріп, өз жүректерінің де қалай жылығанын байқамай қалатындар баршылық. Өндірістік аймақта, жұмыс барысында  кездесіп ғашық болып, отбасын құрған немесе кәсіпорынға қол ұстасып келген  жұптар бар. Олар ертеңгісін қызметке бірге аттанып, кешкісін қолтықтасып бірге қайтады, бір-бірін жиырма төрт сағат көрсе де жалықпайтын жарасымды жұптар.   

Максим+Елена

Осыдан біраз жыл бұрын өндірістік аймақ қызметкерлері жұмыс орнына теміржол вагондарымен қатынайтын. Бір күні сол вагонмен жұмысқа келе жатқан бетінде "Химиялық кешен" қызметкері Максим Зеленков жүздеген жолаушы қыздардың ішінен көзіне оттай басылып, жүрегін басқаша соқтырған әдемі қызды кезіктірді. Ол  комбинат бөлімшелерінің бірінде іс жүргізуші болып қызмет ететін Елена Северинова еді. Жәй ғана жымиып сабырлы қалпынан айнымайтын салмақты қызды Максим алғаш көргеннен-ақ ұнатты. Күн өткен сайын  ол тағдырдың өзіне өмірлік жарын айнытпай кезіктіргенін сезді. Көп ұзамай үйленуге ұсыныс жасады. Азаматқа тән барлық жақсы қасиеттерді бір бойына жинаған Максимдей жігіттің бұл ұсынысын Лена да қуана қабылдады.

"Міне, содан бергі жиырма жылдан аса уақыт бақытты ғұмыр кешіп келеміз. Азамат болған ұлымыз, көп күттіріп, өмірге келген қызымыз бар. Ал Лена болса үйіміздің берекесін келтіріп отырған жақсы жар, мейірімді ана. Мен ризамын", - дейді Максим Зеленьков.

Бекболат+Жұлдыз

Күлімдеп қана отыратын Жұлдыз қызға Бекболат  бір көргеннен-ақ ғашық болды. Жұмыс бабын сылтау қылып жиі көруге тырысатын. Әйтеуір қызды айналшықтап жүріп, бір күні кездесуге шақырды... Жастар көп ұзамай бір-бірін сағынып тұратын шын ғашықтарға айналды.  Қызметке келгендеріне көп болмаған екі жастың қол ұстасқанын байқаған ұжымдастары да  олардың жарасымды жұп екенін айтып, бақыт тіледі. Махаббаттың бал күндерін басынан өткеріп жүрген Бекболат Жұлдызға өмірлік жар болуға ұсыныс жасады. Жүзі жылы жігіттің өзін бақытты ететініне кәміл сенген қыз да қарсылық білдірген жоқ. Көп ұзамай екі жақ құдаласып, ұланасыр той өткізді.

"Мен Жұлдыздай қызды өзіме жар еткеніме өте қуаныштымын. Ата-ана, туған туыстарым да оған риза, мақтаулы келіндердің бірі. Қазір ол  кішкентай қызымызбен декреттік демалыста. Тәп-тәтті балапан  өмірімізді одан әрі қызықты етуде. Біз бақыттымыз", - дейді жас инженер Бекболат Құрманбаев.

Даниил+Анна

Даниил Фу Сан Чи қызметтен тыс уақытта сиқыршылықпен айналысады. Бірақ Аннаны бірден сиқырлай алмады. Бір бөлімшеде қызмет етіп таныс-біліс болып, амандасып қана жүретін. Анна анау-мынау емес, бөлімше директорының қызы. Ал ондай қыздың жүрегін жаулау үшін  қандай батылдық керек екені түсінікті. Бір күні Даниил Аннаның әкесі, Владимир Ивановичтің туған күн мерекесінде өз өнерін көрсетуге шақырылды. Сол кеште жігіт қыздың, оның ата-ана, туыстарының, қонақтардың алдында  сиқырдың түр-түрін көрсетіп, барын салды. Иә, иә, Даниил сол күні біржола Аннаның  да жүрегінің кілтін тауып, өзіне ғашық етті. Содан бері екеуінің жұбы жазылған жоқ.

"2016 жылдың  жаңа жылы мен үшін өте ерекше болды. Өйткені, осы күні сүйген жігітім маған мәңгілік бірге болғысы келетінін жеткізді. Әрине, мен келістім. Даниил өте қарапайым, мейірімді, жүрегі жұмсақ, адал жігіт. Жақында ана атанамын.  Біз бақытымыз еселенетін сол сәтті асыға күтудеміз", - дейді ЖЭО-2 қызметкері Анна Березовская.  

Руслан+Сандуғаш

"Біз МАЭК-те өткен КВН-де, яғни Көңілді тапқыртар клубының байқауында таныстық. Руслан мұнда бізде қызмет жасайтын досына еріп келіпті. Байқау қойылымдары өте қызықты болды. Көңіліміз көтеріліп, мәз болып қайтқанымыз есімде. Сол кезден күні бүгінге дейін көңіл-күйім тамаша десем де болады. Өйткені, тағдыр мені Русландай жігітке жолықтырып, екеуіміздің өмір жолымызды бір арнаға тоғыстырды. Танысқан соң  көп ұзамай Руслан жолсапарға кетті. «Қайтып келген кезде сен күтіп алсаң қуанар едім» деген сөздерінен жігіттің маған көңілі  құлағанын сездім. Иә, мен оны күтіп алуға әуежайға бардым. Ол қатты қуанды. Кейін жұмыс орнын да біздің комбинатқа ауыстырды. Міне, сол кезден бері біргеміз. Қазақтың бір бақытты жас отбасымыз", - дейді Сандуғаш Наурызғалиева.

Әңгіме барысында да бір-бірімен әзілдесіп отырған екі жастың бақытты жұп екенін байқадық. Орталарында гүлдей жайнап қыздары өсіп келеді.   

Асхат+Толқынай

ЖЭО-2 және БН-350 реакторлық қондырғысы бөлімшелерінің қатар орналасуы талай жандардың бақытына себеп болуда. Екі бөлімше қызметкерлерінің жұмысқа келер, кетер жолы бір болғандықтан әдемі қыздардың көзге түспеуі мүмкін емес. Күндердің бір күнінде Асхат та осы жолда жаңадан пайда болған сүйкімді қызға көңілі ауды. Жас жігіт біраз уақыт қыздың сыртынан бақылап жүргені болмаса жақын таныса алмады. Бұл Толқынайдың басқармадан БН-350 РҚ жұмысқа ауысқан кез еді. Сыртынан көз тіккен көркем жігітті ол да байқап жүр. Бір күні себепке сылтау табылып танысу мүмкіндігі туды. Мөлдір сезімнің жетегінде жыл жарым жылжып өте шықты. Әсем кештердің бірінде Асхат сүйгеніне барша қыздың арманы "Маған тұрмысқа шығуға келісесің бе?" деген тілегін жеткізді. Болашағын осы жігітпен ғана елестетін Толқынай жігіттің бұл тілегіне ризалығын айтпай-ақ, күлімдеген көздерімен-ақ сездірген еді. Бүгінде олардың ортасында бал тілді балапан Мейірім өсіп келеді. Артынан іні-сіңлілері ерсе деген ниеттері де жоқ емес.

Таңғы сағат 7.40. Комбинат аумағына лық толы автобустар ағылып келіп жатыр. Олардан түскен кәсіпорын қызметкерлері өздерінің жұмыс орындарына қарай асығып барады.

Кешкі сағат 16.00, одан кейін 16.50. Жұмыс күнінің соңы. Әлгі автобустарға  қарай манағы ондаған адам кері қайтып келеді. Кейбірі автотұраққа қарай бет алған. Осы жүздеген адамдардың арасында сен де келесің бойжеткен мен бозбала! Мүмкін сенің де сыңарың жаныңда жүрген шығар... Жан-жағыңа қарай жүр. Әне, сүп-сүйкімді ботакөз өтіп барады жаныңнан... Ал мына бір сымбатты жігіт сенен көз алмай келеді сұлу қыз...  

"Жалғыздық Құдайға ғана жарасқан". Теңіңді тап, ұрпақ жалғастыр, бақытты бол, әріптес!

Гүлбаршын БАЙНАЗАРОВА                                                                                     

Еще больше новостей на нашем telegram-канале , подписывайся и будь в курсе!
АРХИВ ЖУРНАЛОВ SKNEWS

Смотрите также

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Астана, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: