Хотите получать уведомления в браузере о последних изменениях на сайте SKNEWS.kz
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ баспасөз қызметі компанияның 2022 жылғы қызметіне қорытынды жасады.
Қазандықтарға құйылған әрбір тамшы мұнай артында мыңдаған адамдардың табанды еңбегі мен қажырлы қызметі жатыр: геологтар мен операторлар, зертханашылар мен дәнекерлеушілер, инженерлер мен экологтар, жүргізушілер мен экономистер және тағы басқа жүздеген мамандық иелері.
Маңғыстаумұнайгаз десе, жадымызға ең алдымен Жетібай мен Қаламқас кенорындары және ондағы майталман мұнайшылардың жангешті еңбегі түседі. Солай болуы да заңды! Өйткені Компанияның негізгі өндірістік активтері осылар. Ендеше Компания көзінің ағы мен қарасындай болған Жетібай мен Қаламқаста 2022 жылы қандай оңтайлы өзгерістер бар, саралап көрелік.
Наурыз айында Қаламқас кенорнында әрқайсысы 52 төсек орынға шақталған екі бірдей жатақхана күрделі жөндеуден кейін пайдалануға берілді. Ғимраттардың толық жаңартылуымен қатар сантехникалық құралдар мен мұнайшылар күнделікті тұтынатын тұрмыстық бұйымдар мен жиһаздар да толық ауыстырылды. Желтоқсан айының басында №40 жатақхана осындай түбегейлі жаңартудан өтіп, мұнайшылар игілігіне тапсырылды. Тағы бір жатақхананың күрделі жөндеу жұмыстары дәл қазір жүріп жатыр. Ол жерге де жаңа жиһаздар мен төсек орындар жеткізілетін болады.
Жетібай кеноры Асар вахталық кенті аумағы аббаттандырылды – жаяу жүргіншілер жолдары салынып, кенттің периметрі бойынша сыртқы жарықтандыру жүйесі күрделі жөндеуден өтті.
Жалпы 2022 жыл жұмыскерлердің кенорындардағы әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту бойынша ауқымды шаралар жүзеге асырылған жыл болды. Мәселен, жоғарыда баяндалған мәселелерден бөлек Жетібай және Қаламқас кенорындарындағы тозығы жеткен кеңсе жиһаздары мен спорт құралдары, сантехникалық және тұрмыстық бұйымдар жаңартылды. Оған Компания бюджетінен 137 млн теңге қаражат жұмсалды.
Бұған қоса, Басқарма тапсырмасымен алдағы 5 жылдыққа шақталған арнайы жоспар да жасақталды. Оның аясында кенорындардағы жатақханалар мен асханаларды күрделі жөндеу, жаңа өндірістік және әлеуметтік нысандар салу, операторлық ғимараттар мен слесарлық ғимараттарды модернизациялау, жиһазбен, сантехникалық құралдармен қамтамасыз ету сияқты қызметкерлердің еңбек жағдайын, әлеуметтік-тұрмыстық ахуалын жақсартатын бірқатар жайттар қарастырылған. Жоспардың бір жылға шаққандағы жалпы құны 7 млрд теңгеден асады. Компанияда бұрын-соңды мұндай ауқымды жоспарлар жасалған емес. Демек, келер жылдан бастап Компаниямызда ұзақ жылдан бері күрмеуі табылмаған ең өзекті мәселелер кезең-кезеңімен шешіле бастайды. Құптарлық, қуанарлық жағдай.
Қоғамдық тамақтану – бұл да Компания басымдық берген аса маңызды салалардың бірі. Еңбеккерлерді сапалы әрі құнарлы аспен, дәмді пісірмелермен қамтамасыз теу мақсатында жауапты құрылымдық бөлімдер мен кенорын қызметкерлерінің қатысуымен бракераждық комиссия құрылды. Олар арнайы оқу курстарынан өтіп, жүйелі тексеру және алдын алу шаралары жолға қойылды. Қызметкерлермен тығыз байланыс орнатылып, күнделікті ұсынылатын ас мәзіріне қызметкерлер сұранысымен ішінара өзгерістер енгізілді – салаттар көлемі мен атауы артты, жеміс-жидек көлемі ұлғайды, құрғақ рацион құрамы өзгертілді. Қорыта айтқанда, ас сапасына деген талап күшейді.
Тәні саудың – жаны сау! Бұл халық даналығы ғана емес, Компанияның басты ұстанымдарының бірі. Өйткені қызмет сапасы, өндірістік жоспарлардың уақытылы орындалуы тікелей мұнайшылардың тән саулығына тәуелді. Осы орайда, Компания өз қызметі аясында жұмыскерлердің денсаулық жағдайын жақсарту, аурулардың алдын алу бағытында шараларды жүзеге асырып келеді. Бүгінгі таңда Компания кенорындарында амбулатриялық пункттер, ал Ақтау қаласында тек Компания мұнайшылары мен олардың жақын тумаластарына ғана қызмет көрсететін арнайы емханалық кешен жұмыс істеп тұр. Медициналық қызметтерді 2022 жылдан бастап сала көшбасшыларының бірі «Нейрон-Мед» ЖШС көрсетеді.
Бұл салада да тілге тиек етерлік жайт аз емес. Мәселен, 2022 жылға дейін қызметкерлер үшін бекітілген тегін дәрілік заттар тізімі 220 дәрі түрін құрап, оған жылына 25 млн теңге бөлінетін болса, 2022 жылдан бастап тегін дәрілер тізімі 286 атауға дейін өсіп, оған жылына 60 млн. теңге бөлінетін болды. Оған қоса, 2022 жылы алғаш рет әр қызметкерге дәрі-дәрмек сатып алуға 5 АЕК көлемінде бір реттік төлем жасалды. Сонымен қатар, қызметкерлердің жақын екі тумаласына көрсетілетін медициналық қызметтер ауқымы да артты. Мысалға бұрын оларға зертханалық-аспапты зерттеулердің 10 түрі ғана қол жетімді болса, енді олардың саны 20 асты. Бұл саладағы өзгерістердің бір сыпырасы ғана. Жалпы, осы бағыттағы қызметтер сапасын арттырып, жоғары талаптарға сай жүзеге асыру үшін Компания бюджетінен жыл сайын 700 млн теңгеге жуық қаражат бөлініп келеді.
Өз кезегінде, жұмыскерлерге медициналық қызметтер көрсететін «Нейрон-Мед» ЖШС де қол қусырып отырған жоқ. Қызметкерлер денсаулығын қадағалау үшін ауадай қажет ультра дыбыстық зерттеу аппараты, көз ауруларын анықтайтын POTEC PRK-7000, лор кабинеті, ЭКГ аппараттары сияқты замауи құрылғылар сатып алынды. Мамандар жетіспеушілігі жойылып келеді. Ауырып қалған қызметкерлерді жедел тасымалдауды қамтамасыз ету үшін санавияция қызметі жолға қойылды. Жалпы, серіктестікпен келісім шарт жасақталған 9 ай ішінде «Нейрон-Мед» тарапынан медициналық қызметтер сапасын жақсарту үшін 100 млн теңгеден астам инвестиция жасалды. Бұл да өтіп бара жатқан жылдың бір жетістігі.
Айтпақшы, жоғарыда аталған қоғамдық тамақтану, медицина және тұрмыстық қызмет секілді салалардағы мәселелерді шұғыл анықтап, дер кезінде шешу үшін +7 771 545 18 30 телефон нөмірі бойынша ЖЕДЕЛ ЖЕЛІ іске қосылды. Егер аталған салалардағы қызмет түрлері бойынша ұсыныс-пікірлеріңіз болса, осы нөмірге тіркелген Whats’app хабарламалар жүйесіне дәл қазір жолдаңыз. Жауапты мамандар хабарламаңызды саралап, тиісті шараларды қабылдап, өзіңізге кері байланысқа шығатын болады!
Өндіріс тасы өрге домалады. Иә, Компанияның негізгі қызметі бойынша да жағымды жаңалықтар аз емес. Мәселен, көп жылдар бойы назардан тыс қалып келген Жетібай кенорнындағы кешенді мұнай дайындау және тасымалдау цехында жетілдіру жұмыстарының бірінші сатысы сәтті аяқталды. Нәтижесінде цехтың әлеуеті артып, тәулігіне 40 мың текше метрден астам мұнай өңдеуге жететін болады. Геологиялық-техникалық шаралардың қарқыны күшейді, жер қабатындағы су ағысын шектеу бойынша технологиялар сынақ ретінде енгізілді, жаңа ұңғымалар қазылды. Осы жұмыстардың және Жетібай кенорны мұнайшыларының табанды еңбегінің арқасында кенорын тәуліктік мұнай өндіру көлемі 7000 тоннадан асты. Мұндай жоғары көрсеткіш Жетібай кенорнында соңғы рет 1981 жылы тіркелген болатын. Рекорд жаңартылды! Бұған қоса Жетібай кенорындар тобына тиесілі Оңтүстік Жетібай, Алатөбе және Оймаша кенорындарының игеру мерзімі ұзартылды. Бұл да 2022 жылдың өндірістік шежіресіне енетін елеулі оқиғалардың бірі әрі бірегейі болып қалмақ.
Ал Қаламқас кенорны 2022 жылы өзінің 170 миллионыншы тонна мұнайын өндіріп, ел игілігіне елеулі үлес қосты. Мақтаныш! 2022 жылғы жетістіктер тізіміне тағы бір жазба.
Айта берсек, бұл тізім жалғаса берері анық. Дегенмен, олардың артында төрт мың адамдық ұжымның ерлікке пара-пар күнделікті тірлігі жатқанын тағы да ерекше атап өткіміз келеді. Ендеше, Компания жетістіктер тізбегін осы жерден үзе тұрып, қарапайым еңбек адамының жеке һәм кәсіби жетістіктеріне ойысайық.
Сонымен, еңбеккерлер 2022 жылы қандай жетістігімен ұжымдастар назарына ілікті? Біле жүріңіз!
Бірнеше жылдан бері «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ өндіріс алаңдарында бір де бір ауыр оқыс оқиға тіркеліп, адам жарақаты орын алған жоқ. Осы орайда, Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының бұйрығымен «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар саласы бойынша ең үздік өндірістік Компания деп танылып, өлкемізде азаматтық қорғаныс саласының дамуына қосқан ерекше үлесі үшін Компаниямыздың қауіпсіздік, еңбекті қорғау және қоршаған ортаны қорғау департаментінің директоры Аманқос Сырымұлы Мұңғалов алғыс хатпен марапатталды. Сондай-ақ, Аманқос Сырымұлы 2022 жылы осы саладағы кіршіксіз еңбегі үшін «ҚазМұнай-Газ» ҰК» АҚ естелік белгісімен және Маңғыстау облысы әкімдігінің Алғыс хатымен марапатталды.
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Геология және барлау департаментінің директоры Күләш Рахатова геологиялық барлауды дамытуға қосқан зор үлесі үшін Қазақстан Республикасы экология, геология және табиғи ресурстар Министрлігінің «Жер қойнауын барлаудың үздігі» төсбелгісіне ие болды.
Үш бірдей әріптесіміз республикалық деңгейде үздік қызметкерлер қатарына қосылып, «SPE international» мұнай-газ инженерлері қауымдастығы мен «Petrocouncil.kz» қауымдастығының рейтингтік тізімінен көрінді. Бауыржан Исатаев пен Досымбек Дәуіржан Қазақстанның үздік жас мұнай-газ инженерлері қатарына енсе, Тимур Тәжібаев Қазақстандық мұнай-газ саласындағы жас көшбасшылары қатарына қосылды. Үшеуі де геология саласының мамандары.
Әкімшілік-әлеуметтік мәселелер департаментінің қызметкері Мерей Тумаев тамыз айында Атырау қаласында өткен «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ жазғы спартакиадасында үлкен теннистен күміс медальді қанжығасына байлады. Ал осы департаменттің спорт нұсқаушысы Нұрлыбай Елубаев волейбол сайысының үздің байланыстырушысы деген атағын жеңіп алды.
Шағын футболдан жетістіктеріміз көп. Компания қызметкерлерінен құралған команда сәтті өнер көрсетіп, республикалық және халыаралық бірнеше жарыстардың жүлдегері атанды. Соның ішінде 40+ санаты бойынша өнер көрсетіп жүрген ардагерлер командасаның шағын футболдан ел чемпиондары атануын және Ресей Федерациясының Ульяновск қаласында 45+, 50+ санаттары бойынша өткен «SIMBIRSK CUP» турнирінде екі бірдей бас жүлдені жеңіп алғанын ерекше мақтанышпен атап өткіміз келеді.
Бес бірдей қызметкеріміз Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасы №1 мұнай-газ өндіру кәсіпшілігінің 5-дәрежелі слесарь-жөндеушісі Абдол Бижанов, «Жетібаймұнайгаз» ӨБ ҒЗжӨЖЦ 5-дәрежелі ұңғымаларды зерттеу операторы Асхат Қазиев, «Қаламқасмұнайгаз» ӨБ №2 МГӨК 4-дәрежелі мұнай және газ өндіру операторы Қуаныш Серікбаев, «Қаламқасмұнайгаз» ӨБ қабат қысымын ұстау цехының 4-дәрежелі операторы Серікбол Айжарықов және «Жетібаймұнайгаз» ӨБ Механикалық цехтың 5-дәрежелі темір жонушысы Рахат Иман Қызылорда қаласында өткен «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ «Үздік маман – 2022» кәсіби шеберлік байқауында жеңімпаздар сатысынан көрінді.
Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар күніне орай, өңір басшысы Нұрлан Ноғаев еңбек және әлеуметтік экономикалық құқықтарды қорғаудағы белсенді қызметі үшін әріптесіміз, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы қоғамдық бірлестігінің» «Жетібаймұнайгаз» ӨБ кәсіподақ төрағасы Бекес Құлмұрыновқа кәсіподақ қозғалысының қалыптасуы мен дамуына қосқан елеулі үлесі үшін алғыс айтып, Алғыс хат табыстады.
«Азаматтық бастамаларды қолдау» орталығының ұйымдастыруымен мұнайшы жастар арасында өткен «Үздік Өнеркәсіптік Маман-2022» байқауында қос бірдей әріптесіміз «Жетібаймұнайгаз» ӨБ №3 мұнай және газ өндіру цехының операторы Азат Темірәлиев және «Қаламқасмұнайгаз» ӨБ пайдаланыстағы жабдықтарды прокаттау-жөндеу цехының дәнекерлеушісі Айболат Сейітов 21 үміткердің арасынан суырылып шығып, жүлдегерлер қатарынан көрінді.
Жоғарыда қызметкерлеріміздің кәсіби жетістіктерін баяндаған болсақ, енді әріптестеріміздің жеке өміріндегі елеулі сәттермен таныс болыңыздар. Қаржы департаменті бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік бөлімінің басшысы Толыбай Таласбаевтың отбасына қатысты мына бір оқиға тек ұжым өкілдерін ғана емес жалпы ел азаматтарын елең еткізгені анық. Әріптесіміздің үлкен ұлы Құрал Жоламан Гибралтар бұғазы арқылы Еуропадан Африкаға қарай 16,7 километр қашықтықты 5 сағат 58 минутта гидрокостюмсіз жүзіп өтті. Құрал Гибралтар бұғазын бағындырған алғашқы қазақстандық қаһарман. Бұған дейін 2018 жылы Түркияда өткен кросс континенталдық жүзуге қатысып, Босфор бұғазы арқылы Азиядан Еуропаға жүзіп өткен.
Тағы бір мақтанышымыздың есімі Адайхан Жұмамұрат. Ол көлік департаментінде жүргізуші болып істейтін Жұмамұрат Мырзабековтың ұлы. 2022 жылы Ақтау қаласында өткізілген әмбебап жекпе-жектен ерлер мен әйелдер және жастар арасында Қазақстан Республикасының чемпионатында жеңімпаз атанды. Небәрі 16 жасында спорт шеберіне үміткер куәлігін алған Адайханның ендігі арманы Олимп шыңын бағындыру.
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ баспасөз қызметі