Главная Новости Медсақтандыру бойынша оңалтудан қалай тегін өтуге болады? 8 сұраққа жауап
Маңызды11 маусым 2021, 10:55 418

Медсақтандыру бойынша оңалтудан қалай тегін өтуге болады? 8 сұраққа жауап

Медсақтандыру бойынша оңалтудан қалай тегін өтуге болады? 8 сұраққа жауап

Жыл басынан бері амбулаториялық деңгейде 1,5 миллионға жуық оңалту қызметі көрсетілген.

2021 жылдың басынан бастап күндізгі және тәуліктік стационарларда 437 мыңнан астам пациент реабилитациялық ем қабылдаған. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының мәліметінше, МӘМС жүйесі енгізілгеннен кейін оңалтуды қаржыландыру 2019 жылмен салыстырғанда 9 есеге, яғни 55,8 миллиард теңгеге дейін ұлғайды. 4 ай ішінде Қор 14 млрд теңгенің қызметіне ақы төледі, деп хабарлайды SKnews.kz Информбюро порталына сәлтеме жасап.

Медициналық оңалтудың пациент денсаулығын қалпына келтіруде атқаратын рөлі зор. Жарақат алған немесе созылмалы аурумен ауырып тұрған пациенттің күнделікті өмірге оралып, қалыпты тіршілік етуіне септігін тигізеді. Бұрын көпшілік жағдайда ақылы түрде көрсетілетін оңалту бүгінде сақтандырылған азаматтар үшін қолжетімді болып отыр. Медициналық сақтандыру қоры мамандары осы мәселе жайлы егжей-тегжейлі ақпар берді.

Медициналық оңалту кімдерге көрсетіледі?

Реабилитациядан:

  • негізгі немесе созылмалы ауруды емдеу қажет болғанда;

  • қатты ауырсынудан кейін;

  • хирургиялық оталардан кейін;

  • жарақат алғаннан кейін;

  • сырқат салдарынан адамның қимыл-қозғалысы шектелген жағдайларда өтуге болады.

Медициналық оңалту қай кезде тегін көрсетіледі?

Қалпына келтіру шараларын ақысыз негізде өтуге болады:

  • тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) шеңберінде – негізгі ауруды, сондай-ақ туберкулезбен ауыратындарды емдеу кезінде;

  • міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде (МӘМС) – аурулар мен проблемалардың халықаралық жіктемесі бойынша аурулар тізбесіне сәйкес.

Пациент бұрын оңалтудан өтпесе неден бастаған жөн?

  1. Тұрғылықты жеріндегі емханаға барады.

  2. Емдеуші дәрігер реабилитолог маманға немесе мультидисциплинарлық топ мамандарына жібереді.

  3. Олар аурудың пайда болуы мен күшеюі, сырқаттың денсаулық жағдайына байланысты мәліметтерді ескере отырып, оңалтуға деген қажеттілікті айқындайды. Бастапқы реабилитациялық диагноз қойып, пациент денсаулығын қалпына келтіру жоспарын, оңалту курсының мерзімін т.б. анықтайды.

  4. Егер кешенді тексеру нәтижесінде реабилитация тиімді деп табылса, пациент оны амбулаторияда, стационарда, стационарды алмастыратын емдеу мекемесінде, үйде немесе санатория-курорттарда өте алады. Жоспарлы түрде ем қабылдайтын пациент стационарға "Ауруханаға жатқызу бюросы" порталы арқылы жатқызылады.

Оңалтудан бас тартуға мынадай жағдайлар себеп болуы мүмкін:

  1. көп қан кету;
  2. дене қызуының көтерілуі және ұзақ уақыт бойы қалыпты жағдайдан асып кетуі;
  3. өткір жұқпалы аурулар;
  4. өткір остеомиелит;
  5. көктамыр тромбозы;
  6. жүрек жеткіліксіздігі;
  7. эпилепсия талмасы ұстаған кезде;
  8. қатерлі ісік, туберкулез, қант диабеті, тиреотоксикоз, бауыр қызметі тапшылығы, ІІІ деңгейлі ұйқы безі тапшылығы, адамның көңіл-күйі мен мінезінде ауытқулар тудырған психикалық аурулар, іріңді және жұқпалы тері аурулары, 2-3-дәрежелі анемия, 3-дәрежелі дистрофия сынды аурулар себеп болуы мүмкін.

Оңалту пациенттің өз өтініші бойынша тоқтатылуы мүмкін. Сонымен қатар, ем-шаралардан кейін сырқаттың жағдайы нашарлаған жағдайда немесе негізгі, қосалқы аурулары күшейіп кеткен жағдайда дәрігер ем-шараны тоқтату туралы шешім қабылдайды.

