Главная Новости Тоқтар Әубәкіров: «Нағыз бақыт – білімде»
06 мамыр 2019, 08:29 3608

Тоқтар Әубәкіров: «Нағыз бақыт – білімде»

Тоқтар Әубәкіров: «Нағыз бақыт – білімде»

Нұр-Сұлтан қаласында өткен халықаралық HR-конференциясының ашылу салтанатына қатысқан Халық қаһарманы, қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтің сөзі жиналғандарға айрықша шабыт сыйлап, дүр сілкіндірді.

«Міне, Самұрық-Қазынаның шаңырағында 14-ші халықаралық конференция өтіп жатыр. Аты да ерекше – «Бақытты ұйымдастыру». Маған шығып, осындай атаумен шара болады дегенде, бірден көп ойланбастан келісімімді бердім.

Неге десеңіздер, бақыт әркімге керек. Адам баласы туғаннан бақытты іздейді, кез-келген жаста бақытты болғанды жан-тәнімен қалайды. Бақ құсын қолына берік ұстай білген жан, өмірдің де тәтті дәмін сезетіні анық», - деп ойын жеткізді елдің ыстық ықыласына мәңгіге бөленген тұлға.  

Тоқтар Оңғарбайұлының жастарға айтары сол, өскелең ұрпақ бақытты өздері ұйымдастырулары қажет. Ол үшін алға мақсат қоюдың маңызы зор. Ал биік белестерді бағындыруда, аға буын өкілінің пікірінше, көп оқудың орны ерекше. Небір күрделі технология қарыштап дамыған қазіргі уақытта білімсіз үлкен шыңға жету мүмкін емес.

Ал шынайы бақытты иелену оңайға соқпайды. Мәселен, кәсіпорын немесе компанияда басшылыққа мансапқа ұмтылсаң, ұжым мүшелерінің барлығының бақытты болуы кәсіби өсімге тікелей ықпал ететіні хақ.

Бұл дегеніңіз, еңбек адамы жұмысқа асығып, құштарлықпен бет алғаны абзал. Алайда жауапкершілік баршаға ортақ, басшы мен оның қарамағындағы бірдей міндетті болуы тиіс.

Белгілі бір телім сеніп тапсырылды ма, білек сыбана кіріс, жоғары шеберлік таныт. Күш-жігерді өндіріс пен отбасыға дұрыс жіктей біл.

Өмір бойы оқудан қайтпаған ләзім. Көкірегі қазына ересектерден, көршіден, дос пен әріптестен күні-түні үйренуден жиренбе. Замандастар көшінен кешеуілдеме. Күнделікті қасыңнан тастамайтын планшет, смартфонды игілікке пайдалан.

Әсіресе қарақан басыңды асырап жатқан мамандығыңа адал бол, қазбалаудан тоқтама, талпын.  

«Мәселен өз өмірімнен келтірсем, ғарыштан оралғанымда журналист «Сіз өзіңізді бақытты санайсыз ба?» деп сұрақ қойып, «Әрине» деген жауапты естіді.

Өйткені оған дейін 30 жыл жұмысқа қуана баратынмын, демалыс дүйсенбі күнін тосатынмын. Бара сала ұшағымды еркеле сипап, мауқымды басамын. Сынақшы-ұшқыштың міндеті ауыр, қаншама жолдасым сапардан қайта алмады. Менің аман қалуымның бір себебі сонда шығар, бақытыма қарай оқуды еш үзбедім. Ұшудан тыйылғаннан кейін де кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғадым. Егде жастан артқа көз салғанда түйген өсиетім – Жастар! Ұзаққа тұрақтайтын нағыз бақыт – білімде», - деп тоқетерін қайырды бүгінде «ҚТЖ» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының кеңесшісі.

***     

Үзік ойлар
- Қазір ұшып жүрсіз бе? Жойғыш ұшақтарда болмаса да, спорттық ұшақтарда мысалы?

- Міндетті түрде. Тек демалыс күндері ғана. Жұмыс пен түрлі шаруалар көп уақыт жұмсауды қажет етеді. Сондықтан қолым босамағандықтан, ондай шараларға қатыса да алмай қаламын.

- Жұмыс істегенді жақсы көресіз бе? Авиация мен ғарыш саласы болмағанда, баянды тағдырыңызда не таңдар едіңіз?

- Мен үнемі бірдеңемен шұғылданып, айналысқым келіп тұрады. Әр мамандықтың шырқау шегіне жетіп, биігінен қарай білген дұрыс деп санайтынмын. Сондықтан өзім ден қойған істің ыңғайын тауып, шын шебері болуға аянбай күш салдым. Мақтанып, асыра сілтегенім емес, бірақ та, токарь болып еңбек еткенде де, үздік маман ретінде алға оздым.

Сізге сынақшы-ұшқыш болғаныңыз өз алдына бір төбе сынды...

- Сынақшы-ұшқыштың мәртебесі ғарышкер-ұшқыштан еш кем емес.

Тек ғарышкер есімі жария ұсталса, сынақшылар жиі көлеңкеде қалып жатады.

Сынақшы бұл төл өнер иесі секілді, біз ең озық деген технологиялық әрі техникалық тұрғыда ұшақтарды дүниеге әкеліп, олар дүниежүзіндегі бейбітшілік пен тыныштықты сақтауға қалтқысыз қызмет етуде.

- Сіз ғарышкерлер көпшілік алдында жүреді дегенге келтірдіңіз. Атыңызға мектептер бергенге қалай қарайсыз және ол жақтарға барып тұрасыз ба?

- Бұл дұрыс та шығар. Себебі психологиялық-тәрбиелік мәні бар. Жастар мұндай мысалдарды көргенде, мен де арманыма қол жеткіземін деп бекінеді. Дегенмен Қазақстанның әр аймағында, шалғай елді мекендерде орналасқан бәріне бірдей ат шалдыру мүмкін емес. Ыңғайы келіп жатса, міндетте түрде соғуға талпынамын. Балалармен кездескенде, көздері шырадай жанып, ұл-қыздардың әңгімелерімді қызыға тыңдайтынын байқаймын. Балғындарға дұрыс үлгі бола білу керек.

- Сізде де біреулерді үлгі тұттыңыз ба?

-  Кітаптарды оқи отырып, өзім еліктейтін кейіпкерлердің құнды қасиеттерін ойыма тоқып, жаттап алатынмын. Қуаныштысы сол, соғыстан кейінгі жылдары Бигелдинов, Луганский, Әбдіров сынды нағыз батыр тұлғалар жайлы үзбей насихаттайтын. Сол жандарға еліктеудің арқасында, ұшқыш болуға бел байладым. Ал Талғат Жақыпбекұлы Бигелдиновпен жеке танысқан кезде, алып тұлғаның нағыз үлгі тұтатын жан екеніне көзім жетті.

- Ғарышта ешқашан ұмытылмастай әсер еткен жағдай болды ма? Сол бір кеше ғана болғандай қас-қағым сәт есіңізде ме?

- Көбісі енді көкке көтерілген уақытты айтып жатады. Менде болса, жерге қонғандағы шақ айрықша есте қалды. Жерге қайтқанда денсаулыққа қатты әсер етіп, ұшуды біржола ұмыттырмайтындай күрделі үдерістер жүреді. Соққының қатты болатыны сондай, есеңгіретіп тастайды. Міне сол қонар сәтте, жоғары кернеудегі электр тоғы сымының тым жақында екенін көрдім. Санамда суық ой зу етіп, құйқаны шымырлатып жіберді: «Жерге, үйге сонша қолсозымдай, аз қалғанда, сонау ғарыштан аман оралғанда опат болып кетеміз бе?». Дегенмен қырсық бізді айналып өтіп, сымға еш соқтықпадық. Бәлкім, бұл Құдайдың бізге үлкен сыйы болар.

Негізі, аңсаған азаттыққа енді қол жеткізгенде, ғарышқа ұшқанымды аса қастерлі санаймын. Ғарышқа ұшып бара жатып, тәуелсіз мемлекетке айналғанымызға көзім айқын жетті.

Алдаберген КЕМПІРБАЙ

Еще больше новостей на нашем telegram-канале , подписывайся и будь в курсе!
АРХИВ ЖУРНАЛОВ SKNEWS

Смотрите также

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Астана, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: