Главная Новости QAZAQ AIR ұшқышы: «Борт командирі болуды армандаймын»
04 желтоқсан 2020, 09:10 1530 Нұрболат Аманжол

QAZAQ AIR ұшқышы: «Борт командирі болуды армандаймын»

QAZAQ AIR ұшқышы: «Борт командирі болуды армандаймын»

QAZAQ AIR әуе компаниясында елуге жуық ұшқыш қызмет етсе, арасында жалғыз ғана әйел заты – Екатерина Сверчкованың орны ерекше. Былайғы өмірде ақжарқын, көңілді Екатерина қолына штурвалды ұстап, ұшақ шассиі жерден ажырасымен салмақты да салқынқанды маманға айналып сала береді.

ПАРАШЮТШІ АРУ

Әрбір кәсіп саласында шеберлік пен тәжірибенің өлшемі түрліше. Журналистің еңбегі жазған-сызғанымен, дәрігердікі емдеп, аяққа тұрғызған науқастарымен, мұғалімдікі оқушыларымен өлшенеді. Ал ұшқыштар үшін «темір құсты» тізгіндеп, көкте өткізген сағаты есепке алынады. Екатеринаның еншісінде әзірге 2 100 шамасында сағат бар болса, оның жартысын QAZAQ AIR әуе компаниясында қызмет еткен жылдары жинады. Әлбетте, әккі ұшқыштармен салыстырғанда, кейіпкеріміздің тәжірибесі аздау көрінгенімен, бар болғаны 22 жастағы ұшқыш үшін бұл зор көрсеткіш. Ал әуеде самғауға деген құштарлық Екатеринада алғаш 8 жыл бұрын оянған болатын.

Әлқисса, Катя қыз енді 14-ке толғанда тұңғыш рет ұшақтан парашютпен секіреді. Мұндай көп адам қыз балаға лайық санамайтын спорт түріне оны қызықтырған әкесі екен. Десе де, Екатеринаға ұнап қалып, ол бұл спорт түрімен екі жылдан астам уақыт бойы шұғылданады. Жасөспірімдер арасында өткен жарыстарда жеңістері де аз емес. Өзі үшін классикалық парашютизм республикалық байқауында жерге дәл қону бойынша еншілеген үшінші орны мақтаныш.

АВИАЦИЯДАҒЫ АЛҒАШҚЫ ҚАДАМ

Екатерина оқыған Апатты-құтқару парашют орталығы орналасқан ғимаратта Мемлекеттік авиация орталығының филиалы да қызмет етеді екен. Бірде орталық нұсқаушыларының бірі Олег Русских оған авиация орталығында 18 жасқа дейінгі жасөспірімдерге тегін білім алуға болатынын айтады. Бұл идеяны Екатеринаның әкесі де қолдай кетеді. Өзінің орындалмай қалған арманына енді қызы қол созып жатса, қалайша қуанбасын?

Міне, осылайша, Екатерина жеңіл моторлы ұшақты тізгіндеп, алғашқы рет 16 жасында ұшқыш болып көкте самғайды.

«Бұған дейін ұшақпен талай мәрте ұшсам да, ұшқыш ретіндегі бұл тұңғыш тәжірибем ешқашан есімнен кетпейді. Өйткені, бұл жолы ұшақпен қоса өзімнің және жанымдағы серіктерімнің амандығына бірінші рет жауапкершілікті өз мойныма алдым. Бастысы, сынақтан сүрінбей өттім. Осы ұшу кезінде болашағымның авиациямен байланысты болатынын анық аңғардым», – дейді Екатерина.

Кейіпкеріміз авиация саласына кәсбіи деңгейде Қарағандыдағы «Балапан» авиациялық оқу-жаттығу орталығында оқиды. Кейін колледжге «аударма ісі» мамандығы бойынша оқуға түсіп, ағылшын тілін жетілдіреді. Мұнысы – «авиация саласында жолым болмаса, басқа саланың дипломы қоржында тұрсын» деген мақсаттан тайғыштық емес, қайта «авиация саласы үшін ағылшын тілін білу аса маңызды» деген көрегендігі. Бұл жағынан Екатерина қателеспепті. Алғашқы қызмет орны – «Балапан» авиациялық оқу-жаттығу орталығында да, кейін QAZAQ AIR әуе компаниясында да ағылшын тілін жетік білуі көп көмектескен. «Балапанда» Валерий Сибагатулин және Константин Елисеев сынды тәлімгерлердің тәрбиесінен өткен Екатерина 2017 жылы бір қозғалтқышты ұшақтың ұшқыш-инструкторы рейтингін алып, 2018 жылы Qazaq Air әуе компаниясына қызметке орналасты.

ЕЛУ ҰШҚЫШ ЖӘНЕ ЕРКЕ ЕКАТЕРИНА

«Мен жұмысқа кіріскенде жаз мезгілі болатын. Ал оған дейінгі сынақтар мен әңгімелесулер ақпан айында басталған еді. Әрине, жауапкершілігі өте мол жұмыс болған соң, бәрін ыждағаттылықпен тексереді. Арнайы симуляторда ұшақ жүргізу қарым-қабілетім, теориялық және тіл білуім – бәріне аса мән береді. Ол дұрыс. Өйткені, біздің жұмыста қателікке орын жоқ. Тіпті, санаулы секундтарда шұғыл шешім қабылдау қажет жағдайлар болады. Ол шешім әрі ең дұрыс шешім болуы тиіс», – дейді Екатерина.

Бұл үшін ұшқыш әр сапар алдында өзін-өзі физикалық, психологиялық тұрғыда дайындауы тиіс. Бұл тұрғыда Екатерина өз мамандығын дәрігерлердікіне ұқсатады. «Екі салада да «бәрін оқып, меңгеріп болдым» деген түсінік жоқ. Үнемі оқып, біліктілігіңді арттырып отыруға тиіссің» деп түсіндіреді ол.

Бір жақсысы, Екатеринаның оқу мен ізденістен жалыққан кезі жоқ. Бәріне уақыт табуға тырысады. Міндетті оқу шараларынан бөлек, техникалық әдебиеттерді оқығанды жаны сүйеді. Одан босаса, сурет салып, йогамен шұғылданады, суда жүзеді. Компания кеңсесі Алматыда орналасқан кезеңде біраз уақыт шаңғы тебумен әуестенгені бар. Алайда, авиацияға келуіне себеп болған парашют спортынан қол үзуге мәжбүр. Өйткені, бұл спорт түрінде жарақат алу қаупі басым. Ал ұшқыш карьерасын жасау үшін бұған жол жоқ.

Сол үшін де Qazaq Air әуе компаниясындағы елу үшқыш арасында Екатерина ерке қыз боп жүргенді ұнатады. Әрине, еркелігі қолға штурвал тигенге дейін ғана...

Әуе компаниясында қызмет еткен екі жылда Екатерина мол тәжірибе жинады. Әбден ысылып, білім-білігі толысты. Компания Қазақстан ішінде жолаушылар тасымалдайтындықтан, сағат белдеулерінің ауысуынан шаршау қаупі жоқ. Дегенмен, мезгілсіз, түнгі рейстер маза қашыратыны бар. Бірақ, Екатерина бұған да бейімделіп үлгеріпті.

«Сергу үшін кофеден көмек күтпеймін, дұрысы маршрут алдында дұрыстап ұйықтап, тынығып алған әлдеқайда тиімді», – дейді ол.

«СТЕРЕОТИПТЕРГЕ МӘН БЕРМЕЙМІН»

Екатерина ерлер әуес спортпен шұғылданып, әдетте ерлер қызығатын қызмет атқаратындықтан, айналасында түрлі стереотиптердің болатыны белгілі. Бірақ, ара-тұра жолаушылар не бөгде адамдардың артық сөз айтып қалатыны болмаса, Екатеринаның туған-туыстары, достары, әріптестері оның таңдаған мамандығы мен өмір жолын қолдайды.

«Бұл жағынан жолым болды деп ойлаймын. Өйткені, әрдайым жаңа ортаға барғанда, таныс емес адамдар алғашқыда таңданыспен қарайды. Алайда, қолдап-қуаттаушылар көбірек табылады», – дейді ұшқыш кейіпкеріміз.

Әрине, ұшқыштардың бірі қыз бала екенін естігенде, жолаушыларда таңданыспен бірге қорқыныш та болатыны жасырын емес. Қанша айтқанмен, қоғамда әйелжүргізушілерге қатысты стереотип аз емес. Бірақ, мұндай стереотиптерге Екатеринаның өзі мән бермейді.

«Мен өзімді қызметтегі және былайғы өмірдегі Екатерина деп бөліп қарамаймын. Өйткені, авиация сенің болмысыңды өзгертпей қоймайды. Өз-өзіңе тәртіппен қарау, салқынқандылық, тез шешім қабылдау – мұның бәрі менің тек қызметтегі емес, күнделікті өмірдегі де болмысым», – дейді Екатерина.

Міне, табандылық пен еңбексүйгіштігінің арқасында Екатерина QAZAQ AIR әуе компаниясының ең абыройлы қызметкерлерінің біріне айналған. Ендігі мақсаты – бірінші ұшқыш, яғни, борт командирі атану. Бұл үшін тағы да тәжірибе мен білім жинауы қажет. Бұған Екатерина тастүйін дайын.

Еще больше новостей на нашем telegram-канале , подписывайся и будь в курсе!
АРХИВ ЖУРНАЛОВ SKNEWS

Смотрите также

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Астана, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: