Главная Новости Qazaq Air маманы: Ұшқанды бала күннен жаным сүйеді
05 наурыз 2022, 11:10 1993

Qazaq Air маманы: Ұшқанды бала күннен жаным сүйеді

Qazaq Air маманы: Ұшқанды бала күннен жаным сүйеді

Авиация – романтикалық кәсіп саласы. Содан да болар, бала күнінен көкте самғап, биіктерді бағындыруды қыз балалар көбірек армандайды екен. Алайда, бәрі бірдей бұл арманға қол жеткізе бермейді. Ал SKnews журналының бүгінгі кейіпкері, Qazaq Air әуе компаниясының қызметкері Гүлбану Алыпкелова еңбек жолын экономист болып бастаса да, тағдырдың өзі оның жолын бұрып, авиация саласына әкелген.

Гүлбану бүгінде Ақтөбе қаласының әуежайында Qazaq Air әуе компаниясының әуе кемелеріне жерүсті қызмет көрсету маманы болып қызмет етеді. Жұмыс реті бала күнгі «бұлтпен жарысқан» романтикадан алшақтау, дегенмен Гүлбанудың өзіне ерекше ұнайды. Ал жауапкершілік жүгі өте ауыр. Өйткені, әуе кемесінің діттеген жеріне қауіпсіз әрі кешікпей жетуіне тек ұшақ бортындағы экипаж ғана жауапты емес, онда жерде қалған көп әріптестің де өлшеусіз еңбегі жатыр.

Әлбетте, соның бірі – біздің Гүлбану. Оның күнделікті жұмысы жерүсті қызмет көрсету бойынша шарт жасаудан басталады. Ал мұндай бір шарттың өзі көптеген қызмет түрін қамтиды. Оның ішінде отын құю, борт тамағы, медициналық қамсыздандыру, авиациялық қауіпсіздік, жүктер мен поштаны рәсімдеу – тағысын-тағы бірнеше ондаған қызмет түрі бар. Шарттың тиянақты жасалуы үшін маман бұл процестердің әрбірін егжей-тегжей білуі тиіс. Тіпті, сол қызмет түрлерін атқаратын өзге мамандардан да кем білмеу талап етіледі. Дегенмен, Гүлбану үшін жұмыс сонысымен де қызық. Жаңа күн кешегіге ұқсамайды. Әр күн сайын жаңа саланы меңгеріп, білімін байытады. Ал жаңаша шешім қабылдауды қажет ететін оқиғалар авиация саласында аз кездеспейді.

«Ұшқанды бала күннен жаным сүйеді. Содан болар, еңбек жолым кәсіпкерлік салада басталғанына қарамастан, Qazaq Air әуе компаниясында жұмысқа бос орын жарияланғанда, дереу құжаттарымды өткіздім. Бәлкім бағым жанған болар не тағдырдың сыйы шығар, әйтеуір, компания басшылығының таңдауы маған түсті. Бұған мен өте шексіз қуаныштымын. Өйткені, авиация саласы маған әрқашан ұнайтын», – дейді Гүлбану Алыпкелова.

Оның әңгімелеуінше, бұл салаға қызығатындар көп. Тіпті, отбасылық династиялар да аз кездеспейді. Гүлбанудың отбасында бұл салада әзірге жалғыз өзі еңбек еткенімен, достары арасында қызығушылар көп. Гүлбану жұмысы жайында майын тамыза әңгімелеген сайын әрбір тыңдаушының көкірегінде «мен де осы салада жұмыс істер ме едім...» деген арман оянады.

Ал алты жастағы ұлы Нұрәлиді анасы ғылым саласындағы болашақ күтіп тұр деп ойлайды. Есепке жүйрік, санды санға ойша жылдам қосатын ұлы математикалық қабілетімен анасын таң қалдырып жүр.

«Дегенмен, ол да ұшқанға, ұшақпен ойнағанға құмар. Уақыт өте келе оның да авиацияға құштарлығы оянып, ұшқыш та болып қалар, кім білсін. Олай болса, өз басым тек қуанар едім. Бұл – нағыз ер азаматтарға лайық мамандық», – дейді Гүлбану.

Әзірге Нұрәли ұшқыштар кабинасы емес, анасымен бірге салонда ұшады. Отбасы жылына кем дегенде бір мәрте жылы жаққа ұшып, демалыс жасауды дәстүрге айналдырған. Әсіресе, мерекелерге орай өздеріне осындай сый жасайды.

Мереке демекші, Нұрәлидің өзі өмірге осындай сый болып келген. Анасына, алты жыл бұрын 8 наурыз – халықаралық әйелдер күні қарсаңында.

«Нұрәли 2016 жылы 6 наурызда дүниеге келді. Ал 8 наурыз күні біз перзентханадан шықтық. Әрине, өмірімде адамдар мерекеге қанша құшақ-құшақ гүл, неше түрлі бағалы сыйлықтар да берген. Бірақ, ішіндегі ең ерекшесі де қымбаты – ұлымның дүниеге келуі болды», – деп еске алады Гүлбану.

Саяхаттағаннан бөлек, кейіпкеріміз спортпен шұғылданғанды ұнатады. Спорт – жасөспірім шақтан бергі серігі. Одан қалды, латын америкалық және шығыс билерінің шебері болған. Модель агенттігінің мектебінде білім алып, университетте бірінші вице-мисс атағын да иеленді. Бірқатар танымал брендтердің киімін де жарнамалаған. Осындай жан-жақтылығы да Гүлбанудың Qazaq Air компаниясына жұмысқа жылдам орналасуында белгілі бір роль ойнаған болар деп топшылаймыз.

Гүлбану қазір де жаттығу залына барудан қол үзбейді. Әттең, өзі сүйетін тау шаңғысы спорты Ақтөбеде жақсы дами қоймаған. Сондықтан, Алматыға жол түссе, бірінші кезекте Шымбұлақты бетке алады.

«Алматы әсем тауымен, табиғатымен менің ең сүйікті қалаларымның біріне айналған. Қалаға ұшақпен қонып жатқанда, оның жаны бар секілді сезіледі», – дейді кейіпкеріміз.

Әңгіме соңында Гүлбану әуе жолаушыларына арналған бірқатар маңызды кеңестерімен бөлісті. Келесі кеңестерді ұстану сапардың қауіпсіз де жайлы болуына кепіл береді:

«Әуежайға кіргеннен кейін қауіпсіздік талаптарын қатаң ұстану қажет. Кейбірі ыңғайсыз не қажетсіз көрінуі мүмкін. Дегенмен, қарапайым ереженің өзі үлкен мағынаға ие. Мәселен, әуежайда жүкті қараусыз қалдыруға болмайды. Антитеррористік шара аясында оны алып кететін болса, қайтару оңайға соқпайды. Сондай-ақ, кеден қызметкерлерімен қалжыңдасудың қажеті жоқ. Олардың жұмысы өте жауапты болғандықтан, әзілді басқаша түсінуі мүмкін. Ал ең бастысы, әуежайға келерде ішімдік ішуден бас тартқан абзал. Оның ағзаға зиянынан бөлек, көптеген әуе компаниялары масаң күйдегі адамды ұшақ бортына отырғызбайтынын еске саламын. Одан қалды, ішкен адамның өзін дұрыс ұстай алмайтыны да белгілі. Сондықтан әуежайда және әуе кемесінде талаптарды қатаң сақтасаңыз, сапарыңыз да сәтті болады».

Еще больше новостей на нашем telegram-канале , подписывайся и будь в курсе!
АРХИВ ЖУРНАЛОВ SKNEWS

Смотрите также

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Астана, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: