Главная Новости Qazaq Air капитаны: Жолаушылар қауіпсіздігі бәрінен маңызды!
02 желтоқсан 2022, 16:30 1192

Qazaq Air капитаны: Жолаушылар қауіпсіздігі бәрінен маңызды!

Qazaq Air капитаны: Жолаушылар қауіпсіздігі бәрінен маңызды!

«Сөйлеп тұрған әуе кемесінің командирі Әнуарбек Ерназаров!». Qazaq Air жолаушылары ұшаққа жайғасқан соң дәл осы жағымды да жанға жылы дауысты естіп жүргендеріне бір ай болды. Әнуарбектің өзі үшін бұл үлкен мәртебе, асқан жауапкершілік, бала күнгі арманның орындалуы... және көп жылғы маңдай тердің өтеуі.

Әлқисса, жиырма жылға шегініс жасайық. Әнуарбек мамандық таңдауда өзге қатарластары секілді мың құбылған жоқ. Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ оның ұшқыш боламын деген арманы нақты мақсатқа айналған болатын.

«Бала кезімде мен көкке қарап жатып, ұшақтардың қалай аспанды тіліп зымырап бара жатқанын қарап, аңсарым ауатын. Сол кезде ұшақ кабинасында отырған ұшқыштың не істеп отырғанын білу мен үшін ең қызық та, қиын жұмбақ еді», – деп еске алады Әнуарбек.

Бірақ, ол кезде бұл жұмбақты шешу үшін бірнеше жыл ерінбей білім алып, тынбай жаттығу қажет екенін бала Әнуарбек әлі білмейтін.

Алматы облысы Талғар қаласының №2 орта мектебін тәмамдағаннан кейін Әнуарбек Алматы қаласындағы Азаматтық авиация академиясының «Әуе кемесін ұшуда пайдалану» факультетіне оқуға түседі. Академияны үздік бітіріп, 2008 жылы жас ұшқыш өзінің еңбек жолындағы алғашқы қадамын жасады.

«Академиядан түлеп ұшқаннан кейінгі алғашқы екі жылда мен Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарында авиация-химия салаларында жұмыс істедім. Кейін, 2010 жылы АН-26 флотына әскери авиация саласына қадам бастым. Мұнда 3 жыл жұмыс істеп, қажетті тәжірибе жинағаннан кейін тағдырымды азаматтық авиациямен байланыстырдым», – дейді Әнуарбек.

Оның бір ерекше қыры – қол жеткізген жетістіктеріне тоқмейілсіп, тоқтап қалмайды. Қайта үнемі ізденіп, жаңа нәрсе үйренуге, сол үйренгенін тәжірибеде сынап көруге деген ынтасы зор. Содан да болар, үйдегі жұмыс үстелінде авиация бойынша кітаптар үнемі ашық жатады. Сөреге жинастырып қойған күні жоқ, олар кез келген уақытта қажет болып қалуы мүмкін.

Тәжірибе толысқан жылдар

Қазақстандық әуе компанияларының бірінде АН-2 және АН-24 ұшақтарының екінші ұшқышы ретінде біраз қызмет еткеннен кейін Әнуарбек Qazaq Air компаниясының ұжымына қосылды.

Жаңа қызмет жаңа мақсаттарға жол ашты.

Мұнда ол үш жарым жыл екінші ұшқыш болып қызмет атқарды. Австрия астанасы Вена қаласында симуляторда апталарға созылатын тренингтерге қатысты. Мұндай тренингтерде ұшқыштар штаттан тыс жағдайда әрекет ету тәсілдерін меңгеріп, білімін жетілдіріп, алған білімін емтихан тапсыру арқылы пысықтайды. Осылайша, Әнуарбек бала арманын бағындыру жолында талай сынға да, сапарға да шыдамдылық таныта білді.

Еңбек еш кеткен жоқ. Таяуда ғана, 3 қараша күні Әнуарбек Qazaq Air компаниясына қарасты әуе кемесінің командирі болып тағайындалды. Сонау бала күнде қызықтырған ұшақ кабинасында әуе кемесіне толық жауапкершілікті мойнына алып, енді өзі отырады. Ұшып бара жатып, төменде, қазақ даласының бір бұрышында бір бала ұшаққа қарап «ұшқыш боламын» деп армандап отырған шығар деген ой келгенде, Әнуарбек еріксіз жымияды.

Өзінің алғашқы командирлік рейсін Әнуарбек ешқашан ұмытпайды. Өйткені, сапарды сәтті орындап келгенде оны әріптестері әдеттегідей кабинетте емес, әуежайға арнайы келіп, салтанатты түрде қарсы алған болатын.

«Менің алғашқы командирлік рейсім өте сәтті болды. Күн суық болатын, бірақ ауа райы әуе жоспарын бұзған жоқ. Экипажбен бірге біз «Астана – Жезқазған – Қарағанды – Жезқазған - Астана» бағытында төрт рейс жасадық. Тәжірибелі экипаж әрдайым сенім ұялатады. Менің жанымда екінші ұшқыш Ғаниден Әбілмәжінов, бортсеріктер Әсем Орсаева мен Зарина Зекен болды. Астанаға қайта оралып, жерге қонған сәтте бойымды ерекше сезім бөледі. Мені әуежайда күтіп алған әріптестеріме, достарыма алғысым шексіз», – дейді Әнуарбек.

Айтпақшы, Әнуарбек басқарған ұшақ Астанаға жайлы қонғанда жолаушылар да ұзақ уақыт қол шапалақтап, алғыс білдірген. Бірақ, олар бұл Әнуарбектің алғашқы командирлік рейсі екенін білген жоқ. Сол сияқты, Әнуарбек те жолаушылардың шапалағын естімеді. Өйткені, ұшқыштар кабинасы дыбыс өткізбейтін материалдармен мұқият қапталып, жабдықталады. Бұл ұшу қауіпсіздігі үшін аса маңызды.

Дегенмен, ұшқыштар радиобайланыс арқылы жолаушылармен кез келген уақытта байланысқа шыға алады. Әдетте, негізінен амандасып сәт сапар тілейді. Әнуарбек үшін осы бір байланыс сәті жай қызмет талабын орындау ғана емес, азаматтық борыш сынды көрінеді. Расымен, сәлемдесу, жылы сөз айту, жақсы тілек тілеу кімге ұнамасын?!

«Мен үшін жұмыста ең бірінші кезекте жолаушылардың қауіпсіздігі мен әуе компаниясының барлық талаптарын бұлжытпай орындау маңызды. Әрбір рейсте әртүрлі экипаж – өзге ұшқыштар, басқа бортсеріктер жолға шығады. Біз әріптестерімізбен дәл сапар алдында танысып жатамыз. Экипаждың әрбір мүшесінің өз міндеті, өз жауапкершілігі бар. Әр қызметкер өзінің жұмысын стандартты операциялық процедураларға сай бұлжытпай орындауы керек. Бұл бір тұтас ағза сияқты, сапар қауіпсіз әрі жайлы болуы үшін барлық мүшесі дұрыс, қалыпты жұмыс істеп тұруы керек», – деп түсіндірді Әнуарбек.

Біздің кейіпкеріміз әрбір сапардың іш пыстырарлықтай қалыпты да тыныш өткенін қалайды. Бұл жолаушылар үшін түсініксіз болар, дегенмен авиаторлар әлемінде бұдан асқан дана сөз жоқ!

Әсем Орсаева, Qazaq Air бортсерігі

Еще больше новостей на нашем telegram-канале , подписывайся и будь в курсе!
АРХИВ ЖУРНАЛОВ SKNEWS

Смотрите также

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Астана, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: