Главная Новости Талабы мен тәжірибесі ұштасқан білікті геолог
05 сәуір 2021, 10:31 1000

Талабы мен тәжірибесі ұштасқан білікті геолог

Талабы мен тәжірибесі ұштасқан білікті геолог

Бауыржан Исатаев – «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасына қарасты қабат қысымын ұстау цехының білікті геологы. Жұмысқа араласқанына 13 жылға жуық уақыт болды. Осы аралықта өз ортасынан дара танылып, мансабы өсті, талабы мен тәжірибесі молайды.

2009-2012 жылдар аралығында Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ Мемлекеттік техникалық университетінде «мұнай және газ ісі» мамандығын меңгеріп, кейіннен Ақтау қаласында Шахмардан Есенов атындағы Каспий Мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінде пайдалы қазбалар кен орындарын барлау мен іздеу геологиясының магистратурасында тәлім алды.

Жас маман еңбек жолын 2008 жылы «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасында, Ғылыми зерттеу және өндірістік жұмыстар цехында ІІІ дәрежелі оператор болып бастап, аз уақыт ішінде зертхана жетекшісі, «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасының № 1, 2, 3 Мұнай-газ өндіру цех басшыларының геология жөніндегі орынбасары, геология және кенорындарды игеру департаментінде жетекші геолог секілді еңбек баспалдақтарынан өтті. Бүгінгі таңда Бауыржан Құнанбайұлы қабат қысымын ұстау цехы бастығының геология жөніндегі орынбасары болып жұмыс жасайды.

«Мақсатым ерінбей еңбек етіп, компаниямыздың дамуына, еліміздің өсіп-өркендеуіне үлес қоса алатын білімді де білікті, қазіргі заман талабына сай маман иесі болу. Ал өзім қызмет ететін цехта 104 жұмысшы еңбек етеді. Бар күш-жігерімізді жоспарды ойдағыдай орындап, өз мақсат-міндеттерімізді мүлтіксіз атқару», – дейді жас маман.

Еткен еңбек еш кетпейтіні анық қой. Төл компаниясының мұнай-газ кешенін дамытудағы атқарған абыройлы еңбегі үшін Алғысы мен Құрмет грамотасы білікті маманның бірнеше рет мерейін үстем еткені тағы бар.

Әкесі Исатаев Құнанбай ұзақ жыл құрылыс саласында жетекші инженер болып қызмет жасаса, анасы Тойкүл Исатаева 4 баласының болашағы үшін бағыт-бағдар беріп, әрбір жетістігі мен жеңісіне тілеулес болды. Бүгінде екеуі де құрметті еңбек демалысында.

«Отбасымызда менен өзге мұнайшы жоқ. Жұбайым Арайлым Серікбаева Ақтау қаласындағы «Сенім» емханасында дәрігер. Жұмыстан шаршап келгенде құшағыңа кеп құлай кететін үш қызыммен сән-салтанатым жарасып-ақ тұр», – дейді ол.

Қазақта «маңдайы терлемегеннің қазаны қайнамайды» деген жақсы сөз бар. Істің көзін, еңбектің ебін тауып, қазыналы аймақтың қара алтынын халық игілігіне жаратуда Бауыржан секілді жас мамандардың еселі еңбегі дәлел бола алады.

Еще больше новостей на нашем telegram-канале , подписывайся и будь в курсе!
АРХИВ ЖУРНАЛОВ SKNEWS

Смотрите также

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Астана, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: