Главная Новости Өнерді қолдау – өлкені қолдау
15 қазан 2021, 09:03 2727

Өнерді қолдау – өлкені қолдау

Өнерді қолдау – өлкені қолдау

«Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамының қолдауымен Жетібай кентінде ашылған Өскенбай Қалманбетұлы атындағы Өнер мектебіне биыл 10 жыл.

Өнер мектебі дәстүрлі өнерді насихаттап, күйшілер, сазгерлер, суретшілер мен мүсіншілерді дайындайды. Осыдан 35 жыл бұрын ҚР мәдениет қайраткері Орын Құлсариев негізін қалаған Жетібай балалар саз мектебінде еңбек жолы мектеппен қатар өрілген ұстаздар бар. Арнайы шақыртумен келген Нұрбике Қаратаева домбырадан және көп ешкім меңгере бермейтін бас қобыздан сабақ береді.

«Жетібай балалар саз мектебін ашқан жылы маман жоқтың қасы болатын. Орын Құлсариев ағамыз мені Атыраудан арнайы шақыртып, үй беріп, жағдайымды жасады. Ол кісі құрған «Жетібай сазы» деген ансамбльде бас кобызда отырам, ауыл балаларына сол аспапта ойнаудың әдіс-тәсілдерін, әуендік құрылыс өзгешеліктерін үйретіп келемін. Мақтан тұтар шәкірттерім де жоқ емес», – дейді ол.

Қазіргі таңда Мұнайшылар ауылынан бұл өнер мектебінде 300-ге жуық бала қабілетіне қарай тәлім алып жүр. Оларды өнер жолында шыңдау мақсатында «домбыра», «жыр-терме», «баян», «дәстүрлі ән», «вокал», «қобыз», «би», «бейнелеу», «жетіген» сыныптары жұмыс жасап тұр. Мектеп жанынан құрылған аула клубындағы «шахмат-дойбы», «вокал», «колөнер», «жас тігіншілер», «мәнерлеп оқу» үйірмелерінде де 150-ден астам өнерпаз оқиды. Күні кеше «ән айтам, аспаптарды меңгерем» деп келген сарыауыз балапандар бүгінде байқаулардан жүлдемен оралса, енді бірі ұстаздық етіп, шығармашылық көкжиектерін күн санап кеңейтіп келеді.

Серікбол Қарабатыр осыдан 10 жыл бұрынғы мұнайшылар табыстаған жаңа ғимараттың алғашқы түлегі. Қасиетті қара домбыраның қос ішегінен әуелеген күйге тәнті болып өскен ауыл баласы өнер мектебінен түлеп, мамандығын одан әрі өнер колледжінде шыңдайды.

«Біз бейбіт күннің ұландарымыз, қызыққан мамандықты игеруге барлық жағдай жасалған. Алақандай ауылда осындай өнер мектебі ашылғанда төбесі көкке жеткендердің бірі мен едім. Домбырада ойнап қоймай, оған жерлестерімді баулу  армандарымның бірі еді. Шүкір, орындалды, ендігі жерде өнердің өрендерін дайындау мақсатым», – дейді жас ұстаз.

Жетібай кентіндегі өнер мектебінің оқу-тәрбие жұмысы жыл сайын ілгерілеп, жергілікті тұрғындардың қызығушылығы артып келеді.

«Ұстаздарымыз балалардың таңдаған саласы бойынша олардың қабілетін ашып, дамытуға машықтанған. Бір жылда республикалық байқаудан 48 шәкірттің жүлдемен оралғаны, әріптестерімнің кәсіби шеберлігінде, – дейді мектеп директоры Марат Шаханов. – Бастапқы кезде өнер мектебі ауылдағы шағындау ескі ғимаратта болған. Оның құрылысына өнер жанашыры болған Орын ағамыздың өзі атсалысқанын, саз балшықты аяқпен илеп, ауыл жұртшылығымен бірге көтергенін естіп жүрміз. Тіпті, тапшы мамандарды басқа облыстардан шақыртып, аядай үйінде тұрғызған деседі. Кейінгі ұрпаққа мұра болар, зәулім өнер мектебін салдыруды аңсаған Орын Құлсариев ағамыз, сөзін екі еттірмеген «Маңғыстаумұнайгаз» ұжымына алғысын жаудырған күн де туды. Көзі тірісінде аманаттап кеткен бұл шаңырақ, талай таланттың қанатын қатайтуға мұрындық болары сөзсіз».

Еще больше новостей на нашем telegram-канале , подписывайся и будь в курсе!
АРХИВ ЖУРНАЛОВ SKNEWS

Смотрите также

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Астана, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: