Хотите получать уведомления в браузере о последних изменениях на сайте SKNEWS.kz
Биыл Маңғыстау қосалқы бөліміне қарасты бірнеше нысан ағымдағы жөндеуден өткізілуде. Күзгі байқау кезінде осы аталған объектілерді де аралаған комиссия мүшелері жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысын бақылап, жөндеуді қазан айының соңына дейін аяқтауды тапсырды.
Айта кетсек, Маңғыстау теміржолында күзгі комиссиялық байқау қыркүйектің 12-нен басталған болатын. Әдеттегіше биыл да байқау жүргізетін комиссия мүшелері алдын ала бекітіліп, аралайтын нысандардың тізімі жасақталды. Комиссия құрамы 11 қыркүйек күні Маңғыстау станциясынан биылғы байқаудың алғашқы бағыты Болашақ-Маңғыстау теліміне жол тартқан. Маңғыстау қосалқы бөлімінің бастығы Нәжімеден Ғұбашов төрағалық ететін комиссияның құрамында сала кәсіподағы мен теміржолдың түрлі саласынан елуден астам адам бар. Олар алғашқы күндері Болашақ – Өзен, Өзен – Болашақ станциялары аралығындағы нысандарды аралады. Шаруашылықты жіті тексеріп, кем-кетігін қарады, қысқа дайындық барысын сарапқа салды. Әрі қарай Маңғыстау – Құлсары бағытына ауысып, осындай жұмыстар Құлсары – Бейнеу, Бейнеу – Тассай, Бейнеу – Оазис телімдерінде жалғасты.
– Күзгі байқау барысында темір жолдардың, ғимараттардың, жылу қазандықтарының, техника мен көліктердің, байланыс, электр мен СОБ құрылғыларының жай-күйіне, жұмысшылардың еңбек жағдайларына тексерістер жүргізіліп, табылған кемшіліктер бойынша сала басшыларына тапсырма берілді. Оған қоса, «Теміржолсу-Маңғыстау» мекемесі ағымдағы жөндеу жүргізіп жатқан 6 ғимараттың жай-күйі қаралды. Жұмыстарды жылдамдатып, қазан айының соңына дейін толық бітіру туралы мердігер мекемеге міндеттелді. Олар – Бейнеу ПТО ғимараты, Маңғыстау станциясындағы тауар кассасы, Маңғыстау күзет паркі, Сай-Өтестегі локомотив бригадаларының демалыс үйі, Маңғыстау локомотив депосының АБК ғимараты, Өзен станциясында техникалық қызмет көрсету пунктінің жуынатын бөлмесі, – дейді Маңғыстау қосалқы бөлімінің өндірістік бөлім басшысы Нұркен Қосымов.
Жалпы, түбек теміржолындағы күзгі байқау жұмыстары жоспарға сай, белгіленген тәртіппен жүргізілуде. Ол 2 қазанға дейін жалғасады. Әрі қарай тіркелген кемшіліктер сараланып, оны жою шаралары алынатын болады.