Хотите получать уведомления в браузере о последних изменениях на сайте SKNEWS.kz
Көліктің қай түрінде де жолаушылар үшін жылдамдық пен жайлылық бірінші орында қарастырылуы керек. Қазақстанда 2012 жылдан бастап ТМД бойынша баламасы жоқ «Тұлпар-Тальго» зауыты жүрдек жолаушылар пойызына вагондар шығара бастады. Бүгінде елімізде 25 жолаушылар пойызы «Тальго» вагондарымен жабдықталған. Жолаушылар тасымалы паркін жаңартып- жаңғыртуда үлесі басым жүрдек пойыздардың бүгіні мен болашағы туралы «Жолаушылар тасымалы» АҚ – «Экспресс» филиалының сервистік қызмет көрсету бөлімінің бастығы Сұлтан Сырлыбаевтан сұхбат алған едік.
– Бүгінде Қазақстан бойынша «Тальго» пойыздарының және вагондарының жалпы саны қанша? Жолаушылар қандай бағдарлар бойынша діттеген жеріне жылдам жетуге мүмкіндік алған?
– Қазақстан теміржолында 15 бағытта жүретін пойыздарда 668 жүрдек вагон бар. Олар – «Алматы-2-Шымкент», «Алматы-2-Петропавл», «Алматы-2-Павлодар», «Алматы-Орал», «Нұр-Сұлтан-Нұрлы жол-Алматы-2», «Нұр-Сұлтан-Нұрлы жол-Өскемен», «Нұр-Сұлтан-Нұрлы жол-Шымкент», «Алматы-Атырау», «Алматы-Нұр-Сұлтан-Нұрлы жол», «Алматы-Түркістан», «Нұр-Сұлтан-Нұрлы жол-Атырау», «Нұр-Сұлтан-Нұрлы жол-Орал», «Алматы-Өскемен» пойыздары. Олардың әрқайсысы бірнеше құрамнан тұрады.
– Тальго пойыздарын рейске дайындау процесінде ерекшелік бар ма? Сумен, жылу, жарықпен қатамасыз ету, төсек-орны, тазалығы, жөндеу жұмыстары қалай жүзеге асырылады?
– Біздің мақсатымыз – әрбір клиенттің өтініш-тілегіне құлақ түру, олардың сұранысын білу және қызметімізді солардың қажеттіліктеріне орай қайта бағдарлау. Компанияның клиентке бағдарлану ұстанымы осыны талап етеді. Тұлпар-Тальго пойызы жайлылық пен жылдамдық кепілі болуы керек. Әрине, әр рейс алдында пойыз құрамына техникалық қызмет көрсетіледі. Вагондарға техникалық қызмет және жөндеу жұмыстарын келісімшарт бойынша испаниялық «Patentes Talgo SL» компаниясы атқарады.Сервистік қызмет сапасын арттыру мақсатында екі стандарт әзірленді: бірінші, жолаушылар пойыздарын санитарлық-гигиеналық құралдармен жабдықтау мен ішкі клининг, екіншісі жолаушылар пойыздарын жабдықтау.
– Жол үстінде жолаушылардың қауіпсіздігі қалай қамтамасыз етілген?
– Тасымалдау процесіне қатысушылар, теміржол көлігінің көмекші қызметтері қозғалыс қауіпсіздігі бойынша бірқатар міндеттеме алады. Атап айтқанда, ҚР Көлік және коммуникация министрінің 2010 жылғы 20 қыркүйектегі №424 бұйрығымен бекітілген Теміржол көлігі қызметкерлері лауазымдарының тізімдемесіне және оларға қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес кадрларды жасақтау мен орналастыру. Екінші, пойыздар қозғалысымен байла- нысты қызметтерге үміткерлерді кәсіби іріктеу. Еңбек тәртібін нығайтып, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР Кодексінің 86-бабына және денсаулық сақтау саласындағы ҚР-ның өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес қызметкерлерді мерзімді медициналық тексеруден өткізу. Сондай-ақ локомотив бригадаларын және пойыздар қозғалысымен тікелей байланысты қызметкерлерді ауысым алдында міндетті медициналық тексерулерден өткізу. Жаңа техниканың, технологиялардың және менеджмент құралдарының енгізілуін ескере отырып, теміржол көлігінің негізгі кәсіптерінің қызметкерлерін кәсіби дайындау, оқыту, біліктілігін арттыру жүйесін жетілдіру. Сонымен қатар теміржол көлігіндегі қозғалыс қауіпсіздігін бұзу тәуекелдеріне әкеп соғатын стандартты емес жағдайлардағы іс-қимылдардың тәжірибелік дағдыларын жетілдіру. Локомотив бригадаларын және пойыздар қозғалысымен байланысты қызметкерлердің осы қағидаларды, Теміржол көлігін техникалық пайдалану қағидаларын, Темір жол көлігіндегі сигнализация туралы нұсқаулығын, пойыздар- дың қозғалысы және теміржол көлігіндегі маневрлік жұмыс жөніндегі нұсқаулығын білуіне мерзімді тексерістер жүргізеді.
– Жол үстіндегі клининг процестері қалай жүзеге асырылады? «Тальго» пойыздары жолсеріктерінің еңбек жағдайы қалай жасалған? Жалпы осы пойыздарға жолсеріктерді жұмысқа қабылдауда ерекше талаптар бола ма?
– «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамы мен оның еңбек ұжымы арасында ұжымдық шарт бар. Жолсерікке, біріншіден, жоғары немесе арнайы орта білімінен бөлек жолсерік курсын бітіргенін растайтын құжаты мен сертификаты қажет. Қазақша, орысша тіл біліп және ағылшыншадан хабары болуы керек. Жас шамасы 35 жасқа дейінгі ер немесе әйел адамдар жұмысқа қабылданады. Олардан ұқыптылық пен еңбекқорлық, сыпайылық және әртүрлі санаттағы адамдармен жұмыс жасай білу қабілеті жоғары болуы талап етіледі. Жолаушыларды пойызға мінгізу және түсіру кезінде техникалық қауіпсіздік шараларын сақтауы, мобильді терминалмен жұмыс істей білуі, тасымалдау ережелерін және вагондардың санитарлық жағдайын сақтай алуы назарға алынады.
– Тальго пойыздарының жылдамдық шегі қандай? Жалпы, Қазақстан жолдары оған қаншалықты дайын?
– Қазіргі уақытта екі «Tұлпар-Тalgo» пойызы жоғары жылдамдық санатында жүреді, бұл №701/702 «Нұр-Сұлтан-Нұрлы жол-Алматы» және №712/711 «Нұр-Сұлтан-Нұрлы жол-Шымкент» пойыздары, мұнда пойыздардың қозғалыс жыл- дамдығы сағатына 140 км. Теміржол учаскелерінің өткізу қабілеттілігіне қолданыстағы шектеулерді ескере отырып, 13 жұп пойыз жылдамдық санаты бойынша жүреді. Тасымалдау процесінің тиімділігі мен бағдар жылдамдығын арттыру мақсатында Компанияның құрылымдық бөлімшелері теміржолдарды сауықтыру бағытында кешенді жұмыс атқаруда. Осы жұмыстар аяқталғаннан кейін Тальго пойыздарының бағдар жылдамдығын айтарлықтай өсіру мүмкін болады.
– Алдағы уақытта «Тальго» вагондарының санын арттыру мүмкіндігі бар ма?
– 2021 жылдың желтоқсан айында «Тұлпар-Тальго» зауытынан 62 жаңа вагон аламыз деп жоспарлап отырмыз. Алдағы уақытта сол вагондардан Маңғыстауға елорда мен Алматыдан жүрдек пойыз ашу көзделіп отыр.
Автор: Райхан Рахметова
Дереккөз: Қазақстан теміржолшысы