Хотите получать уведомления в браузере о последних изменениях на сайте SKNEWS.kz
Шынарбек Нағашыбаевтың «Полимер Продакшн» кәсіпорнында еңбек етіп жатқанына көп уақыт бола қойған жоқ. Дегенмен, қызметте аз уақытта абыройы артып, Әлеуметтік өзара ықпалдастық және коммуникация орталығы ұйымдастырған «Үздік маман» байқауында топ жарғандар қатарынан көрінді.
Шынарбек өз мотивациялық эссесінде өз еңбек ететін компанияның атқаратын жұмысына көбірек тоқталған. Өйткені, көпке белгілі болмаса да, кәсіпорынның пайдасы өте көп. Компания тек қана Қазақстан емес, бүкіл Орта Азиядағы полимерлі және полипропиленді материалдар әзірлейтін алғашқы ірі кәсіпорын болып табылады. Айына 700-900 тоннаға дейін дайын өнім өндірсе, 600-700 тонна өнімді экспортқа шығарады.
«Кәсіпорынның мақсаты – тұтынушыларға қауіпсіз, технологиялық және сапалы өнім ұсыну. Бұл үшін кәсіпорында барлық бизнес-процесс тиімді түрде жолға қойылған. Соның мысалы ретінде өзімнің жұмысымды айта аламын. Мен биаксиалдық бағытталған полипропиленді пленкасы дайын өнімі қоймасының меңгерушісімін. Жеңіл тілмен айтсам, дайын өнімнің қоймаға келуіне, оның сақталуына және жүк көліктеріне тиеліп, жөнелтілуіне жауап беремін. Бірақ, бұл тізбектің әрбір бөлігі маған асқан жауапкершілікті жүктейді. Қауіпсіздік бірінші кезекте болса, әрбір өнімді сортына, өлшеміне, түріне, маркасына және өзге де сипаттарына қарай орын-орнына бөліп, сақтау ерекше ұқыптылықты талап етеді», – дейді ол.
Шынарбек Нағашыбаев өзінің тікелей міндеттерінен бөлек, үнемі ізденіс үстінде жүріп, процестерді оңтайландыруға аса маңыз береді. Оның ойынша, кез келген істе артық процестерді алып тастаса, еңбек әрі жеңіл, әрі жылдам жүреді. Мәселен, Шынарбектің бастамасымен қойма кеңістігін мейлінше ұтымды пайдалана отырып, қажетті дайын өнімдер мен материалдарды іздеуді жеңілдету үшін заманауи есептеу технологиясы, байланыс және коммуникация тетіктері енгізілуде.
«Мен өзіме жүктелген міндет үдесінен шығып жүргеніме қуаныштымын. Ұжымның маған артқан сенімі мол, сол сенімді ақтау – мені әрбір ісіме жауапкершілікпен қарауға ынталандырады», – дейді Шынарбек.