Главная Новости «Мұнайлы өлке»: кәсіби мамандар ұжымы
05 ақпан 2021, 08:39 3124

«Мұнайлы өлке»: кәсіби мамандар ұжымы

«Мұнайлы өлке»: кәсіби мамандар ұжымы

«Мұнайлы өлке» – «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамының корпоративтік басылымы. Сондықтан оның миссиясы да, жұмыс бағыты да компания қызметкерлері мен басшылығы арасында сенімді қатынас орнату, корпоративтік құндылықтарды насихаттауға негізделеді. Газет бүгінде өзінше бір ақпараттық алаңға айналған. Мекеменің кез келген қызметкері өзінің мақаласын жариялап, әріптестеріне газет арқылы насихат айта алады. Сондай-ақ, басылым мазмұнының басым бөлігі қарапайым еңбек адамы туралы мақалалар мен очерктерден тұрады. Мекеменің жеткен жетістіктері, маңызды ақпараттар мен қоғамдық елеулі шаралар мен даталар да – газет материалдарына арқау.

Басылым бастауы

«Мұнайлы өлкенің» тарихы 2009 жылдан басталады. Ол «Маңғыстаумұнайгазда» мекемеішілік жаңалықтар мен маңызды ақпараттарды жариялап, компанияның корпоративтік саясатын насихаттайтын құралдың жоқтығы қиындық тудырып жүрген кез болатын. Ал 2009 жылы компания иелері мен басшылығы ауысқан тұста бұл мәселенің өзектілігі арта түсті. Сөйтіп, осы жылғы мамыр айында «Мұнайлы өлкенің» алғашқы саны жарық көріп, оқырманға жол тартты.

Газеттің алғашқы редакторы болып өңірге белгілі ақын, жазушы, публицист Айтуар Өтегенов қызмет етті. Журналистиканың қыр-сырын әбден меңгерген шебер маман басылымды оқырман көңілінен шығатын қызықты ақпараттар мен мағлұматтарға қанық ете білді.

Бастапқы кезде газет жұмысына компанияның әлеуметтік бөлім мамандары жұмылдырылды. Кәсіби маман болмағанымен, жылдар бойы мекеме ұжымымен тығыз жұмыс жасаған тәжірибелі мамандар басшының шебер нұсқауымен газет жұмысына тез төселді. Ақбала Алекешова, Бибігүл Әбдіқалықовалар – редакцияның алғашқы қызметкерлері. Кейін, газетке деген қызығушылық артқан уақытта кәсіби мамандарды да жұмысқа алу мүмкін болды. Осы уақытта жұртшылықпен байланыс бөлімінің басшысы қызметіне Ғазиз Сермағамбетов тағайындалды. Ол бірнеше жыл жемісті қызмет етіп, газет әлеуетін одан әрі арттыра түсті.

Ұстанымға берік ұжым

Уақыт өте келе «Мұнайлы өлкенің» редакция алқасы Есназар Сұлтанов, Лаура Жолдыбаева, Ербол Айтбаев, Арайлым Ақшаева сынды білікті мамандармен толықты.

Есназар қазір газеттің бас редакторы. Қаламы қарымды, шебер журналист. Кезінде өңірлік және республикалық басылымдар мен телевидениеде тілші, жүргізуші ретінде қызмет еткен. Бірнеше рет Ақтау қаласының және Маңғыстау облысының үздік журналисі деп танылған азамат.

Лаура да қызметін облыстық телеарнада бастаған. Қазақ, орыс тілдеріндегі бағдарламалардың жүргізушісі, жаңалықтар дикторы болып еңбек еткен. Қазір газет редакциясының белді мүшесі.

Арайлым редакцияның кіші қызметкері ретінде қызмет ете бастады. Алғаш кезде материалдарды қазақ және орыс тілдеріне тәржімалаумен айналысса, қазір журналист ретінде өзі мақалалар жазып, газеттің ақпараттық толысуына атсалысып жүр.

Ал газеттің беттелуіне, безендірілуіне, жалпы техникалық жағына Ербол жауапты. Ол «Мұнайлы өлке» газетіне беттеуші-дизайнер болып келмес бұрын Түпқараған аудандық және Мұнайлы аудандық газеттерінде қызметте болған, сонымен қатар бірнеше жыл бойы «Ақтау қалалық безендіру» мемлекеттік коммуналдық мекемесінде еңбек еткен.

«Басылымның көрген көзге тартымды болуы, жарияланған материалдардың тақырыбына сай безендірілуі, мерекелік сандардың ерекше болуы маңызды. Сонымен қатар, бұл газет шығару процесінің ең қызықты әрі шығармашылық тұсы деп білемін. Басылымның әр санын ерекше етуге, бір-біріне ұқсатпай безендіруге тырысамын. Әрине, бұл тұста ұжымдастарымның ұсынысы мен ақылкеңесі көп көмегін тигізеді, ортақ пікірге сүйенеміз», – дейді Ербол Айтбаев.

Соңғы 6 жыл газеттің шығуына жауапты бөлімнің тізгінін Маңғыстау өлкесіне танымал, мәдениет һәм өнер жанашыры Майра Гумарова есімді азамат ұстады. Өзі кәсіби журналист, бірнеше аудандық, қалалық басылымдарды аяғына тұрғызып, өнірдің мәдениет басқармасына жетекшілік еткен, облыс басшысының баспасөз хатшысы болған білікті маман.

«Майра Смайылқызының тұсында газетіміздің, жалпы бөлімнің екінші тынысы ашылды. Мекеме ішінде іріктеу жарияланып, жазуға икемді, шығармашылыққа жаны құмар жас мамандар бөлім қызметіне шақыру алды. Қазір газет редакциясында қызмет етіп жүрген Ғани Әбдісадық пен Жанат Нұрғали сол толқынмен келген жас мамандар. Ал біздің бөлім өз қызметі аясында әкімшілік-әлеуметтік мәселелер департаментінің құрылымдық тармағы болып табылады. Департамент басшысы – Нұрлан Илмуханбетов. Нұрлан Лазарұлы компанияның әкімшілік-әлеуметтік саласына, мекемеішілік тұрақтылық пен келісімнің сақталуына елеулі үлес қосып жүрген білікті басшы. Қашан да іскерлігімен ерекшеленіп, еңбек майданының алғы шебінде жүретін лидер. Біздің қызметіміздің де сәтті жүзеге асуы бір жағынан басшымыздың қолдауы мен түсіністігінің арқасы деп білеміз», – дейді «Мұнайлы өлкенің» бас редакторы Есназар Сұлтанов.

Оқырман бағасы оң

«Мұнайлы өлке» 1 200 дана таралыммен шығады. Қазіргі таңда мекеме қатарында 3 800-ге жуық қызметкер болса, орташа есеппен әрбір 3 қызметкерге 1 данадан келеді. Одан бөлек, басылымның электронды нұсқасы қызметкерлердің поштасына жолданып, корпоративтік сайтта жарияланады. Сондай-ақ, газет материалдары фото-видеомен толықтырылып, facebook және instagram әлеуметтік желілерінде жарық көреді.

Газеттің басты айдары – «Еңбек адамы» аталады. Ол жерде оператор, слесарь, есепші, дәнекерлеуші, лаборант, жүргізуші, токарь, механик сынды тағы да басқа мамандық иелерінің кәсіби және жеке өмірінде жеткен жетістіктері мен жүріп өткен жолы баяндалады. Ол – мақалаға арқау болған кейіпкердің өзі үшін мерей болса, жас буын үшін үлгі-өнеге. Бұдан бөлек, басылымда «Спорт», «Мекеме жаңалықтары», «Қартқа құрмет – жасқа міндет», «Қазыналы мекен», «Қауіпсіздік техникасы», «Құттықтаулар», «Қайырымдылық» сынды айдарлар бар.

Сондай-ақ, қызметкерлердің балалары арасында «Наурыз», «1-маусым – балаларды қорғау күні», «ҚР Тәуелсіздігі күні» мерекелеріне орай өтетін «Жас суретшінің көзімен» атты сурет байқауына арналған айдар бар. Оның мақсаты — өскелең ұрпақты еңбексүйгіштік пен отансүйгіштікке баулу және «Мұнай тарихы», «Кен орны жас суретшінің көзімен» атты тақырыптар арқасында ата-анасы қызмет ететін мұнай-газ саласы туралы ақпарат беріп, еңбекке құрметпен қарауға үйрету.

«Қызметкерлер арасында үлкен сұранысқа ие тағы да бір айдарымыз әлемдік деңгейде өтетін спорт сайыстарына арналады. Футболдан өтетін FIFA, UEFA секілді ірі додалар кезінде осы ойын түрі туралы қызықты ақпараттар жариялап, турнирлердің жалпы қорытындысы туралы болжамдар қабылданады. Турнир соңында дәл болжам жасаған қызметкерлерге естелік сыйлықтар мен қаржылай жүлделер ұсынылады. Мұның өзі мұнайшылардың бойында спортқа, салауатты өмір салтына деген қызығушылық тудыратыны сөзсіз. Оған конкурсқа қатысушылардың саны дәлел бола алады», – дейді басылым тілшісі Лаура Жолдыбаева.

Әлеуметтік мәселелер – басты назарда

10 жыл ішінде газет ұжымы да, оның қызметкерлері де көптеген марапатқа ие болды. Компания басшылығының, акционерлердің алғыс хаттары мен мерекелік марапаттары аз емес. Ұжым қала мен облыс басшылығының да назарынан тыс қалып жүрген жоқ. Мәселен, ұжым мүшесі Ғани Әбдісадық 2015 жылдың қорытындысы бойынша қоғамдық жұмыстарға белсене араласқаны үшін Ақтау әкімдігі ұйымдастырған конкурстың «Үздік жас көшбасшы» номинациясының жеңімпазы атанса, таяуда ол Nur Otan партиясы атынан Ақтау қалалық мәслихатының депутаты болып сайланып, қоғамдық қызметіне кірісіп жатыр.

Мұндай табысты еңбек «Мұнайлы өлке» газетінің бүгінде «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ әкімшілік-әлеуметтік мәселелер департаментінің жұртшылықпен байланыс жөніндегі бөлім мамандарының жауапкершілігінде болуымен де байланысты. Шағын, бірақ іскер де ұйымшыл ұжым қалыптасқан. Жалпы, бөлім қызметі газет шығарудан бөлек мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастыру, мерекелік жиындар мен кездесулер, концерттік кештер өткізу секілді шараларды да қамтиды. Компанияның өндірістік, әлеуметтік жетістіктері мен жаңалықтарын насихаттайтын Instagram және Facebook желісіндегі парақшалар бар.

Бөлім мамандары «Техника қауіпсіздігі», «Еңбек адамы» сияқты тақырыптарда компания кен орындары мен нысандарында бейнероликтер дайындап, монтаждап, дыбыстап, оларды «Қаламқасмұнайгаз» және «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармаларындағы асханаларда, кабельді телевидение желісі арқылы жатақханада трансляция жасайды. Осы мақсатта компанияның аштырған арнайы телеарнасы да бар. Ол каналда өзіміз дайындаған роликтерден бөлек, Компанияға қатысты басқа да жаңалықтар мен телесюжеттер көрсетілімге шығады.

Одан бөлек, мекеме қызметкерлерінің бастамасымен ашылған «Мұнайлы өлке» қайырымдылық қорының жұмысын үйлестіру де осы бөлімнің еншісіне жазылған. Қор құрылғалы бері 3 жылдың ішінде 8 миллион теңгеге жуық қаражат қайырымдылыққа жұмсалды. Пандемия кезінде қор қаражаты есебінен 3 оттегі концентраторы сатып алынып, ауылдық емханаларға сыйға тартылды. Жаңа оқу жылының басталуына орай 100-ден аса оқушыға құралдар жиынтығы табысталды.

Еще больше новостей на нашем telegram-канале , подписывайся и будь в курсе!
АРХИВ ЖУРНАЛОВ SKNEWS

Смотрите также

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Астана, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: