Главная Новости Мұнайшылардың қос мерекесіне дайындық қызу
Сұxбат12 шілде 16:39 1417

Мұнайшылардың қос мерекесіне дайындық қызу

Мұнайшылардың қос мерекесіне дайындық қызу

"Маңғыстаумұнайгаз" акционерлік қоғамы Қазақстан мұнайының 120 жылдығы мен "Қаламқас" кенорнының 40 жылдығын барлық сән-салтанатымен қарсы алуға қызу дайындалып жатыр. Мереке қарсаңында Компания Бас директорының әлеуметтік-әкімшілік мәселелері жөніндегі орынбасары Жетібай ТӨЛЕҒОЖАЕВПЕН жүздесіп, сұхбаттасқан едік.

 

-   Жетібай Қуанайұлы, биыл тойланатын мұнай-газ кешені қызметкерлерінің мерекесі несімен ерекшеленеді, мұнайшылар мен қала тұрғындары не күтеді?

-   Ерекшелігі сол, биылғы мереке Қазақстан мұнайының 120 жылдығы мен "Қаламқас" кенорнының 40 жылдық мерейтойларымен тұспа-тұс келіп отыр. Қарашүңгіл мұнай кен орнынан бастау алған республикалық мұнайгаз өнер-кәсібінің ғасырдан астам ұзақ жолдық тарихы бар. Мұнайшылар мерейі асқақтаған төл мерекеге Маңғыстаудан бөлек, Атырау, Ақтөбе, Батыс-Қазақстан, Қызылорда, Павлодар, Түркістан облыстары жұмылдырылған. Республика көлемінде тойланатын мерекелік шара 29 тамызда Қызылорда қаласынан бастау алады. 30 тамыз күні Жаңаөзен қаласында, 31-де Ақтауда тойланып, 1 қыркүйек күні Атырау қаласында қорытындыланады деп күтілуде.

Енді "Маңғыстаумұнайгаз" акционерлік қоғамы бойынша өтетін мерекелік шара туралы айтар болсам, 31-тамыз күні Абай атындағы мәдени-демалыс кешенінде салтанатты жиналыстан бастау алады. Салтанатты жиында Қазақ мұнайының 120 жылдығы мен "Қаламқас" кенорнының 40 жылдық тарихы парақталып, өндіріс жетістіктері сараланбақ. Кен игерушілер еңбегі екшеліп, мұнайшы-ардагерлер мен еңбек озаттарына марапат-сыйлар ұсынылады. Мұнан соң, даңқты мұнайшы Сафи Өтебаевтың 110 жылдығына орай "Маңғыстаумұнайгаз" бас ғимараты алдындағы ескерткішке гүл шоқтары қойылып, мұнай абызы туралы жаңа кітаптың тұсауы кесіледі, митинг ұйымдастырылады. Келген қонақтарға қонақасы беріліп, сол күні кешкісін теңіз жағалауында қала тұрғындары үшін ауқымды гала-концерт қойылады. Амфитеатр сахнасында қазақ эстрадасының жұлдыздары Ақылбек Жеменей, Абай Бегей, Тамара Асар, Мадина Сәудақасова, Айқын, Бейбіт Көшқалиев, Ерке Есмахан және басқа да әншілер өнер көрсетеді деп күтілуде. Той қызығын тамашалауға жиналған көрермен назарына мерекелік отшашу мен жастар би кеші де ұсынылады.

-   Жетібай Қуанайұлы, мерекелік шара тек бір күнмен шектелмейтін болар?

-   Әрине. Осыдан бір жыл бұрын "Маңғыстаумұнайгаз" АҚ қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы" қоғамдық бірлестігі мен компаниядағы құрылымдық бөлімше басшыларының басын қосқан жиналыс болып, осы мәселе көтерілді. Шараны өз дәрежесінде өткізу жоспарланды. Биыл жыл басында мерекелік іс-шаралар жоспары бекітіліп, "Қаламқасмұнайгаз" өндірістік басқармасына, тиісті бөлімдерге нақты тапсырмалар берілді. "Маңғыстаумұнайгаз" АҚ қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы" қоғамдық бірлестігі мен Жас мамандар кеңесінің атсалысуымен бірлесіп жасақталған бағдарламада - "Өлкетану" акциясы аясында тарихи-мәдени орындарға саяхат, Қазақстан мұнайының тарихына орайластырылған брейн-ринг, "Қаламқас кештері" шығармашылық кеші, "Сәттілік формуласы" мен мереке аясында танымдық мақсатта Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаевтің 80 жылдық мерей тойына арналған жазба жас ақындардың облыстық ашық жыр мүшәйрасы, спорттық шаралар, Қаламқас кенорнына пресс-тур, "Донор-2019" акциясы, Қаламқас пен Асар кенорындарына сенбілік ұйымдастыру, "Қартқа құрмет – жасқа міндет" қайырымдылық акциясы, "Мұнай тарихы - жас суретшінің көзімен" атты мұнайшы балаларының сурет конкурсы, Маңғыстау мұнайшыларының "Өз өлкеңді таны" экспедициясы, 120 түп желек отырғызу, "Start Up" жас кәсіпкерлерді қолдауға арналған ашық есік күнін өткізу секілді түрлі шаралар бар.

Жыл басталғалы мерекені ақпараттық қолдау мақсатында "Мұнайлы өлке" газетінде "Қаламқас" әйелдер клубы ашылып, "виртуалды музей" өз жұмысын бастап кетті. Әр нөмірде Қаламқас кенорнының ашылуына үлес қосқан ардагер мұнайшылар Әділ Нұрманов, Кенжеғали Назаралиев, тұңғыш басшы Бекболат Ізтұрғанұлы, алғашқы жастар бригадасының жетекшісі Оспан Еңсегенов туралы тарихи шежірелік материалдар жарық көрсе, "Еңбегімен ел ырысын еселегендер" атты арнаулы айдармен қаламқастық мұнайшылар: токарь Жолдасбай Шапағатов, лаборант Набат Қайнарова және операторлар Рысбай Өтепбергенов пен Мұхаметжан Нұрғазы туралы арнайы танымдық телехабарлар жасалып, ішкі коммуникациялық жүйелер арқылы мұнайшылар назарына ұсынылды. Облыстық телеарнадан Қаламқастың 40 жылдығына арналған арнаулы деректі фильм хабар жасау, кенорнына пресс-тур - іс-шара жоспарында тұр.

Қос мерекеге орайластырылған шара - Халықаралық балаларды қорғау күніне орай ұйымдастырылған "Әкем, анам және мен" жанұялық спорттық сайысы. Оған Қаламқас, Жетібай кенорындарымен қатар орталық аппараттан және Компания қамқорлығындағы Н.Марабаев атындағы №7 мектеп-лицейінен алты команда қатысып, сайыста бақтарын сынады. Сайыста Қаламқастың намысын қорғаған Қосбаевтар отбасы бас жүлдені жеңіп алды. Екінші орын Н.Марабаев атындағы №7 мектеп-лицейінен қатысқан Сақашовтар отбасына бұйырса, үшінші орынды Қаламқастан қатысқан екінші команда – Бисеновтар жанұясы еншіледі. Сайысқа қатысып, белсенділік танытқан "Жетібаймұнайгаз" өндірістік басқармасынан келген Тастеміровтер мен Жапарбаевтар, орталық аппараттан Илмуханбетовтер отбасыларына алғысымыз шексіз.

Аталмыш мерекеге орай біздің мұнайшыларымыз тұратын Маңғыстау ауданына қарасты Қызан елді мекеніндегі спорт орталығына бір миллион жарымның спорттық құрал жабдықтарын тарту етті. Спорт мектебіндегі екі топқа футбол, бір топқа волейбол ойыншысының киімдерін, түрлі тренажерлар, зілтемірлермен қоса бірнеше сапалы ойын доптарын сыйлады. Сондай-ақ қаламқастық мұнайшы футбол командасы ауыл жастарымен жолдастық кездесу өткізді.

Келесі шара - қайырымдылық акциялары. Облыс халқы алдында компанияның әлеуметтік жауапкершілігі бар. Компания өлкеміздегі тарихи-мәдени ескерткіштерді сақтау, қорғау шараларына белсенді атсалысып келеді. Сисем Ата, Қызылқала ескерткіштеріне сенбіліктер жалғаса береді. Биыл қосымша Қараман Ата жерасты мешітін қамқорлыққа алдық. Ескерткішке Бекі елді мекенінен грейдер жол, Аққар топтық қондырғысынан электр желісі тартылады. Түнеухана құрылысын бастаймыз. Сондай-ақ ел азаматтары бастамасымен Әбіш Кекілбаевтың туған ауылы Оңдыда салынып жатқан мешіт құрылысына 10 млн теңге қаражат аударылды.

Компанияішілік шараға келетін болсам, Жеңіс мерекесіне орай Ұлы Отан соғысының ардагерлері – Қамқа Үмбеталина мен Қайыр Қыдырбаевқа қайырымдылық көмек жасалды. Жазғы демалыс кезеңіне орай "Алау" балаларды сауықтыру орталығына Қарақия, Маңғыстау, Мұнайлы аудандарының 130 аз қамтылған отбасы балаларына жолдама берілді. 15 шілде күні Арыс қаласындағы апаттық жағдайға байланысты 100 арыстық балдырған "Алау" лагерінде күтілуде.

Жалпы, біздің компанияда Қазақстан мұнайының 120 жылдық мерейтойы мен Қаламқас кенорнының 40 жылдығын атап өту 26 тамыз кенорнында басталады. Өндіріс басындағы мұнайшылар үшін 26 тамыз күні "Жетібаймұнайгаз" өндірістік басқармасында, 28 тамыз Қаламқас кенорнында да мерекеленеді.

-Әр мерекенің артында жақсы іс қалу – дәстүр. Бұл жолы көптің игілігіне асар қандай жұмыстар жасалуда?

-Бүгінгі таңда дайындық шаралары басталып кетті. Қаламқас кенорын-дарында ішкі жолдар, әлеуметтік нысандарды жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. №66 ұңғы жанындағы алғаш мұнай ашушылар стелласы жаңартылып, №28 жатақхана, №2 асхана күрделі жөндеуден өтіп, қолданысқа берілді. "Еңбек даңқы" мұражайына жөндеу жүргізіліп, кенорнындағы өндіріс нысандарының сырты жаңартылуда. Алда - №3 асхананың күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Асханалардың жиһаздары, тұрмыстық техникалары толықтай жаңартылды. Асар кенорнында 50 орындық жаңа жатақхананың құрылысы басталды.

- Мереке қарсаңында оқырмандарға айтар тілегіңіз?

-   Өндірісті өлкеміздің тарихи мерекесін жұдырықтай жұмылып, ұйымшылдығымызды танытып, ойдағыдай өткізейік, әріптестер! Елдің басын біріктірер, өскелең ұрпақты отан-сүйгіштікке тәрбиелейтін осындай мерекелер көбейе берсін, еңбек етейік! Еліміз аман болсын! Еліміздің ырыс-несібесі молайып, қазынасы арта берсін!

-   Сұхбатыңызға рахмет, мерекелі күнді көппен бірге асыға күтетін боламыз!

Тілдескен Лаура ЖОЛДЫБАЕВА

 

Выпуски SK NEWS

Смотрите также

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Нур-Султан, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: