Хотите получать уведомления в браузере о последних изменениях на сайте SKNEWS.kz
Еліміздегі мұнай тасымалы бойынша ұлттық оператор болып табылатын «ҚазТрансОйл» АҚ құрылымдық бөлімшелері Қазақстанның он екі аймағында шоғырланған. Солардың бірі – Түркістан облысының аумағында орын тепкен Шымкент мұнай құбыры басқармасына қарасты «Шолаққорған» бас мұнай айдау станциясы (БМАС). Толассыз мұнай тасымалын қамтамасыз ететін өндірістік нысанның биыл құрылғанына 35 жыл толып отыр.
«Шолаққорған» БМАС-тың құрылу тарихы тереңнен тамыр тартады. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары Батыс Сібір мұнайын құбыр арқылы Шымкент, Чарджоу, Ферғана мұнай өңдеу зауыттарына тасымалдау күн тәртібіне қойылды. Бұл үшін 1975 жылы «Павлодар-Шымкент» магистральды мұнай құбырының құрылысы басталып, ол 1981 жылы аяқталды. Сол жылы бас мұнай айдау станциясының іргетасы да қалана бастады. Араға екі жыл салып, яғни аталмыш мұнай құбырының 1438 шақырымында 1983 жылы өндірістік нысан пайдалануға берілді. «Шолаққорған» станциясы іске қосылған жылы алғашқы мұнай шикізатын қабылдап, сол кездегі Шымкент мұнай өңдеу зауытына 14 наурызда жеткізіп берді. Берілген өндірістік тапсырмаларды мүлтіксіз орындап, толық қуатпен жұмыс істейтін станция араға 35 жыл уақыт салса да, жүктелген технологиялық режимнен ауытқыған емес.
Оңтүстік бағытта мұнай тасымалын жүзеге асырып, мұнай өңдеу зауытын шикізатпен қамтамасыз ететін станцияда 1985 жылы сыйымдылығы 40 мың текше метрді құрайтын резервуарлық парк пайдалануға берілді. Ал 1989 жылы жұмыс сенімділігін арттыру мақсатында шойыннан жасалған магистральды сорғылар болат сорғыларға ауыстырылды. Кейінгі жылдары да мұнай тасымалын жоспарға сәйкес атқару мақсатында магистральды сорғылар бірнеше мәрте күрделі жөндеулерден өткен. 2006 жылы бас мұнай айдау станциясы толықтай SCADA автоматтандырылған басқару жүйесіне көшірілді. Бұл кешенді шаруаны жүзеге асыру арқасында мұнай құбырларын тиімді бақылау және басқару, технологиялық шараларды уақытылы әрі сапалы орындау, басқа да түрлі техникалық шаруаларды жүзеге асыру жеңілдегенін атап өту ләзім. «Шолаққорған» БМАС бастығы Ермек Қасымқұловтың сөзіне қарағанда, станция отандық зауытты мұнай шикізатымен қамтамасыз ету мақсатын толық көлемде орындап келеді. Қазіргі күні станция құрамына «Павлодар-Шымкент» құбырының 1210-1489 шақырымы аралығына қызмет көрсететін апатты қалпына келтіру пункті мен электрохимиялық қорғаныс және әуе желісі енеді. Сол секілді өндіріске қажетті технологиялық және арнайы техникалармен жасақталған. Бүгінгі күні станцияда жетпістен астам адам еңбектенеді. Бір айта кетерлігі, мұнай құбыршылардың барлығы жергілікті тұрғындардан құралған. Бұл «ҚазТрансОйл» АҚ құрылымдық бөлімшесі қаншама шолаққорғандықтың үйінде шамдарының жарық жануына септігін тигізіп отыр деген сөз.
«Шолаққорған» БМАС Қазақстанның құбыр көлігі саласын дамытуға қосқан үлесімен құрметті орында. Мәселен, компания бойынша дәстүрлі түрде өткізілетін «Үздік станция» байқауында алғашқы үштіктен көрініп келеді. Ал 2005 жылы Қазақстан құбыр көлігінің 70 жылдығы қарсаңында станция ұжымы «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-тың «Үздік бригада» атағымен марапатталған. Бұл тұрғыда шеберлігі мен тәжірибесін өндіріске арнаған, күн сайынғы еңбегімен стратегиялық тапсырманы үздіксіз орындап жүрген құбыршы мамандарды айтпай кетуге болмас. Олардың арасында мемлекеттік наградалардың иелері де бар. «Шолаққорған» апатты қалпына келтіру пунктінің желілік құбыршысы Х. Жұмабаев Құрмет орденімен марапатталса, станция механигі Р. Құтжанның қажырлы еңбегі жоғары бағаланып, Тәуелсіздік күні қарсаңында жеңіл көліктің кілтіне ие болған. Ал электргазбен дәнекерлеуші Т. Құрманбеков ҚР «Ерен еңбегі үшін» медалін кеудесіне қадаған. Сонымен қатар ел Үкіметі, «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы, «ҚазТрансОйл» АҚ-тың түрлі жоғары марапаттарына ие болған мамандар жетерлік. Шымкент мұнай құбыры басқармасының ғана емес, жалпы «ҚазТрансОйл» компаниясының намысын биік тұғырға көтерген мамандардың есімі құрмет тақтасына лайық. Мәселен, желілік құбыршы М. Ердешов 2012 жылы ТМД елдерінің құбыр компанияларының үздік мамандарының басын қосқан халықаралық «Мамандығы бойынша таңдаулы» конкурсында жүзден жүйрік шығып, қанжығасына бірінші орынды байлаған болатын. Қазіргі күні «Шолаққорған» БМАС АҚП бөлімін басқарып, мұнай тасымалы саласында тер төгуде. Компания бойынша да ұйымдастырылатын мұндай шеберлік байқауларында жүлде алып жүргендер аз емес. Жалпы, өз еңбектерімен отандық мұнай тасымалы саласын дамытуға үлес қосып жүрген Т. Тілеубаев, Е. Жұмақов, С. Сыздықов, Н. Дартайұлы, Т. Құрманбеков, А. Игенбаев, Н. Серікбаев, Е.Ахмет, Ш. Ахатаев, С. Бекқұлы, А. Абжаппаров, Р. Нажимов, Қ. Қасымов және басқа да мамандардың еңбегі мен тәжірибесі өскелең ұрпаққа үлгі.
Айта кетерлігі «ҚазТрансОйл» АҚ өзінің құрылымдық бөлімшелері орналасқан аймақтардың экономикалық-әлеуметтік дамуын да ерекше назарда ұстайды. Мәселен, 2016 жылы мемлекеттік-жеке меншік әріптестік бағдарламасы аясында компанияның демеушілігімен Шолаққорған ауылында 280 орынға шақталған балабақша бой көтерді. Бұл аудандағы балабақшаға кезек мәселесін шешуге бастаған қарымды қадам болғаны айқын.
Шымкент мұнай құбыры басқармасының бастығы Бекайдар Мәреновтың айтуынша, «Шолаққорған» БМАС-қа жүктелген өндірістік міндет ауқымды. Ұйымшылдығымен ерекшеленген станция ұжымы өндірістегі жоспарлы жұмысты жоғары деңгейде орындап келеді және өндірістік қауіпсіздік, еңбекті және қоршаған ортаны қорғау ережелерін қатаң сақтауға берілген басымдықты төмендеткен емес. Алдағы күндері де алар асулары аласармасы анық.
Бейбіт БӨЖЕН