Хотите получать уведомления в браузере о последних изменениях на сайте SKNEWS.kz
Ел бойынша өткен жалпыхалықтық диктантқа «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС ұжымы да зор белсенділікпен қатысты. Кәсіпорында шараға дайындық барысында арнайы бұйрық шығарылып, диктантты ұйымдастыру, тексеру комиссиясы құрылды.
Комбинаттың 150-ге жуық қызметкері жұмыс күнін жаңа әліпбимен танысып, диктантқа дайындықпен бастады. Содан соң белгіленген уақытта қағаз-қаламдарын қолға алып, мәжіліс залына жиылды. Бүкіл Қазақстан бойынша бір мезетте басталған диктант уақытының соңғы секундтары соғылып, мәтін оқыла бастады. Диктанттың мазмұны да Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасында осы латын әліпбиіне көшу туралы қойылған нақты тапсырмалары, жалпы тілдің болашағы туралы болды.
Берілген жарты сағат ішінде диктантты жазып үлгеріп, алғашқылардың бірі болып шыққан Су тұщыту зауытының аудармашысы Дана Аджанова: «Комбинат бөлімшелерінің барлық аудармашылары бүгін диктантқа қатысуда. Өйткені, жаңа әліпбиді тезірек үйреніп, жазу біздің жұмысымызға өте қажет. Кеше жиналып бәріміз латынша мәтін жазып дайындалғанбыз. Сонда да мектеп оқушылары секілді толқып тұрмыз. Қол телефондарынан хабарламаларын ағылшын тілінде жазып жүрген жастарға жеңілдеу болатын болар. Бірақ, кириллицамен жазатындарға біраз дайындық керек секілді», - деп өз ойын білдірді.
«Міне, бүгін көптен күткен халықтық шара жүзеге асырылды. Ұжымдастарымыз диктантқа бір кісідей қатысып, өздерінің латын қарпінен сауаттылық деңгейлерін бағамдады. Бұл енді алғашқы сынақ. Аса қиын болды деп айта алмаймын. Дегенмен, мәтіндерді тексергенде қатысушылардың қателер жібергенін байқадық. Меніңше, әр азамат өзі үшін жиі-жиі латынша мәтіндер жазып, үйрену керек деп ойлаймын», - дейді комиссия төрайымы Айсұлу Қызылтаева.
Комбинатта өткізілген диктант жазу аяқталған соң, арнайы жұмыс тобы мәтіндерді тексеріп, жаңа әліпбидің меңгерілу деңгейін анықтап, тиісті мәліметті облыстық тілдерді дамыту, мұрағаттар мен құжаттамалар басқармасына жөнелтті.