Главная Новости «Сұлулықты өз қолымызбен жасадық»
08 маусым 2022, 10:40 1171

«Сұлулықты өз қолымызбен жасадық»

«Сұлулықты өз қолымызбен жасадық»

Мұнайлы өлкенің қазыналы қазанын қайнатып, өңір экономикасын өркендетуге бір кісідей үлес қосып жүрген Оразбибі Оразғалиева әуел бастан-ақ осы салаға бет бұрып, ата-анасының ақ батасын алған жан. Оразбибінің мұнайшы болуын анасы қалаған екен. Анасының ақыл-кеңесі мен тілек-ниеті жеткізді ме, ол бүгінде өндірісте өнімді еңбек етіп жүрген майталман мұнайшы.

Оразбибі Оразғалиева 1969 жылы Жетібай кентінде туып өсті. Орта мектепті 1986 жылы тәмамдап, Өзен техникумына оқуға түседі. Анасы өзі сынды талдырмаш қыздардың ауыр жұмыстарды еңсеріп жүргенін көріп таңырқап, өз қызының да осы мұнай саласында қызмет еткенін жөн көрген екен.

«Сония деген кішкентай қыз бар, үнемі темір-терсек арқалап жүреді. Көп ақша табады» дейтін. «Мама, мен де көп ақша тауып сізді бағамын» дейтінмін. Анамның көзі тірі, қазір 84 жаста, – дейді Оразбибі Әлібайқызы.

Оқуын ойдағыдай аяқтаған соң ол 1989 жылы «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясына жұмысқа орналасты. Жұмысқа алғаш қосылған кезде жол сілтеп, бағыт-бағдар берген Сағидолла Бижанов сынды басшыларын әлі күнге құрметпен еске алады. Жылдар өте тәжірибе жинап, ысылған маман 2001 жылы газ дайындау, тасымалдау және газ шаруашылығын пайдалану цехына ауысады.

«Жасыратыны жоқ, тәжірибеміз аз, көп жұмысты шеберлер үйретті. Газдың қалай келіп, қалай тасымалданатынын тәптіштеп түсіндірді. Цех біз келгенде кішкентай еді, түнгі ауысымда қорқақсоқтап қалатын едік. Бүгінде Әлия Жылқыбаева, Райхан Ұзақбайқызы секілді әріптестеріммен қоян-қолтық жұмыс жасап келеміз. Ұжымымыз – ұйымшыл. Ұңғымалар арқылы келген газды буферлік қазандықтарға жинаймыз. Сүзгіш сепараторлар арқылы майын, суын бөліп, ілеспе таза газды газ өңдеу зауытына жібереміз. Артық конденсат, су, майын үрлеп арнайы дренажбен сыртқа шығарамыз. Қырыққа жуық адам жұмыс істейтін цехта кілең қыз-келіншекпіз», – дейді еңбек адамы.

Оразбибі апа – еңбектің ешбірінен бас тартпайтын қайсар жан. Ол басқармада бағбан да, балабақшада тәрбиеші де болған екен. «Жастықтың жалыны шығар, кез-келген жұмысты жатырқамай істедік. Қолымда ата-енем болды, үлкен әулетке келін болдым. Шаршау дегенді білмейтін едік», - дейді ол.

Осы өндіріске алғаш келгенде, жан-жағы топырақ үйіліп, қараусыз қалған жер еді деп еске алады. Әйелі бар үйдің түтіні түзу шығатыны, әйел жүрген жердің бірлігі бекем, әйелдің қолы тиген жердің жердің әсем болатыны рас қой. Аздаған уақыт ішінде өндірістің де өңін кіргізген осы қыз-келіншектер екен.

«Ескі вагондарда түнедік. Сыры кеткен әппақ шәугін көз алдымда. Өңі кетіп, мүжілген жұпынылау шкафтар болды. Әдемілікті өз қолымызбен жасадық. Трактор шақыртып топырақты жинатып, айналасын айнадай қылдық. Кейін алма ағаштарын сатып алып, егіп, мейлінше күтіп-баптадық. Көп күттірмей, роза гүлдері жайқалып цехқа келген кез-келген жанның назарын аударатын болды. Сортаңға шыққан бұл жердің гүлі де әсем, жемісі де бал татиды», – дейді еңбек адамы.

Газ цехы тәжірибемен қатар, қатаң тәртіпті талап етеді. Қауіпсіздік техникасынан қателік жіберуге болмайтыны белгілі. Оразбибі апа әрдайым жауапкершілік жоқ жерде жұмыс жүрмейді деп біледі.

«Алдымен жұмысқа деген ынта-ықыласың болса, кез-келген қиындықты жымиып жүріп еңсересің. Екінші отбасымдай, екінші шаңырағымдай болған жұмысымды жанымдай жақсы көремін. Жолдасым өмірден озса да, төрт құбыламды түгендеген төрт ұлыммен, келіндеріммен, немерелеріммен өмірім ғажапқа, қуанышқа толы. Бақытты анамын», – деген жанға жақсылық тілеп қоштастық.

Дереккөз: «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ баспасз қызметі

Еще больше новостей на нашем telegram-канале , подписывайся и будь в курсе!
АРХИВ ЖУРНАЛОВ SKNEWS

Смотрите также

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Астана, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: