Хотите получать уведомления в браузере о последних изменениях на сайте SKNEWS.kz
Төтенше жағдай кезінде Қазақстанның теңіз порттары штаттық режімде жұмыс істеп тұр. Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында Ақтау және Құрық теңіз порттары арқылы 1,6 млн. тоннадан астам жүк тасымалданды.
Осы кезеңде Құрық портында шамамен 1700 жүк көлігі ауыстырып тиелді, бұл 2019 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 31% артық.
Сондай-ақ, жыл басынан бері теңіз порттары арқылы шамамен 6 400 контейнер тасымалданды.
Оның 50%-дан астамы Ақтау-Баку фидер желісі және әрі қарай Транскаспий бағытымен тасымалданды.
Өткен жылы Қазақстанның теңіз порттары арқылы жалпы 6 млн. тонна жүк тасымалданған еді, оның ішінде 2,2 млн. тонна мұнай, 2,5 млн. тонна құрғақ жүк және 1,4 млн. тонна паром жүктері. Жалпы навигациялық маусымның ашылуы су жолдарының учаскелеріне байланысты 1 сәуір мен 12 мамыр аралығында жүргізіледі.
Осы маусымды уақытында ашу үшін биыл 1-тоқсанда дайындық жұмыстары жасалды. Атап айтқанда, 3814 навигациялық белгі, 3 кеме өткізетін шлюз және 147 техникалық флот кемесі әзірленіп, жөнделді. Қазақстанда навигациялық маусым мерзімі орташа алғанда 196 тәулікті құрайды. Елімізде өзендердегі кеме қатынасы Ертіс, Орал-Каспий және Іле-Балқаш бассейндерінде жүзеге асырылады. Бүгінгі таңда бұл салада 14 мыңға тарта адам еңбек етеді.
"Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасы аясында кеме өткізетін шлюздерді күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл шара апаттар санын 10,3% азайтуға және өткізу қабілетін жылына 350 кемеге дейін жеткізуге мүмкіндік береді.
Биылғы І тоқсанның қорытындысы бойынша елімізде су көлігінде бірде-бір көлік оқиғасы тіркелген жоқ. Көліктік бақылау органдары биылғы алғашқы үш айда Қазақстанның теңіз порттарына кірген теңіз кемелеріне 42 тексеру жүргізді. Тексеру қорытындысы бойынша 9 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, 137 858 мың теңге айыппұл салынды.
Сондай-ақ, аумақтық көліктік бақылау инспекциялары ішкі су көлігі кемелерінің командалық құрамының 39 тұлғасына диплом берді.
Бұл кезеңде ішкі су көлігі кемелерін, шағын көлемді кемелерді қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз етуді бақылау, сондай-ақ кеме қатынасы су жолдарын тексеру жүргізілген жоқ.
«Қазақстан теміржолшысы»