Медициналық оңалту кезеңдері қандай?

Біріншісі ауруы асқынып тұрған науқастарға, хирургиялық ота жасатқан, жарақат алған адамдарға арналған. Ол стационарлардың құрылымдық бөлімшелерінде жүргізіледі.

Егер ауруханаға жатқызу қажет болмаса, медициналық көмек көрсетілгеннен кейін және негізгі ауру емделіп болғаннан кейін пациент оңалтудың екінші немесе үшінші кезеңіне жіберіледі.

Оңалтудың екінші кезеңі мамандандырылған бөлімшелерде немесе республикалық денсаулық сақтау ұйымдары, мамандандырылған оңалту орталықтары мен көпбейінді стационарлар базасында өтеді. Бұл кезең ауру басталған сәттен бастап тоғыз ай ішінде жүргізу қажет. Курстың ұзақтығы мен жиілігі нозологияға, науқасты денсаулық жағдайына тағы да басқа факторларға байланысты болмақ.

Үшінші кезеңде медициналық оңалту емхана-амбулатория деңгейінде, күндізгі және тәулік бойғы стационарларда, оңалту орталықтарында, санаторийлер мен курорттарда, үйдегі стационар жағдайында, сондай-ақ қашықтықтан жүргізіледі. Курстың жиілігі мен ұзақтығы пациенттің денсаулығына қарай белгіленеді. Оңалтудан алынған нәтиже міндетті түрде ескерілге тиіс.

Коронавирустан жазылғаннан кейін оңалтудан өтуге бола ма

Коронавирустық инфекциямен немесе орташа, ауыр және аса ауыр деңгейдегі пневмониямен ауырған қазақстандықтар оңалтудан Медициналық сақтандыру қорының қаражаты есебінен өте алады. Медициналық оңалтуға жолдама реабилитолог маман мен аурухананың/емхананың мультидисциплинарлық командасының қорытындысы арқылы беріледі.

Реабилитация қажеттігін бағамдау барысында мынадай көрсеткіштер тексерледі: тыныс алу органдарының қызметі (сатурация деңгейі, КТ/рентгенографиядағы өзгерістер), күнделікті өмірге қабілеті (Бартел индексі).

Оңалту пациенттің өз өтініші бойынша тоқтатылуы мүмкін. Сонымен қатар, ем-шаралардан кейін сырқаттың жағдайы нашарлаған жағдайда немесе негізгі, қосалқы аурулары күшейіп кеткен жағдайда дәрігер ем-шараны тоқтату туралы шешім қабылдайды.

Медициналық оңалту қызметі қай жерде көрсетіледі?

Медициналық сақтандыру қоры халық үшін оңалтудың қолжетімділігін арттыру бағытында жан-жақты жұмыс істеп жатыр. 2019 жылы бұл қызметті 64 медициналық ұйым көрсетсе, 2020 жылы олардың саны 559-ға жетті.

Ал 2021 жылы еліміз бойынша 618 ұйым медициналық оңалту қызметін көрсетуге тапсырыс алды. Тізімге емханалар, ауруханалар, жеке меншік медициналық орталықтары, оңалту және спорттық-оңалту кешендері, оңалту-санатория кешендері, медициналық-әлеуметтік мекемелер, қоғамдық қорлар, емдеу-сауықтыру кешендері, санаторийлер енген. Оның ішінде, еліміздің 10 өңірінде орналасқан 16 санаторий де бар.

Жеткізуші компаниялардың тізімімен Қордың fms.kz ресми сайты арқылы танысуға болады.

Биыл медициналық оңалтуға қанша қаражат бөлінді?

2021 жылы оңалту қызметін қаржыландыру деңгейі 2019 жылмен салыстырғанда 9 есе артып, 55,8 млрд теңгені құрады.

2021 жылдың 4 айында Қор оңалту қызметі үшін 14,1 млрд теңге төледі. Соның ішінде, амбулатория деңгейінде 1,5 млн–ға жуық медициналық оңалту қызметі, тәулік бойғы стационарларда – 250,5 мыңнан астам қызмет, күндізгі стационарда – 186,9 мыңнан астам қызмет көрсетілген.


Еске сала кетсек, пациенттер құқығын қорғау мәселесі бойынша Қордың елордалық филиалы, 1406 байланыс орталығы немесе Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы,  Telegram-дағы SaqtandyryBot, Қордың fms.kz ресми сайты арқылы өтініш қалдыруға болады. Келіп түскен өтініш-шағымдар міндетті түрде қаралады.

Выпуски SK NEWS

Смотрите также

Видео Все видео
Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Нур-Султан, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: