Главная Новости Міндетіне мығым маман
05 тамыз 2021, 11:30 1393

Міндетіне мығым маман

Міндетіне мығым маман

Қашан да еселі еңбек пен нәтижелі жұмыстың іргетасын қалайтындар қарапайым еңбек адамдары болып келеді. Осындай абзал жандардың қатарында Серік Имашев та бар.

1971 жылы, Ақтөбе облысы, Байғанин ауданында туылған Серік Тоқтарбайұлы қайнаған қызу еңбектің ортасына небәрі 19 жасында келді. 1979 жылы Маңғыстауға көшкен қарапайым еңбекші отбасы үйдің тұңғышын В.Куйбышев атындағы совхоздың мектеп-интернатына орналастырады. Кейін, 1987 жылы Ақтау қаласындағы №1 СПТУ кәсіптік техникалық училищесіне оқуға түскен Серік, «Мұнай және газды игеру операторы», «кен орындарын игеру» мамандықтарын қоса игеріп шығады. Тәжірибеден өту үшін Қаламқасқа аттанған балаң жігіт етене араласқан еңбек адамдарының болашақ ұжымы болатынын елестеткен де емес.

Осылайша Серік Имашев 1990 жылы училище жолдамасымен «Комсомольскнефть» ӨБ-дағы Қаламқас кенорынында еңбек жолын бастайды. Жас маман операторлық жұмысқа енді кірісе бергенде әскер қатарына шақырылып, Беларусь Республикасында екі жыл әскери борышын өтейді. 1992 жылы қызметіне қайта оралған маман 2013 жылға дейін оператор, шебер, инженер, цех бастығының орынбасары қызметтерін атқарады. Еңбек етіп жүріп «Болашақ» институтынан «тау кен инженері» мамандығын да игеріп алады. 2013 жылы жаңадан ашылған Қаламқасмұнайгаз өндірістік техникалық бөлімнің сораптық компрессорлық қубырлар мен терендик сораптарын сақтау, жөндеу учаскесі бастығының орынбасары қызметіне ауысады. Ал, бүгінде ол сол бөлімшенің бастығы.

«Учаскенің негізгі жұмысы сораптық-компрессорлық құбырларды арнайы қазандықта «Рауан-100» парафин шөгінділерін жойғышпен жуып, іріктейді. Пайдаға жараған құбырлар қайта ұңғыларға кетеді. Ал, тереңдік сораптардың жөні бөлек. Олар жуылып, іріктеу үшін «ТехноТрейдинг» ЛТД ЖШС-не жөнелтіледі», – деп жұмысына қысқаша тоқталған Серік ағай, кідіріссіз қызмет үстіндегі сұхбатында өзін еңбекке баулыған Абдулла Бектұрсынов, Киікбай Аймағамбетов, Тұрар Өтепқалиев, Талғат Айдынов, Сергей Жалғасбаев, Еркін Молдабаев, Оспан Еңсегенов, Бекен Қосмағамбетов, Равиль Абзалұлы сынды тәлімгерлерден көп нәрсе үйренгенін айтып, ризашылғын білдірді.

Серік Имашев әріптестерімен жақсы кәсіби қарым-қатынас жасай білетін маман. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп, өз жұмысына асқан ұқыптылықпен қарайтынын, онымен күнделікті қоян-қолтық еңбек етіп жүргендер жақсы біледі. Еңбекқор азаматтың марапаттары да аз емес. Мұнай-газ саласының дамуына қосқан елеулі үлесі үшін құрмет грамоталары мен төсбелгілері бар.

Ұжымдастарын биылғы мереке – Маңғыстау мұнайының 60 жылдығымен құттықтап, ақ тілегін арнаған Серік Тоқтарбайұлы әлемді жайлаған індетке де алаңдаулы екенін жеткізді:

«Аты жаман аурудың беті қайтып, арқа-жарқа болып алаңсыз жүретін күн тусын тезірек. Басымыз аман, бауырымыз бүтін болсын әріптестер!»

Зайыбы Айгүл Кесікбайқызымен бірге дүниеге бес перзент әкелген Серік ағамыздың бүгінгі күні адал еңбегінің миуасын татып отырған әдемі жағдайы бар. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырған еңбек адамы ұрпақтарының болашағына аппақ тілектерін арнап, барына шүкір етеді. Ел экономикасының күре тамыры болып отырған мұнай өнеркәсібіне толайым еңбегін арнаған қарапайым мұнайшының шағын да болса мазмұнды ғұмырнамасы міне, осындай.

Еще больше новостей на нашем telegram-канале , подписывайся и будь в курсе!
АРХИВ ЖУРНАЛОВ SKNEWS

Смотрите также

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Астана, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: