Главная Новости «Теміржолсу» АҚ бас директорының орынбасары Мейрамбек Ноғаев: «Кәрі құданың» қатал сынағына дайынбыз
11 желтоқсан 2023, 15:00 614

«Теміржолсу» АҚ бас директорының орынбасары Мейрамбек Ноғаев: «Кәрі құданың» қатал сынағына дайынбыз

«Теміржолсу» АҚ бас директорының орынбасары Мейрамбек Ноғаев: «Кәрі құданың» қатал сынағына дайынбыз Фото: Александр Жабчук

Теміржолшылардың қатал маусымға қаншалықты дайындықпен келгенін айқындап беретін қыстың қатал сыншы екені рас. Біз компанияның еншілес ұйымдарының бірі «Теміржолсу» АҚ бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Мейрамбек Ноғаевты әңгімеге тартып, кәсіпорынның қыс маусымына қалай қамданыс жасап, әзірлік іс-шараларын өткізгені жайлы білген едік.

– Мейрамбек Нағыметұлы, «Теміржолсу» АҚ-ның қызмет көрсету нысандарына тоқталып өтсеңіз?    

– «Теміржолсу» АҚ – Ұлттық компанияның ірі және маңызды қызмет көрсететін еншілес ұйымдарының бірі. Біздің ел өңірлерінде 11 еншілес мекемеміз бар. Олар табиғи монополиялар субъектілері ретінде теміржол станциялары мен разъездеріне су және жылумен жабдықтау қызметтерін көрсетеді. Қазақстанда 267 теміржол пункті бар. Еншілес ұйымның жекеменшік активтеріне келсек, олар 969,72 км су құбыры желілері;141,358 км кәріз желілері; 140 су мұнарасы; 184 су сору станциясы; 50 канализациялық сорғы станциясы; 271 артезиан ұңғымасы және 46,14 шақырым жылу желілері. Сонымен қатар «ҚТЖ» ҰК» АҚ филиалдарының, яғни 390 станция-разъезді су-жылумен жабдықтау және кәріз нысандарына тұрақты түрде техникалық қызмет көрсетеді.  

– Қыстың қатал сынағынан сүрінбей өтуге теміржолшылар әдетте қамданысты ерте бастайды. Сіздер де біраз шаруаның басын жазда қайырған шығарсыздар?

– Әлбетте. Қыс шанасын жаз сайлайтын теміржолшылардың бұрыннан келе жатқан дәстүрі. «ҚТЖ» ҰК» АҚ құрылымдық бөлімшелері мен оның еншілес ұйымдарының қыс маусымына әзірлігін ұйымдастыру, көктемгі және күзгі байқауларды өткізу» бұйрығына сәйкес біраз шаруа тындырылды.

Айталық, қазандықтар және жылу желілері шайып-жуудан, гидравликалық сынақтан өткізілді. Объектілердің ішкі жылу жүйелерінің дайындығы бойынша тұтынушылармен жұмыс жүргізіліп, барлық қазандық шаруашылықтарында жөндеу жұмыстары жүзеге асырылды. Сонымен қатар жылу магистральдарының жылу оқшаулағыштары неғұрлым жетілдірілген оқшаулағыш материалдармен ауыстырылды, оларды пайдалану жылу магистральдары арқылы тұтынушыларға жылуды тасымалдау кезінде шығындарды азайтады. Қыс маусымына тек нысандарды ғана емес, қызметкерлерді де дайындаймыз. Биыл да сол дәстүрімізден жаңылмай, жұмысшыларды қысқы арнайы киім және жеке қорғану құралдарымен қамтамасыз еттік. Сондай-ақ қыс маусымында бірінші рет жұмысқа түскелі отырған 69 адамды еңбек қорғау және қауіпсіздік техникасын сақтау әдіс-тәсілдеріне үйреттік. Әрине олар тәжірибелі мамандарға бекітілді. Бүгінде қысқа жоспарланған дайындық жұмыстары толық орындалып, қазандықтар түгел іске қосылды, жылу беру жүйесі штаттық режимде жұмыс істеп тұр.

– Білуімізше, Теміржолсуға теміржол мекемелерімен қатар теміржолшыларға көмір жеткізіп беру міндеті де жүктелген. Бұл шаруаның орындалу барысы қалай?  

– Иә, біздің мекеме «ҚТЖ» ҰК» АҚ құрылымдық бөлімшелерін техникалық және тұрмыстық көмірмен қамтамасыз етеді. Биыл техникалық және тұрмыстық қажеттіліктерге жеткізілетін көмір көлемі 80077 тоннаны құрап отыр. Тұрмыстық көмір Шұбаркөл кеніштерінен тасымалданады. Қазіргі уақытта теміржолшыларға қажет 20 225 тонна көлеміндегі тұрмыстық көмір толық көлемде жеткізіліп берілді. Техникалық қажеттіліктерге 59852 тонна жеткізу жоспарланса, нақты жеткізілім бүгінгі күні 50922 тоннаны (85%) құрайды. Көмірді одан әрі жеткізу жылыту маусымының соңына дейін берілген өтінімдер бойынша жүзеге асырылады.

Тағы бір атап өтерлігі, есіңізде болар, өткен жылдың желтоқсанында Екібастұз ЖЭО-да апаттық жағдай орын алып, жылу беру тоқтатылды. Соның салдарынан бүкіл қала жылусыз қалып, облыс көлемінде төтенше жағдай болды. Біз осындай жағдайларды болдырмау үшін «ҚТЖ» ҰК» АҚ филиалының 16 кәсіпорнында 28 резервтік электр қазандығын орнату жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Соынмен қатар «Теміржолсу» АҚ тарапынан теміржол мекемелерінің ғимараттарына жөндеу жұмыстары да жүргізіледі. Мәселен, Магистральдық желі дирекциясы бойынша Достық станциясындағы 8 шағын ауданында ұзындығы 5,128 км жерасты инженерлік желілеріне ағымдық жөндеу жұмыстары жүргізілді. Достық станциясының Бушра шағын ауданындағы 12 тұрғын үйдің ұзындығы 4,8 шақырым ішкі желілер жөнделді, сондай-ақ 200-ден астам объектіде қызметкерлердің жағдайын жақсарту мақсатында ғимараттар мен үй-жайлар ағымдық жөндеуден өтті. Ал «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС бойынша 100-ден астам нысанда, оның ішінде 25 локомотив бригадасының демалыс үйінде ғимараттар мен үй-жайлар жөнделді. Мұның бәрі еңбеккерлердің еңбек жағдайын жақсартуға бағытталып отыр және мұндай шаруалар келесі жылы да жалғаспақ.  

Сұлугүл Бакесова

Дереккөз: "Қазақстан теміржолшысы"

Еще больше новостей на нашем telegram-канале , подписывайся и будь в курсе!
АРХИВ ЖУРНАЛОВ SKNEWS

Смотрите также

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Астана, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: