Главная Новости Мұнай-газ компаниялары арасындағы алғашқы корпоративті телеарна
02 наурыз 2021, 11:14 2234

Мұнай-газ компаниялары арасындағы алғашқы корпоративті телеарна

Мұнай-газ компаниялары арасындағы алғашқы корпоративті телеарна Телеарна редакторы Ақбота Орынбаева мен журналист Ботагөз Марабаева

Бүгінде көптеген ірі компаниялардың өз корпоративті телеарнасы бар. Коммуникацияның бұл құралы арқылы олар бірінші кезекте өз қызметкерлерін ақпараттандыру мәселелесін шешеді. Корпоративті телеарна телевизия құралы болғанымен ол ішкі коммуникацияның да бірегей жобасы. Осы орайда біз бүгін Қазақстанның мұнай-газ компаниялары арасында алғашқы боп ашылған «ҚазТрансОйл» АҚ корпоративті телеарнасы туралы әңгімелейміз.

ТЕЛЕАРНА ҚАЛАЙ ҚҰРЫЛДЫ?

«ҚазТрансОйлда» корпоративті телеарна құрудағы басты мақсат компания жүргізіп отырған саясатты, басшылық шешімдері мен барлық бастамаларды көпшілікке бір мезетте қолжетімді коммуникация арнасы арқылы тарату болатын.

ГҮЛНАР БИСАРИНОВА, «ҚазТрансОйл» АҚ жұртшылықпен байланыс және ішкі коммуникациялар департаментінің директорыГҮЛНАР БИСАРИНОВА, «ҚазТрансОйл» АҚ жұртшылықпен байланыс және ішкі коммуникациялар департаментінің директоры

«ҚазТрансОйл» АҚ корпоративті телеарнасы – жас та жаңа жоба. Телеарна құру идеясын «ҚазТрансОйл» АҚ бас директоры Димаш Досанов ұсынды. Әрине, қандай да бір телеарна ашу жұмысы үлкен шығармашылық әрі ұйымдастырушылық жұмысты талап етеді. Оның дайындық шараларының өзіне бір жылдан астам уақыт кетті. Осы уақыт ішінде біз компанияның еліміздің 11 аймағында орналасқан өндіріс нысандарына 300-ге жуық теледидар орнаттық. Сөйтіп, вахталық елді мекендер, демалыс бөлмелері, асханалар, өндіріс орындары мен әкімшілік ғимараттарда жұмысшылар телеарнаның болашақ өнімдерін тамашалай алатын мүмкіндік жасадық», – дейді «ҚазТрансОйл» АҚ жұртшылықпен байланыс және ішкі коммуникациялар департаментінің директоры Гүлнар Бисаринова.

КӨРЕРМЕНМЕН АЛҒАШ ҚАУЫШҚАН КҮН

«ҚазТрансОйл» АҚ өндіріс орындарында орнатылған экрандарға корпоративті телеарна хабарлары алғаш рет 2019 жылдың 17 маусымында жол тартты. Бұл ретте спутниктік байланыс арқылы корпоративті телеарна хабарын тарату өте қомақты қаржыны талап ететінін айта кету керек. Сондықтан компания басшылығы бюджетті тиімді әрі оңтайлы жұмсау

мақсатында бұл хабар тарату тәсілінен бас тартып, аймақтағы қызметкерлер көмегімен таратылым ұйымдастырған. Шығынсыз. Телеарна ұжымы әлі де осы ұстаныммен жұмыс істеп келеді.

ЗАМАНАУИ ТЕЛЕСТУДИЯ

Телеарнаның әрін де, сәнін де кіргізетін нәрсе не? Әлбетте, телестудия! Ұжым үшін студияда жұмыс істеудің маңызы зор. Дегенмен, жұртшылықпен байланыс және ішкі коммуникациялар департаменті қызметкерлерінің асыққанына қарамастан, студияны әзірлеу екі жылдан астам уақытты талап етті. Дизайн, ғимарат орнын белгілеу, қажетті инфрақұрылымды ұйымдастыру... Мұның бәрі ұзақ шығармашылық процесс. Десе де, оның бәрі сәтті аяқталып, 2020 жылдың желтоқсанында заманауи сәнді телестудия іске қосылды.

Меруерт ПАЛМАХАНОВА, Корпоративті телеарнаның бас редакторыМеруерт ПАЛМАХАНОВА, Корпоративті телеарнаның бас редакторы

«Қазір жаңа теле студиямызда қонақтар шақырып, сұхбат жазып, түрлі бағдарламалар әзірлеуге толық мүмкіндік бар. Студия дизайны «ҚазТрансОйл» брендімен жаңалықтар таратуға, студия қонағынан сұхбат алуға қолайлы, сондай-ақ хромокеймен түрлі графикалық көріністерді пайдалану арқылы танымдық, әлеуметтік бағдарламалар жасау мақсатында жан жақты жабдықталып жасалған», – дейді «ҚазТрансОйл» АҚ корпоративті телеарнасының бас редакторы Меруерт Палмаханова.

ТЕЛЕАРНА ҰЖЫМЫ МЕН ӨНІМДЕРІ

Корпоративті телеарна қызметкерлеріКорпоративті телеарна қызметкерлері

Корпоративті телеарна контентін жасауға 8 адам жұмылдырылған. Бас редактор Меруерт Палмаханова, редактор Ақбота Орынбаева, журналист Ботагөз Марабаева және оператор-монтажер Мұрат Уахпаев орталықта жұмыс істесе, аймақ жаңалықтарын Бейбіт Бөжен, Алтынгүл Меңдіхан, Жансая Сыдықбай мен Нұрлыбек Ғизатов есімді әріптестер әзірлейді. Барлығы да өз мамандығының шебері, республикалық ақпарат құралдарында табысты еңбек еткен және PR саласында да зор тәжірибелі мамандар. Қазір телеарна өнімдері «Ақпараттық» және «Бағдарламалар» болып екіге бөлінеді. Таратылым «сеткасы» да көрерменге осылай жол тартады. Жаңалықтар айына екі рет шығады: «Жаңалықтар дайджесті» және «Студия жаңалықтары». Ал көрерменге жаңартылған контент айына бес мәрте көрсетіледі.

  • «Департамент time» – компаниядағы сан алуан департаменттердің қызметі мен мақсатын түсіндіретін жоба. Авторы әрі жүргізушісі Ақбота Орынбаева.
  • «Информ-проводчик» – қызметкерлерге компанияда іске асырылған жаңа стратегиялар мен қабылданған жаңа құжаттардың мақсаты мен міндетін түсіндіретін танымық жоба. Авторы әрі жүргізушісі Ботагөз Марабаева.
  • «Менің Қазақстаным» – влог жоба. Оған компанияның кез-келген қызметкері атсалыса алады. Жоба мақсаты – жұмысшыларды телеарна жұмысына қызықтыру және тарту. Олар влог ретінде видео түсіріп, өзінің туған жері табиғатының әсемдігі мен тарихы туралы айтады, әрі ішкі туризм мен экологиялық қауіпсіздікті насихаттайды.

«ЖЕТІ ҚЫРЛЫ ЖУРНАЛИСТ»

«ҚазТрансОйл» корпоративті телеарнасының журналистері өз жұмысында осы қағиданы ұстанады. Жан-жақтылық. Жаһандану дәуірінде бұл таңсық емес, қазір көптеген телеарнада бір тілші оператор мен журналистің, кей ретте тіпті режиссердің де қызметін алып жүреді.

Алтынгүл МЕҢДІХАН, Маңғыстау мұнай құбыры басқармасы жұртшылықпен байланыс және ішкі коммуникация маманы Алтынгүл МЕҢДІХАН, Маңғыстау мұнай құбыры басқармасы жұртшылықпен байланыс және ішкі коммуникация маманы

Бұл телеарнада да дәл солай. Павлодар, Шымкент, Атырау мен Маңғыстау мұнайқұбыры басқармаларының мамандары контентті өздері түсіріп, өздері монтаждауға дағдыланған. Ол үшін компания мамандарды қажетті құрал - жабдықтармен қамтамасыз етті. Бұл секілді жан - жақтылық хабар таратуда да кездеседі. Корпоративті телеарна өнімі бірнеше коммуникация каналы арқылы көрерменге жол тартады:

  • мұнай құбыры басқармалары орнатылған теледидарлар;
  • ішкі портал,
  • «ҚазТрансОйл» АҚ мобильді қосымшасы;
  • youtube әлеуметтік желісі.

АУҚЫМДЫ ЖОСПАРЛАР

«Көз қорқақ, қол батыр» дегендей, кез-келген істі бастау қиын, бірақ тұсауы кесілген жобаны әрі қарай дамыту одан да ауыр. «Бастапқы мақсатымыз біреу еді. Ол – қызметкерлерді тиімді ақпарат құралы арқылы компанияның маңызды ақпараттарымен таныстырып отыру. Алайда, телеарна жұмысын қолға алғалы бері мүддеміз өзгерді. Ендігі мақсат – тек ішкі аудитория ғана емес, әлеуметтік желі арқылы жалпы ел көрерменіне жол тарту. Бұл стратегиялық тұрғыдағы ауқымды жоспар. Бірақ, біздің ұжымның қолынан келетініне сенемін. Әрине, мақсатымыз үлкен шығармашылық жаңаруды, ұдайы дамуды талап етеді. Біз әлі де көрерменімізді жаңа графикалық дизайнға толы, тартымды жобалармен қуантамыздеген ойдамын», – дейді «ҚазТрансОйл» АҚ жұртшылықпен байланыс және ішкі коммуникациялар департаментінің директоры Гүлнар Бисаринова.

Айтпақшы, көктемде корпоративті телеарна өзінің жаңа студиясына қонақтар қабылдай бастайды. Олардың қатарында компания серіктестері, топ менеджерлері мен қарапайым жұмысшылары да бар. Теларнаның жаңа туындыларын «ҚазТрансОйл» АҚ youtube каналынан тамашалауға болады. Сондай-ақ, ұжым трэвел шоу сияқты жаңа жобаны қолға алуды көздеп отыр. Бұл жобаның түсірілімі шектеу шараларына байланысты кейінге шегерілген.

ПІКІР

Бағлан АЙДАШОВ, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ баспасөз қызметінің басшысыБағлан АЙДАШОВ, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ баспасөз қызметінің басшысы

«Бүгінде жаңалықтарды ауқымды аудиторияға видеоконтент арқылы тарату «ӨзенМұнайГаз» АҚ, «Қаражанбасмұнай» АҚ және «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның басқа да компанияларында сәтті жүзеге асырылып жатыр. Олардың қатарына «ҚазТрансОйл» АҚ корпоративті телеарна жобасы да қосылды. Жалпы, мұндай жобаның «корпоративті телеарна» аталуы «ҚазМұнайГаз» компаниялар тобы арасында әзірге тек «ҚазТрансОйлға» тиесілі. Меніңше, бұл өндіріс қызметкерлерін ақпараттандыруда өте қажетті коммуникация құралы. Корпоративті телеарна жобасына сәттілік тілеймін. Айтары көп телеарна болсын», — дейді «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ баспасөз қызметінің басшысы Бағлан Айдашов.

https://sknews.kz/online/601-sk-news-n3-4-161-162/

Еще больше новостей на нашем telegram-канале , подписывайся и будь в курсе!
АРХИВ ЖУРНАЛОВ SKNEWS

Смотрите также

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Астана, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: