Хотите получать уведомления в браузере о последних изменениях на сайте SKNEWS.kz
«Қайнармұнайгаз» МГӨБ Жамансор кентіндегі кеңсесіне жақындаған тұста алыстан шаңырақ тәріздес арка көрінеді. Күннің шуағында тулаған толқындары мен мұнайшы бейнесі бейнеленген құрастырмалы көрнекі стенд те ерекше көз тартады. Оларды аталған өндірістік басқармада қызмет атқаратын Мұратбек Әжіғалиев өз идеясы бойынша дайындаған болатын.
«2005 жылы «Қайнармұнайгаз» МГӨБ-на жұмысқа орналастым. Сол кезде басқарма басшысы Ғалым Жақаш менің суретшілік қырымды байқап, кеңсе аумағындағы кіре берісті жаңартуды жоспарлап жүргенін айтып, жобалар ұсынуымды сұрады. Ұсынған 3-4 жобаның ішінен қазіргі нұсқа таңдалды. Көрнекі стендті құрастырып, арканы орнату үшін жылдан астам уақыт жұмсалды», – дейді Уаз кен алаңының жөндеушісі Мұратбек Әжіғалиев.
Құрастырмалы стендті көргеннен-ақ автордың идеясын түсінуге болады. Қолын созған мұнайшы бейнесі жарқын болашаққа ұмтылып тұрғандай. «Қара алтынымыз» көп болсын деген ниетпен автор толқындарды бейнелеген. Кемпірқосақ пен күн бейбітшілікті меңзесе, көк түс тәуелсіз Қазақстанның Туының түсіндей. Сондай-ақ, үлкен әріптермен «Қайнармұнайгаз» жазуы анық көрсетілген. Арканың қазақ халқында киелі саналатын шаңырақ формасында және аспан түстес келуі терең мағынаны білдіреді.
«Кез келген жұмысқа кірісер алдымен тақырыпты зерттеп аламын. Сол аумақтың тарихын зерделеймін. Әр туынды жергілікті жердің тарихымен астасып жатса, үлкен мағынаға ие болады. Жергілікті жұртшылық та жақын қабылдайды. Қазақ ырымында үйге кіре берісте босағада таға тұруы керек, шаңырақ тәрізді қақпа төбесі – таға формасында, ортасында компания эмблемасы бейнеленді», – дейді Мұратбек.
Жалпы, оның туындылары ұлттық нақыштағы стильде келеді. Мәселен, Кенбай кен орнына барар жол бойында орналасқан киік бейнесін бейнелеу арқылы автор сол аймақтың экологиялық мәселесін көтерген.
Сондай-ақ, жол бойында қос қанатымен өрттен қорғап тұрған қарлығаш бейнесі де – Мұратбектің қолымен дайындалған туынды. Мейірімділікті, бейбітшілікті меңзейтін қарлығаштың бейнесі арқылы автор туған жерді қорғауға үндеу тастаған.
Кенбай кен орнына бұрылар тұста «Кенбай» бағыты көрсетілген бағана да Мұратбектің идеясынан туындаған. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі келіп ашқан ірі өндіріс орнына жол сілтер бағананың биіктігі 6 метрді құрайды. Ең жоғарыда бейнеленген қыран бүркіт бейнесі тәуелсіздікпен қатар дамыған кеніш мұнайшыларының қайсарлық рухын көрсетіп тұрғандай.
Үнемі ізденіс үстінде жүріп, жаңалыққа ұмтылатын Мұратбек Табылдыұлы болашақта жұртшылыққа жол тартатын туындыларында туған өлкеміздің флорасы мне фаунасын жан-жақты бейнелеуді, сол арқылы өскелең ұрпақтың бойында туған жерге деген сыйластықты, сүйіспеншілікті дарытуды мақсат етіп отыр.